Министр: Қазақстанда коронавирус жұққан 37 науқас басқа аурудан қайтыс болған
Қазақстанда коронавирус жұққан 37 науқас басқа аурудан қайтыс болды. Бұл туралы 4 маусым күнгі онлайн брифинг кезінде денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов хабарлады. Министр елде коронавирусқа байланысты мәлімет жасанды түрде азайтылмауын мұқият қадағалаймыз деді.
- Коронавирустан қайтыс болған 48 адамнан бөлек тағы 37 адам басқа аурудан қайтыс болған. Бірақ оларда коронавирус инфекциясы ілеспе ауру түрінде кездескен. Біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесі бойынша [адам өлімін] тіркейміз. Инфекция науқастың тыныс алу жүйесін, пневмонияны асқындырып, оның өлімінің тікелей себебі болса, мұндай жағдайда бұл науқас коронавирустан қайтыс болды деген шешім қабылдаймыз. Ал егер науқас миокард инфарктынан, ауыр жарақаттан қайтыс болса, әрине мұндай жағдайда негізгі диагнозы негізгі болып қалады, - деді министр.
Оның айтуынша, Қазақстанда коронавируспен байланысты адам өлімі 0,4 пайызды құрайды. Бұл өзге елдермен салыстырғанда төмен көрсеткіш.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирустан барлығы 48 адам қайтыс болған. Соңғы екі аптада коронавирустан көз жұмған адамдар туралы ресми дерек пен вирус жұқтырғандар зиратына жерленгендер саны арасында айырмашылық бары туралы айтыла бастаған.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирустан 37 адам қайтыс болған. Шын мәнінде одан көп пе?
Министрлік коронавирус жұққан бірақ басқа аурудан қайтыс болғандар саны туралы мәліметті алғаш рет айтып отыр.
Министрдің сөзіне қарағанда Қазақстанда коронавирус жұққан 12 124 науқас анықталған. 6 288 адам жазылған, қазір 5836 адам емделіп жатыр. Науқастардың 77 пайызында ауру белгілері жоқ.
59 науқастың жағдайы күрделі. 24 адам жасанды тыныс алу аппаратымен демалып жатыр. 10 пайызы немесе 600-ге жуық науқастың жағдайы - орташа.
Біртанов халықаралық тәжірибені ескере отырып, бұдан былай ауру белгілері байқалмаған бірақ COVID-19 диагнозы анықталған науқастар үйде емделетінін айтты. "Ең бастысы науқастарды уақытында анықтау және емдеу" деді министр.
Алматының бұрынғы бас санитар дәрігері ғылыми орталық жетекшісі болып тағайындалды
Алматы қаласының бұрынғы бас санитар дәрігері Айзат Молдағасымова Жұматов атындағы гигиена және эпидемиология ғылыми орталығының директоры болып тағайындалды. Бұл туралы жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.
Елде коронавирус індеті өршіп тұрған шақта - сәуір айының ортасында Айзат Молдағасымованың Алматы қаласының бас санитар дәрігері қызметінен кеткені хабарланған еді. Оның орнына Жандарбек Бекшин келген.
Informburo сайтының жазуынша, бұған дейін шенеуніктің "өзіне ірі көлемде сыйақы тағайындағаны туралы" ақпарат пайда болған. Молдағасымова Halyk Bank-тен ақшалай сыйақы алғанын растап, бірақ сыйақыны өзі тағайындамағанын айтқан. Кейінірек жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласындағы "медицина қызметкерлеріне үстемақы үлестіру ісі" бойынша тексеру басталғанын хабарлаған.
Сәуір айында Алматыда орталық қалалық клиникалық аурухананың 200-ге жуық медицина қызметкеріне коронавирус жұққаны анықталған кезде Молдағасымова дәрігерлердің өздері "қажетті дәрежеде сақтық шараларын жасамады" деп мәлімдеген. Ал дәрігерлер мен медбикелер бұл тұжырыммен келіспей, кейбір дәрігерлер бас санитар дәрігерін сотқа беретінін айтқан.
