ДДСҰ: "Індеттің екінші толқынына жеткен жоқпыз, біріншісін әлі еңсермедік"
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) коронавирус індеті қашан аяқталатынын айту қиын дейді. 12 маусым күні өткен баспасөз мәслихаты кезінде ДДСҰ жетекшісі Тедрос Гебрейесус карантин шаралары жұмсарғандықтан көптеген елдерде індеттің жаңа ошағы пайда болды деді. Ол Оңтүстік Корея, Жапония, Сингапур, Иран және өзге мемлекеттерді мысал ретінде келтірді.
ДДСҰ-ның төтенше жағдай жөніндегі сарапшысы Майкл Райанның сөзіне қарағанда Африка, Латын Америка, Оңтүстік Азия мемлекеттері пандемияны әлі жеңген жоқ. Райан "бұл індеттің екінші толқыны емес, біз әлі біріншісін де толық еңсерген жоқпыз" деді.
Індеттің екінші толқынының қайталануынан сескенген Қытай билігі 13 маусымда Пекиндегі ірі азық-түлік базарларын жапқан. Осы аптада карантин шараларын жұмсарта бастаған Үндістанда вирус жұқтырғандар рекордтық көрсеткішке жетті. АҚШ-тың бірнеше штаты ауруханаларда науқастар күрт көбейгенін хабарлады.
ДДСҰ өкілдерінің айтуынша, әлемнің ең кедей елдері экономикалық тығырықтан шығу үшін халықаралық көмекке зәру. Мәселе қайта құрылымдау немесе сыртқы қарызын кешіру бағдарламасы жөнінде болуы мүмкін.
Сенбі күні Қытай 11 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады
11 науқастың алтауы - Пекиннен. Соңғы уақытта COVID-19 ауруы тек шетелден келгендерден ғана анықталған еді. Алайда бейсенбі күні Пекин қаладан шықпаған бір адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Ертесінде тағы екі адамға вирус жұққаны анықталған.
Жаңа науқастар саны арта бастағаннан кейін Пекин шенеуніктері бастауыш мектеп оқушыларының сабағын тоқтатып, спорт шараларын кейінге шегерді. Топтасып жиналуға да шектеу қойды. Пекин билігі жұма күні екі базарды жапты. Олардың бірінде импортталған ақсерке турайтын орыннан вирус табылған. Wumart және Carrefour сияқты ірі супермаркет желілері бір түннің ішінде ақсерке қорын шығарып тастады.
Ресми мәлімет бойынша, Қытайда қазір 74 адам Covid-19 ауруына шалдыққан.
Қазақстанда қатарынан екі күн мыңға жуық адамнан коронавирус табылды
Өткен тәулікте Қазақстанда 989 адамнан коронавирус табылған. Олардың 366-ы - "симптомы бар" науқас, 623-і - симптомы жоқ "тасымалдаушы". Эпидемия басталғалы бері қатарынан екі күн мыңға жуық адамнан коронавирус табылып отыр. 12 маусымда да денсаулық сақтау министрлігі 944 адамнан коронавирус анықталғанын хабарлаған.
Елде ресми мәлімет бойынша коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 18 020 адамға жетті. 14 238 адамда COVID-19 ауру белгісі байқалған, 3782 адамда ауру белгісі жоқ.
Бір күнде 238 адам жазылған. Үш адам қайтыс болған.
Эпидемия басталғалы бері барлығы 70 адам қайтыс болған. Қазақстанда коронавирус анықталған бірақ "басқа аурудан қайтыс болғандарды" ресми статистикаға енгізбейді. Олардың есебін бөлек жүргізеді. 4 маусымда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 37 адамның "басқа аурудан қайтыс болғанын айтқан". Содан бері бұл статистика айтылмады.
Қазақстанда коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай 11 мамырда аяқталып, карантин шаралары біртіндеп алына бастаған. Бірақ кейбір аймақ билігі шектеу шараларын қайта қатаңдататынын айтып отыр. Бұған дейін Қарағанды және Ақтөбе облысының билігі карантин шаралары күшейеді деп мәлімдеді. Нұр-Сұлтан және Алматы қаласының бас санитар дәрігерлері егер вирус жұқтырғандар осылайша көбейе берсе, карантин шараларын күшейтуге мәжбүр боламыз деп мәлімдеген.
Павлодар және Маңғыстау облысында коронавирустан екі науқас қайтыс болды
Павлодар облысында - 1956 жылы туған әйел адам, Маңғыстау облысында 1966 жылы туған ер адам коронавирустан қайтыс болды. Бұл туралы 12 маусымда түнде денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Адам өлімін зерттеу комиссиясы науқас коронавирустан қайтыс болды деген шешім қабылдаған.
Қазақстанда ресми мәлімет бойынша, COVID-19-дан 70 адам қайтыс болған. 4 маусымда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жұққан 37 науқас "өзге аурулардан" қайтыс болды, коронавирус инфекциясы оларда ілеспе ауру түрінде кездескен деп мәлімдеген. COVID-19 анықталған бірақ "басқа аурудан қайтыс болды" делінген науқастар елде негізгі статистикаға енгізілмейді. Егер оларды қоса есептесе, елде "коронавирус құрбандары" жүзден асып кетеді.
Әлем елдерінің басым бөлігі коронавирус жұққан қайтыс болған барлық науқастарды негізгі статистикаға енгізеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осындай кеңес берген.