Тәжікстан түрмелерінде 11 тұтқын "пневмониядан" қайтыс болған, туыстары билік сөзіне сенбейді
30 сәуір - Тәжікстанда коронавирус бары ресми түрде мойындалған уақыттан бері түрмелерде 11 тұтқын қайтыс болған. Бұл туралы Тәжікстанның қылмыстық атқару жүйесі басқармасының жетекшісі Мансуржон Омаров айтты. Оның сөзіне қарағанда тұтқындар "пневмониядан" қайтыс болған.
"Оларды тексерген кезде пневмония бары анықталды" деді Мансуржон Омаров.
Оның айтуынша, соңғы кезде түрмеде дене қызуы көтерілген науқастар қатары азайған және қазір 7 тұтқында ғана температура байқалады.
Жабық мекемелердегі адам өлімі туралы ақпарат тұтқындардың туыстары мен құқық қорғаушыларды алаңдатып отыр. Жақында Душанбедегі №1 түрмеде қайтыс болған 47 жастағы тұтқын Абдулфайз Раджабовтың туыстары Абдулфайз коронавирустан қайтыс болды деп санайды. Олардың айтуынша, ресми құжатта оның өлімінің себебі "пневмония" деп көрсетілген. Бұған дейін өзге азаматтар да Азаттықтың Тәжік қызметіне осыған ұқсас шағым айтқан. Тұтқындардың туыстарының айтуынша, наурыз айынан бастап кездесулер мен сәлемдеме беруге тыйым салынған.
Тәжікстанның пенитенциарлық мекеме өкілдері тұтқындар арасында коронавирус барын жоққа шығарып отыр. Қылмыстық атқару жүйесі басқармасы мекемелерде дәрі-дәрмек, рентген-аппараты, жасанды тыныс алу аппаратына байланысты мәселе де жоқ екенін айтады.
Тәжікстан билігі бұған дейін ұзақ уақыт елде коронавирус барын мойындамай келген. Азаттықтың Тәжік қызметінің жазуынша, азаматтық қоғам қысымынан кейін билік елге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерін шақыруға мәжбүр болған.
ДДСҰ сарапшыларының Тәжікстанға сапары қарсаңында азаматтық қоғам өкілдері халықаралық ұйым өкілдерін түрмедегі жағдайға назар аударуға шақырған еді. Белсенділер түрмелерде кейбір тұтқындарды босатып, санитарлық-дезинфекция шараларын күшейтіп, коронавирус қаупін азайту қажеттігін айтқан. Дегенмен Тәжікстанға барған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйым өкілдері түрмелерге бармаған, оның себебі де белгісіз.
Бұған дейін Еуропадағы тәжік оппозициялық топтары құрған саяси тұтқындарды қорғау комитеті вирус түрмелерде жылдам тарап жатыр деп дабыл қағып, биліктен шара қолдануды талап еткен. Комитет халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдеріне түрме ішін аралауға рұқсат беруді сұраған.
Ресейде COVID-19 анықталған науқастар жарты миллионнан асты
Өткен тәулікте Ресейде коронавирус инфекциясы 8799 адамнан табылған. Эпидемия басталғалы бері жарты миллионнан астам адамға вирус жұққан. Бір күнде 174 адам қайтыс болды. Барлығы 6,5 мыңнан астам адам көз жұмған.
Роспотребнадзор мәліметінше, елде бір күнде 330 мыңдай тест жүргізілген. Шамамен 322 мың адам медицина қызметкерлерінің бақылауына алынған.
Осы апта ортасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Ресейде коронавируспен байланысты адам өлімі көрсеткішінің төмен болу себебін түсіндіру қиын деп мәлімдеген еді. ДДСҰ өкілінің айтуынша, Ресейдің халық санын есепке алғанда COVID-19-дан қайтыс болғандар саны өзге елдермен салыстырғанда төмен.
Бұған дейін бірқатар халықаралық басылымдар Ресейде коронавирустан қайтыс болғандар саны ресми статистикада келтірілген көрсеткіштен 70 пайызға артық болуы мүмкін деп топшылаған. Тәуелсіз сарапшылар аймақ басшылары деректерді бұрмалауы мүмкін деп санайды. Ал билік мұны жоққа шығарады.
Оқи отырыңыз: Ресей батыс басылымдарын вирустан қайтыс болғандар саны туралы мақалаларды жоққа шығаруға шақырды
БҚО: Басқарма облыста коронавирустан қайтыс болған үшінші науқас туралы айтты
Батыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясынан үшінші науқас қайтыс болды. 79 жастағы науқас облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 7 маусымда көз жұмған.
22 мамырда дәрігерлерге көрінген зейнеткердің дене қызуы болған. 25 мамырда жағдайы нашарлап, 27 мамырға қараған түні реанимация бөліміне ауыстырылған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Болатбек Каюпов хабарлады.
- 7 маусымда әйел қайтыс болды. 26 мамыр күнгі ПЦР-тест коронавирус барын көрсеткен. Диагнозы - "COVID-19 коронавирус инфекциясы, ауыр түрі", - деді ол. Оның сөзіне қарағанда бұған қоса, науқаста жүрек аурулары болған, пневмонияға шалдыққан.
Бұл коронавируспен байланысты облыста тіркелген үшінші адам өлімі. 3 маусымда коронавирустан - 68 жастағы әйел, 30 мамырда Атырау облысы Теңіз кенішінде вахталық әдіспен жұмыс істеген 53 жастағы ер адам қайтыс болған еді.
Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, облыста 4 адам жасанды аппаратпен тыныс алып жатыр. Ресми мәлімет бойынша, аймақта 1108 адамға коронавирус жұққан, 878 науқастың симптомы бар, 230 адамның симптомы жоқ.
Қазақстанда симптомы жоқ науқастарды қосқан кезде барлығы 16 мыңнан астам адамнан коронавирус табылған. Жартысынан астамы жазылған. 67 адам коронавирустан қайтыс болған.
АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар 2 миллионнан асты
АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар 2 миллион адамнан асты. Бірнеше штабтың денсаулық сақтау қызметі демалыс күндері атап өтілген Еске алу күнінен кейін науқастардың ауруханаға көптеп түсе бастағанын хабарлаған.
10 маусымда Аризона штатында COVID-19 диагнозы қойылған науқастар саны рекордтық көрсеткішке жеткен. Еске алу күні штаттың туристік аймақтарына көп адам жиналған.
Карантин шараларын жұмсартқан Техас, Флорида, Солтүстік Каролина штаттары да COVID-19 жұқтырған көп науқас анықталғанын хабарлаған.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар 2 млн 464 мың адамға жеткен, 113 мың адам коронавирустан қайтыс болған. Бұл әлем бойынша коронавируспен байланысты адам өлімінің төрттен біріне тең.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, Латын Америкасы вирустың жаңа ошағына айналған. Мұнда 70 мыңнан астам адамға вирус жұққан. Бразилияда шамамен 40 мың адам өлімі тіркелген, өткен тәулікте 1200-ден астам адам қайтыс болған. Науқастар мен адам өлімі көбейгеніне қарамастан Бразилияның ондаған қаласы 11 маусымнан бастап карантин шараларын жұмсартады.