Қарағандыда қайтыс болған ер адам коронавирус анықталған ұжымда жұмыс істеген
Қарағанды облысында коронавирустан қайтыс болған 56 жастағы ер адам бұған дейін жұмысшыларынан вирус анықталған ұжымда жұмыс істеген. Бұл туралы Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Ер адам 3 маусымда көз жұмған. Бұл облыста коронавирусқа байланысты тіркелген төртінші өлім. Науқаста созылмалы аурулар - артық салмақ және екінші дәрежелі кардиомиопатия болғаны айтылады. Басқарма өкілдерінің айтуынша, науқаста екіжақты пневмония, "тыныс алу және бүйрек жетіспеушілігі" болған, COVID-19 ауруының ауыр түріне шалдыққан. Ауру белгілері 15 мамырда байқалған.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, науқас дене қызуын өз бетімен төмендетуге тырысқан. Екі күннен кейін жедел жәрдем көлігін шақырған. Оны әуелі провизорлық ауруханаға жатқызған, кейінірек COVID-19 диагнозы қойылғаннан кейін инфекциялық ауруханаға ауыстырған.
Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, облыста сәрсенбі күні 68 жаңа науқас анықталған. Қарағанды, Теміртау қалалары, Бұқар жырау, Абай, Шет, Ұлытау аудандары тұрғындарынан вирус табылған. Олар науқастармен жақын араласқан.
Қарағанды облысында 20 наурыз бен 3 маусым аралығында 1024 науқас тіркелген. 4 адам қайтыс болған. Олар Қарағанды, Теміртау, Шахтинск қалаларында тұрған. 314 науқас жазылған.
Қазақстанда ресми мәлімет бойынша, 12 067 адамнан коронавирус табылған. 48 адам қайтыс болған. Өткен тәулікте 271 адамнан вирус табылды. Барлығы 6240 адам жазылған.
Еуропа елдері туристік сапарларға біртіндеп рұқсат бере бастады
Еуропаның бірқатар елдері туризмнің экономика үшін маңызын ескеріп, шектеу шараларын біртіндеп ала бастады. Коронавирус індетінен қатты зардап шеккен елдердің бірі Италия 3 маусымда Еуропаның өзге аймағынан келетін жолаушылардың елге кіруіне рұқсат берді. Италияға барған жолаушылардың карантинде болуы шарт емес. Бұған қоса, ел аумағында саяхаттауға да рұқсат берілді. Италия президенті Серджо Маттарелла коронавирус инфекциясын жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар саны азайғанмен дағдарысты әлі "еңсерген жоқпыз" деп мәлімдеді.
COVID-19 індетінен қатты зардап шеккен елдердің бірі Испания туристерді елге кіргізу мәселесін қарастырып жатыр.
Италияда туризмнен түсетін табыс көлемі жалпы ішкі өнімнің - 13 пайызын, Испанияда 12 пайызын құрайды.
Австрия да туристерге шектеу шараларын алып тастауды жоспарлап отыр. 5 маусымнан бастап Италиядан басқа көрші ел азаматтарының елге кіруіне рұқсат және олардың тест тапсыруы және карантинде болуы міндетті емес. Денсаулық сақтау министрлігі Италиямен шекараны маусым айының соңында ашуы мүмкін екенін хабарлады.
Германияның сыртқы істер министрі Хейко Маас 15 маусымнан бастап Еуропаның 29 еліне саяхаттау қауіпті деген ескертудің күші жойылатынын хабарлады. Министр пандемия әлі аяқталған жоқ, туризмді дамыту індеттің екінші толқынын тудырмауы тиіс деді.
Коронавирустан 39 мыңнан астам адам қайтыс болған Ұлыбританияда 8 маусымнан бастап өзге елдерден келетіндер міндетті түрде екі апта өзін оқшаулау режимін сақтауы тиіс. Борис Джонсон жетекшілік ететін британ министрлер кабинеті карантин шараларын біртіндеп азайтатынын, бірақ жағдай әлі тұрақты емес екенін ескертті.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 6,5 млн-ға жуықтаған. 385 мыңнан астам адам қайтыс болған. 2,7 млн адам жазылған.