Абаев: Бір күнде "карантин режимін бұзған" 138 адам жауапқа тартылды
26 наурызда ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бір күнде Қазақстанда "карантин режимін бұзған" 138 адам әкімшілік жазаға тартылды, 89-ы әкімшілік қамауға алынды деп мәлімдеді.
Төтенше жағдай жарияланған уақыттан бері елде маска мен антисептикті қымбат бағамен сату фактілері бойынша 15 қылмыстық іс (214-бап, "Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу") қозғалған. 40 адам жауапқа тартылған.
Қазақстанда жеті мыңдай адам карантинде
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 26 наурыздағы дерегіне сай, қазір елде 6963 адам карантинде. Оның 2164-і – ауруханада, 4799-ы – үйде.
26 наурыз 16:30-дағы дерек бойынша, бұл күні Қазақстанда 28 адамнан вирус табылды. Оның барлығы Алматы мен Нұр-Сұлтанда.
Елде 13 наурыздан бері 109 адамға вирус жұққаны анықталды: Алматыда - 40 адам, Нұр-Сұлтанда - 61 адам, Қарағандыда - екі адам, Шымкентте - екі адам, Алматы облысында - бір адам, Ақтөбе облысында - бір адам, Жамбыл облысында - бір адам, Солтүстік Қазақстан облысында бір адам.
25 наурызда Алматыда бір, Нұр-Сұлтанда бір науқас дертінен айыққаны хабарланды.
Ал Нұр-Сұлтанда бір науқастың жағдайы әлі ауыр. Ол аппаратпен демалып жатыр.
Тағы 12 адамнан вирус табылды. Қазақстанда 109 адам дертке шалдыққан
26 наурыз 16:20-дағы жағдай бойынша, Қазақстанда тағы 12 адамнан коронавирус табылды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Дертке шалдыққандардың алтауы - Алматыда, алтауы Нұр-Сұлтан қаласында.
Қазір Қазақстанда 109 адамнан вирус табылды: Алматыда - 40 адам, Нұр-Сұлтанда - 61 адам, Қарағандыда - екі адам, Шымкентте - екі адам, Алматы облысында - бір адам, Ақтөбе облысында - бір адам, Жамбыл облысында - бір адам, Солтүстік Қазақстан облысында бір адам.
25 наурызда Алматыда бір, Нұр-Сұлтанда бір науқас дертінен айыққаны хабарланды.
Комитет: Коронавирус белгілері байқалған адамдар ғана жедел тест тапсырады
Алматыда коронавирус бойынша тест тапсыруға болады, бірақ ол үшін дәрігердің нұсқауы керек. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты тауар және қызмет көрсету сапасын бақылау комитеті осылай деп хабарлады.
Комитет дерегінше, қалада коронавирусқа байланысты тест өткізетін үш зертхана бар. Коронавирус белгілері байқалған адамдар ғана тестен өте алады. Дене қызуы көтеріліп, жөтелген адамдар жедел жәрдем көлігін шақыртуы тиіс немесе ауруханаға баруы керек.
Бұған дейін билік сәуір айында Алматы мен Нұр-Сұлтандағы зертханаларға жүз мың жедел тест әкелінеді деп хабарлаған.