Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

17:11 31.5.2020

Шымкент қаласы мен Павлодар облысында коронавирустан екі науқас қайтыс болды 

Шымкент қаласы мен Павлодар облысында коронавирустан екі науқас қайтыс болды. Бұл туралы 31 мамырда кешке қарай денсаулық сақтау министрілігі хабарлады. 

Шымкентте - 1959 жылғы ер адам, Павлодар облысында 1966 жылғы әйел адам көз жұмған. 

"Адам өлімін зерттеу комиссиясы науқастар коронавирус инфекциясынан қайтыс болды деген шешім қабылдады" делінген ресми хабарламада.

Медицина қызметкерлері. Көрнекі сурет.
Медицина қызметкерлері. Көрнекі сурет.

Қазақстанда коронавирустан барлығы 40 адам қайтыс болған. Бірақ COVID-19 диагнозы қойылған қайтыс болғандар саны ресми көрсеткіштен көп.

Осы аптада Азаттық тілшілері Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкентте коронавирустан көз жұмған адамдар туралы ресми дерек пен вирус жұқтырғандар зиратына жерленгендер саны арасында айырмашылық барын анықтады. Билік коронавирус инфекциясы диагнозы қойылып, көз жұмған науқастардың бәрін бірдей COVID-19 вирусынан қайтыс болды деп тіркей бермейтінін айтады.

Қазақстанда барлығы 10858 адамнан коронавирус табылған. 5 мыңнан астам адам жазылған.

16:48 31.5.2020

Ресейде коронавирус жұқтырғандар 400 мыңнан асты 

Медицина қызметкерлері коронавирус жұққан науқасты ауруханаға апара жатыр. Ресей, мамыр айы, 2020 жыл.
Медицина қызметкерлері коронавирус жұққан науқасты ауруханаға апара жатыр. Ресей, мамыр айы, 2020 жыл.

Ресейде коронавирус жұқтырғандар 400 мыңнан асты. 31 мамырда жедел штаб осындай мәлімет таратты. Өткен тәулікте 9268 адамнан коронавирус табылған. Науқастар саны қатарынан үш күн артқан. 

Сенбі күні елде 138 адам коронавирустан қайтыс болған. Бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда аз. Биліктің айтуынша, елде коронавирустан жалпы 4693 адам қайтыс болған. 

Барлығы 405 843 науқас болды. 171 мыңнан астам адам жазылған. Емделіп жатқандар саны апта басында азайғанмен қазір қайта артқан. 

Мәскеуде бір күнде шамамен 2,5 мың адамнан коронавирус табылды. Бастапқыда қалада науқастар көбейгенмен қазір азаюы байқалады. 

Коронавируспен байланысты әсіресе адам өліміне қатысты ресейлік статистика мамандар арасында күмән туғызады. Мәскеу билігі сәуір айында тіркелген адам өлімі туралы мәліметті жариялаған. Оған сәйкес, COVID-19 диагнозы қойылған қайтыс болған адамдардың жартысына жуығы коронавирус бойынша ресми статистикаға енгізілмеген. Биліктің айтуынша, оларға коронавирус инфекциясы жұққанмен өлімінің негізгі себебі коронавирус емес.

Соңғы кезде Ресейдің бірқатар аймақтарында карантин ережелері жұмсара бастаған. Мәскеуде 25 мамырдан бастап аптасына үш рет кесте бойынша серуендеуге рұқсат етілген.Бұған қоса, азық-түлік емес дүкендер мен қызмет көрсету саласындағы бірқатар кәсіпорындар жұмыс істей бастады. Дегенмен маска режимі қатаңдатылған - енді масканы тек ғимарат қана емес, көшеде тағып жүру міндет.

13:47 31.5.2020

БҚО-да карантин ережелері жұмсарады: 1 маусымда сауда орталықтары ашылады

Батыс Қазақстан облысының билігі карантин ережелерін жұмсартатынын хабарлады. 1 маусымнан бастап аймақта бар, мейрамхана, дәмхана, асхана және ірі сауда орталықтары, базар, монша, сауналар жұмыс істей бастайды. 

Оралдағы орталық көшелердің бірі. 18 сәуір 2020 жыл.
Оралдағы орталық көшелердің бірі. 18 сәуір 2020 жыл.

Облыстық бас санитар дәрігер Мұхамғали Арысбаевтың 30 мамыр күнгі қаулысына сәйкес, 1 маусымнан бастап блокпосттар алынып, Атырау және Ақтөбе облыстарына жол ашылады. Тек коронавирус ахуалына байланысты Сырым, Тасқала аудандары және Жәнібек ауданындағы екі ауылда карантин ережелері күшінде қалады. 

Облыстық бас санитар дәрігердің орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың айтуынша, мекемелер барлық санитарлық нормаларды сақтауы тиіс. Дәмхана және мейрамханалар залға тек 30 адамға дейін кіргізе алады, үстелдердің арасы кемінде екі метр болуы тиіс. Сауда орталықтары мен базарларда маска тағу міндет, санитайзерлер болуы қажет. Сатушылар қолғап және маска тағып, оларды тұрақты түрде ауыстырып отыруы керек. 

