Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

14:04 12.6.2020

Алматыда СOVID-19 анықтайтын тест орталығында кезек көбейді

Алматыда көліктен түспей СOVID-19-ды анықтауға тест тапсыратын мобильді орталық алдында кезек көбейді. 12 маусым күні таңертең тест тапсыруға келген көлік кезегінің кесірінен Әл-Фараби даңғылында ұзақ кептеліс пайда болды.

Коронавирусқа тест тапсыратын орталық алдына жиналған көліктер тізбегі. Алматы, 12 маусым 2020 жыл.
Коронавирусқа тест тапсыратын орталық алдына жиналған көліктер тізбегі. Алматы, 12 маусым 2020 жыл.

Тест тапсыруға адамдар түрлі себеппен келген.

- Алматыда тым көбейіп кетті ғой соңғы кездері. Содан қорқып келдім. Тексерілгім келді. Кеше де келгенмін, ұзақ кезек күткен соң қайтып кеткенмін, - дейді қала тұрғындарының бірі.

Ал азаматтардың тағы бір тобы жұмыстан тест тапсыру міндеттелгенін айтты.

- Тест тапсыруға 4 адам келдік. Құрылыс компаниясында істейміз. Жұмыстан тесттен өту керегін айтты, - дейді жарты сағаттан астам кезекте тұрған азамат. «Әріптестеріміздің біреуі коронавирус жұқтырыпты. Сол себепті бізді осында жіберді» дейді келесі көліктің жүргізушісі.

Ұзақ кезектен туған кептелісті реттеуге бірнеше полицей келді.

СOVID-19-ды анықтайтын тест орталығының қызметкері Әмірбек Әбунасыр карантин жеңілдеп, жұрт жаппай жұмысқа шыққанда келушілер тым көбейгенін айтады. Бүгінгі кезектің себебі де сол дейді. Екі апта сайын тұрақты түрде тексерілетіндер де бар. Коронавирус пандемиясына байланысты ауруханаға жатуға барған адамдар да тест қорытындысын апаруы керек.

Тест тапсырушылар көбейген соң орталық жаяу адамдарды да қабылдайтын бөлім ашқан. Ол жақта да кезек. Алдыңғы бөлік қашықтық сақтап тұрғанымен, кезектің соңындағы жұрт топтасып тұр. Олардың көбі «қандай мақсатта тест тапсыруға келдіңіз» деген Азаттық тілшісінің сауалына «жұмыстан жіберді, өзіміз де тексерілгіміз келеді» деп жауап берді.

Көліктен түспей тест тапсыратын орталық таңғы сағат 9-дан кешкі 4-ке дейін үзіліссіз, демалыссыз жұмыс істейді. Күн сайын 400-500 адам келеді. Тест тапсыру құны – 15 500 теңге.

Алматы қаласы - коронавирус жұқтырғандар саны жағынан республикада алда тұр. Мұнда COVID-19 ауруы анықталған, бірақ ауру белгісі байқалмаған адамдарды есептегенде барлығы 3426 адамға вирус жұққан. 10 адам қайтыс болған (Бірақ вирус жұқтырғандарды жерлейтін арнайы зиратта ондаған адам жерленген). 2008 адам жазылған. Бұған дейін қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин вирус жұқтырғандар осылайша көбейе берсе, карантин шараларын күшейтуге мәжбүр боламыз деп айтқан. 

12:57 12.6.2020

Нұр-Сұлтанда 330 медицина қызметкеріне коронавирус жұққан

Нұр-Сұлтанда 330 медицина қызметкеріне коронавирус жұққан. Бұл туралы 12 маусымда қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Сәуле Қисықова хабарлады. 

"Қалада барлығы 330 медицина қызметкерінен коронавирус табылған. Бұл - Нұр-Сұлтандағы республикалық, қалалық, ведомстволық мекемелер. Арасында қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарайтын 200 шақты медициналық ұйымдар да бар. Медицина қызметкерлерінің тек үштен бір бөлігі коронавирус инфекциясы жұққан науқастарды емдейтін стационарларда жұмыс істеген" деді Қисықова брифинг кезінде. 

Медицина қызметкерлері. Көрнекі сурет.
Медицина қызметкерлері. Көрнекі сурет.

Қаланың бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиеваның айтуынша, ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының 40 қызметкерінен коронавирус табылған. Олардың барлығы ауру белгілері байқалмағандықтан үй карантинінде жатыр. 

