Билік карантин жарияланбаған қалалардағы сауда орындарының жұмысына рұқсат етті
Қазақстан үкіметі төтенше жағдай кезінде карантин енгізілмеген аймақтарда сауда орындары мен базарлардың жұмыс істеуіне рұқсат етті. Бұл шешімді Сауда және интеграция министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі бірігіп қабылдады.
Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 15 наурыздағы ел аумағында төтенше жағдай жариялау туралы бұйрығына өзгеріс енгізілген.
Өзгеріске сай, карантин жарияланған аймақтарда аумағы 2000 шаршы метрден кем емес сауда, ойын-сауық орталықтары, гипермаркеттер, сауда үйлері, базарлар төтенше жағдай уақытында таңғы сағат оннан кешкі алтыға дейін жұмыс істейді. Тамақ сатпайтын базарлар таңғы 11-ден кешкі беске дейін ашық болады.
Бұл ереже карантиндегі Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында жүрмейді.
Қазір Қазақстанда барлығы 62 адам Covid-19 дертіне шалдықты. Нұр-Сұлтанда - 32 адам, Алматы қаласында - 26 адам, Қарағанды қаласында - екі адам, Алматы облысында - бір адам, Ақтөбе облысында - бір адам коронавирус жұқтырды.
Қарай отырыңыз: Қазақстандағы коронавирус динамикасы
Қазақстанда коронавирусқа байланысты 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласы карантинге көшті. Төтенше жағдай жарияланғанда ел аумағындағы сауда және ойын-сауық орталықтары, тамақтан басқа зат сататын дүкендер мен сауда орындарының жұмысы тоқтатылған еді.
Абаев: Вирус жұқтырғандар әлі өсіп, кейін азая бастайды
23 наурызда Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев арнайы брифингте “Қазақстанда вирус жұқтырғандар әлі өсіп, шегіне жетеді. Одан кейін вирус жұқтырғандар саны азаяды. Мұның бәрі бір айдың ішінде аяқталады деп үміттенеміз” деді.
Абаевтың сөзінше, қазір Қазақстанда 60 мың коронавирус тесті бар, алдағы уақытта тағы 150 мың тест келмек. Бұған қоса, демеушілер ақшасына 100 мың тест алынады. Ел аумағында коронавирус анализі тегін жүргізіледі.
“Ұлттық сараптама орталығы Қытайда шығарылған тесті пайдаланып жатыр. Бұл тест коронавирусты анықтауда өте тиімді. Оны Қытайдағы жағдай дәлелдеді” деді министр.
Абаев журналистердің “коронавирус жұқтырғандар арасында министрлер, шенеуніктер бар ма?” деген сауалына “Заңға сай, адамдардың денсаулығына қатысты ақпарат дәрігерлік құпия болып саналады. Оны жариялауға хақымыз жоқ. Бұған қоса, кім ауырса да, ол адамның дерттен айыққаны маңызды” деді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 23 наурыздан бастап азаматтар мен журналистерге елдегі коронавирус жағдайына қатысты мәлімдеме жасау құқығын ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевқа берді. Абаев енді әр күн сайын тікелей эфирде елдегі коронавирус бойынша жағдайды баяндайды.
Масканы қолдан қалай жасауға болады?
Қазір дәріханада тапшы. Үйде маска қалай жасауға болады? (Видео авторы - Жанара Қаңтарбай).
Әлемдегі қазіргі жағдай. Ташкент 24 наурыздан бастап карантинге жабылады
- Өзбекстан билігі 24 наурыздан бастап Ташкент қаласын толық жабатынын мәлімдеді. Ел астанасында 2,5 миллион адам тұрады. Қазір бұл елде 46 адамнан вирус табылған.
- Түркияның ұлттық әуе компаниясы Turkish Airlines халықаралық рейстерін тоқтатты. Бұл әуе компаниясының ұшақтары енді Қазақстанға да ұшпайды. Turkish Airlines рейстері тек Нью-Йорк, Вашингтон, Мәскеу, Гонконг және Аддис-Абеба (Эфиопия) қаласына ұшады. Ішкі рейстер тоқтамайды. Қазір Түркияда вирус жұқтырғандар бірнеше күннің ішінде мыңға жетіп, отыз адам қаза болды.
- Джон Хопкинс университетінің дерегінше, АҚШ-та вирустан қаза болғандар саны 471 адамға жетті. 35 200 адамнан вирус табылған. Қазір бұл ел вирус жұқтырғандар саны бойынша Қытай мен Италиядан кейінгі үшінші орынға шықты.
- Қытай коронавирус жұқтырған 80 мыңнан астам адамның 70 мыңдайы дерттен айыққанын хабарлады. Бұл елде қаңтардан бері вирустан 3200 адам опат болды.
- Қазір әлемде 336 мың адам вирус жұқтырып, 14500 адам қайтыс болды. 98 мың адам аурудан жазылды.