Өткен аптада БҚО билігі аймақта карантин ережелері кемінде 15 маусымға дейін сақталады, себебі індеттің беті қайтпай отыр деп мәлімдеген. Осы аптада БҚО-да бір күн ішінде бұрын-соңды болмаған науқастар саны тіркелді. Бірақ соған қарамастан билік карантин шараларын жұмсарту туралы шешім қабылдаған. 

"Денсаулық сақтау министрі коронавирус жұқтырғандарды емдеудің жаңа тәсілін жариялады. Оған сәйкес, ауру белгілері байқалмаған науқастар үйде емделеді. Ауруханаға біз тек тынысы тарылған және дене қызуы көтерілген адамдарды ғана жатқызамыз. Бұл облыстық бас санитар дәрігердің жаңа қаулы шығаруына түрткі болды, себебі қазір облыста науқастардың 70 пайыздан астамында ауру белгілері байқалмайды" деді Нұрлыбек Мұстаев. 

Дүйсенбі күні ашылатын сауда орындары арасында "Московский" базары да бар, 26 мамырда базар сатушылары шығынға батқанын хабарлап, жұмыс істеуге рұқсат етуді талап еткен болатын. 

Қазіргі кезде облыста 621 адамнан коронавирус табылған. Өткен тәулікте 41 жаңа науқас анықталды. Соңғы бір апта ішінде науқастар өсімі 6 пайызға жеткен.

11:36 31.5.2020

АЕ/АР президенті: Үкіметтер коронавирус туралы шындықты жасырады, біз адамдарды құтқаруға тырысамыз

Пандемия кезінде Азат Еуропа/Азаттық радиосы тілшілері жариялаған мақалалар көптеген елдерде ақпаратты жасыру әдеттегі жағдайға айналғанын көрсетті. Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Фжейми Флай 29 мамырда осылай деп мәлімдеді. 

Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының президенті Джейми Флай.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының президенті Джейми Флай.

"Пандемия аяқталғанға дейін біз істейтін елдерде ақпаратты жасыру және жалған ақпарат таратуға жиірек куә боламыз, бұл вирустың жылдамырақ тарауына әсер етіп, қоғам денсаулығына қауіп төндіреді" деді Джейми Флай.

Оның сөзіне қарағанда Азат Еуропа/Азаттық радиосының Ресей, Қазақстан, Тәжікстан, Иран және өзге елдердегі оқырмандары медиакорпорацияның мақалалары адамдардың өмірін қауіпсіз етуге көмектесетінін, ақпараттың пайдалы екенін және үкіметтерді жағдайға реакция танытуға итермелейтінін айтады. 

Джейми Флай "Настоящее время" телеарнасы, Фардо радиосы, сонымен бірге Орыс және Қазақ қызметтерін атап өткен. 

Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирустан 37 адам қайтыс болған. Шын мәнінде одан көп пе?

Оның сөзіне қарағанда ресми статистикаға сенбей отырған Тәжікстанда Азаттықтың Тәжік қызметі коронавирустан қайтыс болғандардың тізімін құрастырып жатыр. 

Тәжікстан билігі бір айға жуық уақыт бойы ДДСҰ кеңестеріне құлақ түрмей, елде коронавирус барын мойындамай келді. Тек 30 сәуірде денсаулық сақтау министрлігі елде 15 адамға вирус жұққанын хабарлады. 

"Тәжік билігі 30 сәуір мен 15 мамыр аралығында 33 адамның коронавирустан қайтыс болғанын хабарлады. Ал Душанбедегі зиратта 50 адамның жаңадан жерленген бейіті пайда болды" деді медиакорпорация президенті. 

Оның айтуынша, Озоди радиосының мақаласы жарық көргеннен кейін билік журналистердің зиратқа кіруін шектеп, видео түсіруге тыйым салған. 

Тәжікстанның СІМ Озоди радиосының 8 тілшісіне аккредитация бермей, кешіктірген және қоғам шынайы ақпаратқа зәру кезінде тілшілер жұмысын жалғастыра алмай отыр. Джейми Флайдың айтуынша, сонымен бірге Facebook-та жалған үкіметшіл аккаунттар тәжік бюросы қызметкерлеріне шабуыл ұйымдастырып, журналистердің ар-намысына тиетін комментарийлер мен карикатуралар жасаған. 

"Бұлар әлемдегі ең батыл журналистердің бірі, олар қоғамға қызмет ету үшін өмірін қауіпке тікті. Үкімет және оның өкілдері шындықты жоққа шығаруға тырысып, әрбір қадам сайын кедергі келтіреді. Үкімет бізбен "текетіресіп" жатқан шақта біз адамдарды құтқару үшін ақпарат беріп отырмыз" деді корпорация президенті. 

Пандемия кезінде Азат Еуропа/Азаттық радиосы материалдарына сұраныс еселеп артты. Наурыз айында алдыңғы айлармен салыстырғанда АЕ/АР сайттарына кіргендер саны 48 пайызға өсіп, 77 миллионды құраған. 

Мамыр айында сайттар мен әлеуметтік желідегі оқырмандар саны 128,5 млн құрап, өткен аймен салыстырғанда 43 пайызға артқан. АЕ/АР-дың Facebook, Instagram парақшаларындағы оқырмандар саны да артты. Сәуір айында Инстаграмда жазылушылар саны күрт артып, наурыз айымен салыстырғанда 72 пайызға ұлғайған.

Тағы

XS
SM
MD
LG