Комитет: Қазақстандықтарға ипотекалық несиені кешіктіріп төлеуге рұқсат беріледі
"Қазақстандықтарға "7-20-25" және "Баспана хит" ипотекалық бағдарламасы бойынша кешіктіріп төлем жасауға мүмкіндік беріледі. Ұлттық банк тұрғын үй бағдарламасына түзетулер енгізді, онда негізгі төлемдер мен сыйақыларды 90 күнге дейін кейінге қалдыру мәселесі қарастырылған. Коронавирус індеті мен төтенше жағдайдың әсерінен зардап шеккен адамдарға айыппұл және өсімақы салынбайды" делінген денсаулық сақтау министрілігіне қарасты тауар және қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің хабарламасында.
Алматыда "карантин режимін бұзған" 39 адам қамалды
Алматыда "карантин режимін бұзған" 39 адам қамауға алынды деп хабарлады қалалық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Tengrinews агенттігі. Ведомство дерегінше, "карантин аумағының шекарасын бұзу" бойынша 73 факт тіркелген, 11 кәсіпкер жауапкершілікке тартылған. Прокуратура сонымен бірге "медициналық маскаларды қымбат бағамен сатып, кәсіпкерлікпен заңсыз айналысқан" бірнеше фактіні де анықтағанын хабарлады.
"Төрт миллионнан астам маска тәркіленіп, Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына берілді" делінген хабарламада.
СҚО: Вирус жұқтырған науқас дәрігерлерді өзі шақырған
Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус анықталған 1993 жылғы әйел Ресейдің Омбы қаласында оқуда болып, 23 наурызда кешкісін Петропавлға пойызбен келген. Үйге жеткеннен кейін ешқайда шықпаған. Ертесінде, 24 наурызда дене қызуы жоғарылап, жедел жәрдем көлігін шақыртқан. Оны ауруханаға жатқызған. Лабораториялық зерттеу коронавирус инфекциясы барын көрсеткен.
"Қазір пациенттің жағдайы орташа, температурасы жоқ, шағымы жоқ" делінген денсаулық сақтау министрлігінің Телеграм арнасында жарияланған хабарламада.
Бұған дейін министрлік науқастың Ресей азаматы екенін хабарлаған.
CPJ Ресейді коронавирус туралы хабар таратқан БАҚ-қа цензура жасамауға шақырды
"Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) Ресей билігін коронавирус індеті туралы хабар таратқан ақпарат құралдарына цензура жасамауға шақырды.
Штаб-пәтері Нью-Йоркте шоғырланған ұйымның айтуынша, Роскомнадзор кемінде екі ақпарат құралынан мақалаларын алып тастауды талап етіп, талапты орындамаса, айыппұл салатынын ескерткен.
Ұйымның дерегінше, Роскомнадзор атап айтқанда "Эхо Москвы" радиостанциясынан Кремль сыншысы әрі саясаткермен сұхбатты алып тастауды сұраған. Сұхбатта саясаттанушы Ресей билігінің коронавируспен күрес стратегиясын сынап, оны 1986 жылғы Чернобыль АЭС-інің апатқа ұшыраған кездегі совет билігінің тиімсіз әрекетімен салыстырған.
Роскомнадзор "коронавирус туралы жалған ақпаратпен күресіп жатқанын" алға тартып, радиостанцияны мақаланы алып тастауға мәжбүрлеген. Бірақ бұйрықта нақты қай ақпараттың жалған екені көрсетілмеген. Саясаттанушы Валерий Соловейге 100 мың рубль көлемінде (шамамен 1300 доллар) айыппұл салған.
"Говорит Магадан" сайтының бас редакторы Татьяна Брайс та биліктің "коронавирус инфекциясынан қайтыс болуы мүмкін" делінген Сібір тұрғынының өлімі туралы материалды алып тастауды талап еткенін айтады.