- Авторы: Аян ҚАЛМҰРАТ
Қазақстанда вирус жұқтырғандар көбейген тұста блокпостар ашылды
Қазақстанда бір күнде 450 адамның COVID-19 жұқтырғаны анықталған тұста Алматы мен Нұр-Сұлтандағы блокпосттар ашылды. Мамандар шектеудің вирус аз кезде қойылып, сырқат көбейген тұста алынуына таң. Тұрғындар "қауіпті болса да үйде қамалып отыра алмайтынын" айтады.
Қазақстанда карантин қалай өзгермек?
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар өсіп жатса да, билік біраз аймақта 1 маусымнан бастап блокпостар алып, карантин шарттарын жеңілдетті. Елдегі кейбір облыстарда шектеулер қалай өзгереді? Мына сілтемеден толық оқи аласыз.
Ұлыбритания, Италия мен Швейцария карантинді босаңсыта бастады
Еуропаның бірқатар елі коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген карантин шараларын 1 маусымнан жеңілдете бастады.
Еуропа елдері арасында карантинді өзгелерден кешірек енгізген Ұлыбритания қазір шектеу шараларын босаңсытуға кірісті. Англияда осыдан он апта бұрын жабылған бастауыш мектептер қайта ашылды. Алты адамға дейін жиналуға рұқсат беріліп, көшедегі базарлар қайтадан жұмыс істей бастады. "Қатерлі топтағы" адамдар наурыздың соңынан бері алғаш рет көшеге шығуға мүмкіндік алды. Бірақ мамандардың көбі вирус жұқтыру мен қаза көрсеткіші әлі де жоғары болғандықтан, шектеуді босаңсытуға әлі ерте деп санайды.
Нидерланд елінде 1 маусымнан бастап ресторан, барлар қайта ашылды. Швейцарияда 6 маусымнан кинотеатрлар мен түнгі клубтар жұмысын жалғастырады, билік секс-индустрия қызметкерлерінің де жұмыс істеуіне рұқсат бермек.
Италия 3 маусымнан шектеулерді толық алып, аймақтар арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіреді, сонымен бірге Еуропа одағы азаматтарына шекараны ашпақ. Алайда Италиямен көрші мемлекеттер шекарасын ашуға асығар емес, олар бұл елде коронавирус инфекциясының қатері әлі сейілген жоқ деп отыр.
Еуропа елдерінің көбінде вирус жұқтыру мен өлім көрсеткіші біртіндеп кеміп келеді. Германия, Франция, Испания мен Италияда коронавирус індеті шырқау шегіне жеткен соң ақырындап бәсеңси бастаған.
Өзбекстанда коронавирустан қайтыс болғандар 15 адамға жетті
Ташкентте коронавирус инфекциясы жұққан 63 жастағы әйел қайтыс болды. Бұл туралы 1 маусымда Өзбекстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
COVID-19 жұқтырғаны 30 мамырда анықталғаннан кейін оны Ташкент медицина академиясына жатқызған. Ресми хабарламада науқастың биыл қаңтарда инсульт деген диагнозбен ем қабылдағаны айтылған.
Дәрігерлер оны жасанды тыныс алу аппаратына қосқанымен, миының қан айналымы бұзылған сырқат ауруханада жан тапсырды деп хабарлады министрлік.
Өзбекстанда, ресми мәлімет бойынша, 3623 адам COVID-19 жұқтырған. 2837 адам дерттен жазылған.