ХВҚ Қырғызстанға коронавируспен күресуі үшін 121 млн доллар көлемінде қаржылай көмек береді
Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) кеңесі COVID-19 пандемиясымен күреске деп Қырғызстан үкіметіне 120,9 млн доллар көлемінде қаржылай көмек беруді мақұлдады. Қордың реттеуші директоры Кристалина Георгиеваның айтуынша, COVID-19 індеті "Қырғызстан экономикасына ауыр соққы болып тиген және қаржыға тәуелділігін арттырған".
Георгиеваның айтуынша, қаржылық көмек донорлық қолдауға серпін беріп, коронавирусқа байланысты туындаған шығынды жабуға көмектеседі, денсаулық саласына бөлінген қаржыны өз мақсатында пайдалануға мүмкіндік береді.
Осы апта басында ХВҚ эпидемия басталған уақыттан бері ұйымның алғашқы қаржылай көмегін Қырғызстан алуы мүмкін деп топшылаған. Орталық Азия және Таяу Шығыс елдері ХВҚ-дан қаржылық көмек сұраған. Ұйымның айтуынша, бұл өтініштерге жылдам жауап беру жағы қарастырылып жатыр.
Соңғы дерек бойынша, Қырғызстанда 44 адамнан коронавирус табылған. Сарапшылар тест жетіспегендіктен коронавирус жұққан адамдардың нақты санын анықтау мүмкін емес дейді.
АҚШ вирус жұқтырғандар саны бойынша әлемде бірінші орынға шықты
АҚШ коронавирус жұқтырғандар саны бойынша әлемде бірінші орынға шықты. Worldometer сайтының дерегінше, 26 наурызда АҚШ-та науқастар саны 82 мыңнан асқан. Эпидемия басталған уақыттан бері мұнда 1177 адам коронавирустан қайтыс болған (Қытайда - 3287 адам). Бейсенбі күні бір күнде 10 мыңнан астам адамға вирус жұққаны белгілі болды. 24 сағат ішінде 150 адам көз жұмған.
Әсіресе Нью-Йорк штатында жағдай ауыр. Мұнда 37 мыңнан астам адамға вирус жұққан. Нью-Йорк губернаторы Эндрю Куомо вирус жұқтырғандар саны көп болғандықтан ауруханалар, медициналық мекемелер толып кетуі мүмкін деп мәлімдеді. Жағдайы ауыр науқастарға қолданылатын өкпені жасанды түрде желдететін аппарат жетпей қалуы ықтимал. Нью-Йорк және АҚШ-тың өзге штаттарында карантин жарияланды.
Конгрестің өкілдер палатасы 27 наурызда пандемия жағдайында экономика мен азаматтарды қолдау туралы заң жобасын мақұлдайды. Пакет құны 2 трлн доллар деп айтылады.
Өткен жылдың соңында Қытайда алғаш рет тіркелгелі бері әлемде коронавирус жұқтырғандар жарты миллионға жуықтап қалды. АҚШ-тағы Джон Хопкинс университетінің дерегінше, 27 наурызда әлемде вирус жұқтырғандар 530 мыңнан асты. 24 мыңнан аса адам қаза болып, 120 мыңнан астам науқас дерттен айықты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 коронавирусын "пандемия" деп жариялаған.
Алматыда жеті адамнан коронавирус табылды
27 наурыз таңертеңгі сағат 7.50-дегі дерек бойынша, Алматыда тағы жеті адамнан коронавирус табылған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Елде қазір 120 адамға вирус жұққаны анықталды: Алматыда - 47 адам, Нұр-Сұлтанда - 61 адам, Қарағандыда - төрт адам, Жамбыл облысында - үш адам, Шымкентте - екі адам, Алматы облысында - бір адам, Ақтөбе облысында - бір адам, Солтүстік Қазақстан облысында бір адам.
26 наурыз кешкісін Нұр-Сұлтанда бір әйел адам Covid-19 дертінен қайтыс болды. 25 наурызда Алматыда бір, Нұр-Сұлтанда бір науқас дертінен айыққан еді.
Әлемде вирус жұқтырғандар жарты миллионнан асты
- 26 наурыз түнгі 11-де әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 510 мың адамнан асты. 22993 адам қайтыс болды. 120983 адам дертінен айықты.
- Италияда қаза болғандар 8165 адамнан асып кетті. Бұл елде вирус жұқтырғандар Қытайға (81782) жуықтап қалды – 80539 адам.
- Ал Иранда вирус анықталғандар 30 мыңға жуықтап қалды. Бұл елде вирустан 2234 адам қайтыс болды.
- Қытайда бір аптадан бері вирус жұқтырғандар азайып келеді. Елде вирус жұқтырғандардың көбі шетелден келген. Вирус алғаш шыққан Хубэй провинциясындағы екі айға жуық созылған карантин алынды.
- АҚШ-та вирус жұқтырғандар 75 мыңнан, қаза болғандар мыңнан асты.