Қырғызстанда бір күнде коронавирустан екі адам қайтыс болды
Денсаулық сақтау вице-министрі Нурболот Усенбаевтың айтуынша, Шу облысының Панфилов ауданындағы ауруханасында Кара-Балта қаласының 1950 жылғы тұрғыны қайтыс болған.
"Ауруханаға түскен кезде дене қызуы болған, тексеру кезінде коронавирус бары анықталды. Екіжақты пневмония өршіген. Науқаста панкреатит, жүрек аурулары, қант диабеті болған. Коронавирус ауруларын асқындырып жіберген" деді вице-министр.
Бұған қоса, Жалалабадта 1947 жылғы әйел коронавирустан қайтыс болған. Ол әйелде де қант диабеті, жүрек аурулары болған. Дәрігерлер COVID-19 ауруы дертін асқындырып жіберді дейді.
Қазақстанда бір күнде 685 адамнан коронавирус анықталды
Өткен тәулікте елде коронавирус ауру белгісі байқалған 245 адам және ауру белгісі жоқ 440 адам анықталған. 278 адам жазылып, 3 адам қайтыс болған.
Қазақстан билігі 3 маусымнан коронавирус жұққаны анықталған, бірақ ауру белгісі жоқ адамдарды ресми статистикаға енгізбейтін болды.
Билік ауру белгісі бар адамдардың саны мен ауру белгісі жоқ адамдардың санын екі бөлек хабарлап жатыр. Бірінші хабарламада "ауырғандар" дерегі келтіріледі. Олардың қазіргі жалпы саны – 13319. Екінші хабарламада "тасымалдаушылар" дерегі келтіріледі. Олардың жиынтығы – 2136. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Джонс Хопкинс университеті тек бірінші хабарламаға сүйеніп мәлімет таратып отыр.
Қазір елде COVID-19 ауру белгісі байқалған 13 319 адам бар:
- Алматы қаласы – 35 (Барлығы 2939)
- Нұр-Сұлтан қаласы - 23 (Барлығы 2543)
- Атырау облысы – 5 (Барлығы 1227)
- Шымкент қаласы – 14 (Барлығы 992)
- Қарағанды облысы – 50 (Барлығы 1238)
- БҚО – 18 (Барлығы 863)
- Жамбыл облысы – 16 (Барлығы 457)
- Түркістан облысы – 0 (Барлығы 403)
- Алматы облысы – 11 (Барлығы 457)
- Қызылорда облысы – 5 (Барлығы 470)
- Ақтөбе облысы – 26 (Барлығы 427)
- Павлодар облысы – 2 (Барлығы 286)
- Маңғыстау облысы – 12 (Барлығы 343)
- Ақмола облысы – 5 (Барлығы 182)
- Қостанай облысы – 3 (Барлығы 208)
- ШҚО – 5 (Барлығы 204)
- СҚО – 7 (Барлығы 72)
Қазақстан мен Түркия әуе қатынасы маусымның соңында қалпына келеді
Қазақстан индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов маусымның соңында Қазақстан мен Түркия арасында әуе рейстері іске қосыла бастайтынын айтты. Министрдің айтуынша, эпидемиологиялық жағдайдың жақсарып жатса, өзге елдермен де халықаралық әуе қатынасы қалпына келтірілмек.
"Әлемде және соның ішінде Қазақстанда транспорт саласы – экономиканың коронавирус инфекциясы пандемиясынан ең қатты зардап шеккен салалаларының бірі. Қазақстан Республикасы территориясында жолаушы тасымалдайтын барлық транспорт тоқтатылды", деді Атамқұлов үкімет сағатында.
Қазақстанда халықаралық рейстер коронавирус пандемиясына байланысты наурыздың соңына тоқтатылған болатын. 1 мамырдан бастап ішкі рейстер жұмыс істей бастады. Министрдің хабарлауынша, қазір 44 бағыт бойынша аптасына 349 рейс жасалады. Осы уақыт аралығында 188 мың билет сатылған.
Ал 1 маусымнан бастап ел ішінде пойыздың 54 құрамы жүре бастады. 8 маусымға дейін 645 мың билет сатылған.
Өзбекстанда коронавирустан қайтыс болғандар 15 адамға жетті
Ташкенттегі көпсалалы ауруханада 76 жастағы ер адам коронавирус инфекциясынан қайтыс болды. Бұл туралы 9 маусымда Өзбекстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Ташкенттің Үштепе ауданында тұратын қарияның коронавирус жұқтырғаны 28 мамырда анықталған. 31 мамырда жағдайы нашарлаған соң науқасты жасанды тыныс алу аппаратына қосқан. Дәрігерлер науқастың көп жыл гепатит, жүрек талмасы, стенокардия сияқты бірнеше дертпен ауырғанын айтады.
Өзбекстанда COVID-19 кесірінен қайтыс болғандар 18 адамға жетті. Ресми мәлімет бойынша, елде 4440 адам коронавирус жұқтырған. 3357 адам дерттен жазылған.