Украина президенті Зеленскийдің әйеліне коронавирус жұқты
Украина президенті Владимир Зеленскийдің әйелі Елена Зеленская коронавирус жұқтырды. Оның жағдайы жақсы, симптомдар байқалмайды. Бұл туралы Украина президентінің баспасөз қызметі хабарлады. Президент Зеленский мен балаларының анализінен коронавирус табылмаған.
Елена Зеленская қазір амбулаторияда емделіп жатыр және отбасынан оқшауланған. Президент әйелінің маусымның басындағы анализінен вирус табылмаған.
"Оның вирусты қашан және қайда жұқтырып алғаны әзірге белгісіз. Эпидемиологиялық тексеріс жүргізіліп жатыр. Байланыста болған адамдардың бәріне хабарланды" деп мәлімдеді президенттің кеңсесі.
Зеленский бұған дейін "жұртқа вирустың қауіптілігін көрсету үшін өзі де коронавирус жұқтырғысы келетінін" айтқан еді.
"Мен де осыны бастан өткергім келеді. Жанымдағыларға "адамдар бұл дерттің жаман екенін түсіну үшін мен де ауырып көрейін, мені оқшаулап тастаңдар. Оны да өткерермін. Осы арқылы жұртқа көрсетсем" дедім. Кейін бұл "шектен шығу" деп, ойымнан бас тарттым. Отбасым кешірмес еді" деген Зеленский.
Аннексияланған Қырым мен Севастополь, оккупацияланған Донбасс аймағын қоспағанда Украина аймағында 29753 адамнан коронавирус табылды. 13567 адам емделіп шықты. 870 адам қайтыс болды. 11 маусымда Украинада 689 адамнан вирус табылды. Бұл – антирекорд.
- Авторы: Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ
Коронавирусқа тест тапсыратын орталықта кезек көбейді. Неге?
Қазақстанда бір күнде мыңға жуық адамнан коронавирус табылды. Дәл осы күні Алматыда көліктен түспей коронавирус анықтауға тест тапсыратын мобильді орталық алдында кезек көбейді. Ұзын сонар кептеліс пайда болды. Кезекте тұрғандардың кейбірі жеке қауіпсіздік үшін келдік десе, кейбіреуін жұмыстан жіберген.
Павлодар облысында коронавирустан тоғызыншы науқас қайтыс болды
Павлодар облысында коронавирустан 1961 жылғы науқас қайтыс болды. Бұл туралы 12 маусымда кешке қарай денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Адам өлімін зерттеу комиссиясы науқас коронавирустан қайтыс болды деген шешім қабылдаған. Ол туралы басқа ақпарат айтылмайды.
Бұл коронавируспен байланысты облыста тіркелген тоғызыншы адам өлімі. Коронавируспен байланысты адам өлімі жағынан Павлодар облысы республикада Алматы (10), Нұр-Сұлтан (14), Шымкенттен (10) кейін төртінші орында тұр.
Қазақстанда ресми мәлімет бойынша, COVID-19-дан 68 адам қайтыс болған. 4 маусымда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жұққан 37 науқас "өзге аурулардан" қайтыс болды, коронавирус инфекциясы оларда ілеспе ауру түрінде кездескен деп мәлімдеген. COVID-19 анықталған бірақ "басқа аурудан қайтыс болды" делінген науқастар елде негізгі статистикаға енгізілмейді. Егер оларды қоса есептесе, елде "коронавирус құрбандары" жүзден асып кетеді.
Әлем елдерінің басым бөлігі коронавирус жұққан қайтыс болған барлық науқастарды негізгі статистикаға енгізеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осындай кеңес берген.
"ТЖ кезінде жалған ақпарат таратты" деп күдікке ілінген Әлнұр Ильяшев соты басталды
12 маусымда түстен кейін Алматының Медеу аудандық сотында "Төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратты" деп күдікке ілінген белсенді Әлнұр Ильяшевтің соты басталды. Сот онлайн өтіп жатқан кезде ғимарат сыртына 20-дан астам белсенді жиналып, онлайн сотқа қарсылық білдірді.
Оқиғадан тікелей эфирде хабар таратқан белсенді Даная Қалиева Ильяшев сотында видео түсіруге тыйым салынғанын, журналистерді онлайн процеске қоспай жатқанын айтты. "Барахолка, сауда орталықтары ашылып жатқан кезде неге сотты онлайн өткізеді? Пандемияны репрессия құралы ретінде пайдаланбаңыздар" деді билікке қарата сөйлеген белсенді.
#FreeAlnur деп жазылған, белсендінің суреті бар плакат ұстаған наразылар ғимарат алдында "Әлнұрға бостандық!" деп айқайлады.
- Әлнұр билік басындағыларды, партияны сынағаны үшін шындықты айтқаны үшін жазықты болып, қазір қамауда отыр. Сот процесі жүріп жатыр. Осындай әділетсіздіктер, осындай қиянаттар, осындай адамдардың конституциялық құқығын таптағаны үшін партияның жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаев және осы партияның арқасында билікте отырған Тоқаевқа наразымыз, - деді оппозициялық қайраткер Рысбек Сәрсенбайұлы наразылық кезінде.
Сәлден соң өзін Алмалы аудандық әкімдігінің өкілімін деп таныстырған қызметкер келіп, шараның "заңсыз" екенін ескертті. Бірақ белсенділер тараудан бас тартты.
Билікті сынап жүрген азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшев "Төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратты" деген күдікпен 17 сәуірде ұсталып, екі айға қамалған болатын. Бұған дейін полиция өкілдері "күдікті жұртшылықты әдейі жаңылыстырып, полицейлер талабына құлақ аспады", "өзі жариялаған ақпаратты сот талап етсе де терістемеді" деп мәлімдеген.
Ал жақтастары Ильяшев желіде "Нұр Отан" партиясын сынайтын жазбалар жариялағаны үшін қудаланды дейді. Бұған дейін оның заңгері "Ильяшев ісі" бойынша айыптау сот психологиялық-филологиялық сараптама қорытындысына, жорамалға негізделген деп мәлімдеген, іс материалындағы сәйкессіздіктер туралы айтқан еді.
Осыған дейін халықаралық ұйымдар және жергілікті құқық қорғаушылар биліктен белсенді Әлнұр Ильяшевті босатуды талап еткен.
Қазақстанда құқық қорғаушылар, халықаралық ұйымдар мен заңгерлер "билік Қылмыстық кодекстегі "Жалған ақпарат тарату" бабын өзіне жақпаған белсенділерге, сыни пікір айтатындарға қысым көрсетуге қолданады" деп алаңдаушылық білдірген.