Бұған дейін жергілікті БАҚ Қарағанды облысында 46 медицина қызметкеріне вирус жұққанын хабарлаған еді. 

Соңғы мәлімет бойынша, Нұр-Сұлтанда симптомы жоқ науқастарды есептегенде барлығы 3005 адамнан коронавирус табылған. 1829 адам жазылған. 14 адам қайтыс болған. 

12 маусымда қаланың бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиева егер қалада коронавирус инфекциясын жұқтырғандар осылайша көбейе беретін болса, карантин шараларын күшейтеміз деп ескертті.

08:18 12.6.2020

Қазақстанда бір күнде мыңға жуық адамнан коронавирус табылды

Өткен тәулікте Қазақстанда 944 адамнан коронавирус табылған. Олардың 314-і - "симтомы бар" науқас, 630-ы - симптомы жоқ "тасымалдаушы". Эпидемия басталғалы бері бір күнде алғаш рет мыңға жуық адамнан коронавирус табылып отыр. Бұл - рекордтық көрсеткіш.  

Коронавирусты анықтайтын тест орталығы. Көрнекі сурет.
Коронавирусты анықтайтын тест орталығы. Көрнекі сурет.

Елде ресми мәлімет бойынша коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 17 031 адамға жетті. 13 872 адамда COVID-19 ауру белгісі байқалған, 3159 адамда ауру белгісі байқалмаған. 

Бір күнде 248 адам жазылған. Барлығы 8593 адам аурудан айыққан.

Эпидемия басталғалы бері барлығы 67 адам қайтыс болған. Қазақстанда коронавирус анықталған бірақ "басқа аурудан қайтыс болғандарды" ресми статистикаға енгізбейді. Олардың есебін бөлек жүргізеді. 4 маусымда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 37 адамның "басқа аурудан қайтыс болғанын айтқан". Содан бері бұл статистика айтылмады. 

Қазақстанда коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай 11 мамырда аяқталып, карантин шаралары біртіндеп алына бастаған. Бірақ кейбір аймақ билігі шектеу шараларын қайта қатаңдататынын айтып отыр. Мысалы, 13 маусымнан бастап Қарағанды облысында саябақтар, балалар алаңы қайта жабылады, бірқатар нысандардың жұмысы шектеліп, мемлекеттік және бюджет қызметкерлерінің басым бөлігі онлайн жұмыс істеуге көшеді. Жезқазған, Қарқаралы және өзге елді мекендерде блокбекеттер қайта қойылады.

07:18 12.6.2020

Ресейдің 9 аймағы Жеңіс парадын өткізуден бас тартты

Ресейде коронавирусқа байланысты аймақ басшылары 24 маусымға белгіленген Жеңіс күні парадын өткізуден біртіндеп бас тартып жатыр. Курск облысының билігі Жеңіс күніне арналған мерекелік шараны 23 тамызда өткізетінін айтты.

Бұған қоса, Ярославль облысы, Мордовия республикасы, Орынбор облысы да Жеңіс күнін атап өтуді кейінге қалдырған.

Жеңіс күніне дайындық. Мәскеу, 10 маусым 2020 жыл.
Жеңіс күніне дайындық. Мәскеу, 10 маусым 2020 жыл.

Ярославль облысының басшысы әзірге қоғамдық шара ұйымдастыратын кез емес деп мәлімдеді. Псков облысының билігі "соғыс ардагерлерінің денсаулығына қауіп төндірмеуді" жөн көрген.

Бұған дейін Камчатск, Перм өлкесі, Томск облысы, Белгород қаласы эпидемиологиялық жағдайға байланысты Жеңіс күнін тойлаудан бас тартқан. Орлов облысының губернаторы да "коронавирус инфекциясы жұғу қаупі сейілмегендіктен" парад өткізбейтінін хабарлаған.

Бұған дейін президент Владимир Путин 24 маусымда Жеңіс парады өтетінін мәлімдеп, ол күнді демалыс ретінде белгілеген. Ресей армиясының бас қолбасшысы Олег Салюков 24 маусымда Ресейдің 28 қаласында әскери парад өтеді деп айтқан.

Ресейдің қалған қалаларында парад өткізу-өткізбеу мәселесін аймақ билігі эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып өздері шешеді. Новосибирск қаласында парад өтеді, бірақ көрермен болмайды.

Тағы

XS
SM
MD
LG