Accessibility links

live Шығыс Қазақстанда Covid жұқтырғандар күрт артты. Елдегі коронавирус ахуалы қандай?

Covid-19 індеті жайлы әлемдегі және Қазақстандағы ақпараттарды шолып шығыңыз.


Көшеде кетіп бара жатқан маска таққан адамдар. Алматы, қыркүйек айы, 2020 жыл.

Негізгі деректер

Әлемде Covid-ке шалдыққандар 45 миллион адамнан асты. Бір миллион 181 мың адам қайтыс болды. 30,3 миллион адам аурудан жазылған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

10:09 16.10.2020

Өткен тәулікте 108 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды, 179 адам жазылды

15 қазан күні Қазақстанда 108 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Бір күнде 179 адам жазылды.

Денсаулық сақтау министрлігінің 16 қазан таңертең таратқан хабарламасындағы ақпаратқа сүйенсек, бейсенбі күні Нұр-Сұлтанда - 16, Солтүстік Қазақстан облысында - 14, Алматы қаласында 12 адамға коронавирус жұққаны анықталған. Шымкент қаласы мен Қызылорда облысында науқас тіркелмеген.

Қазақстанда вирус жұқтырғаны Covid тестімен расталған адамдар саны 109 202-ке жетті. Оның ішінде 104 801 науқас аурудан айыққан, 1780 адам қайтыс болған. Коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам бұл статистикаға кірмей қалған.

Коронавирус жөніндегі ұлттық статистикаға Covid тестімен расталмаған бірақ белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония дерегі де қосылмай отыр. Үкімет мұндай пневмонияның есебін 1 тамыздан бері жүргізіп келеді. Осы күнге дейін 35 393 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды. Оның 27 978-і жазылып шықты, 374-і қайтыс болды.

Коронавирус пневмониясы науқастары 1 тамызға дейін де анықталған, бірақ оның жалпы санын денсаулық сақтау министрлігі нақтыламады. Министрліктің мәлімдеуінше, 1-8 шілде аралығында 56,8 мың адамнан пневмония анықталса, соның 39,7 мыңында коронавирус белгілері болған. Мұның ешқайсысы коронавирус статистикасына қосылмады.

17:53 15.10.2020

Еуропада коронавирус жұқтырғандар күрт артты, мемлекеттер қайта локдаун енгізіп жатыр

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Еуропада коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың күрт көбеюі одан қайтыс болғандардың санын да арттыруы мүмкін деп ескертті.

Кейінгі күндері құрлықтың барлық елдері қоғамдық орындар мен мекемелерді қайта жауып, жүріс-тұрысты шектеп жатыр.

14 қазандағы есеп бойынша, әлемде 38 миллионнан астам адам Covid жұқтырып, 1,1 миллион кісі осы дерттен көз жұмған.

Еуропада күн сайын 100 мыңдай адам инфекция жұқтырып жатыр. Италия, Чехия, Швейцария және Ресейде көрсеткіш бәрінен жоғары.

Қазір әлемде күніне 5 мыңдай адам осы аурудан көз жұмып жатыр. Бұл – пандемияның шарықтау шегі болғаны сәуірдегі көрсеткіштің үштен бірі.

"Онсыз да шамадан тыс салмақ түскен медицина жүйесі мен қажыған және саны аз медицина қызметкерлеріне бұрынғыдан да көп жүк түседі" деп ескертеді мамандар.

"Әдетте дерт жұқтырғандар саны күрт артқаннан соң екі аптадан кейін өлім саны да арта бастайды. Өлім деңгейі төмен деп алаңсыз отырмауымыз керек. Көп айтылып жүрген "топтық иммунитет" тек жаппай вакцина салу басталғанда ғана қалыптасуы мүмкін. Індеттің таралуын тоқтату үшін халықтың кемінде 70 пайызы вакцина алуы керек" деді ДДСҰ-ның бас ғылыми қызметкері Сумия Сваминатан 14 қазанда әлеуметтік желіде өткізілген шарада.

Инфекция жұқтырып, жазылып шыққандардың иммунитеті қанша уақытқа созылатынына қатысты да сұрақтар бар, себебі Covid-ті қайта жұқтырғандар саны да артып барады.

"Дертке қарсы вакцинаны жедел әзірлеу үшін талас жүріп жатқанымен, жұртқа жаппай екпе салудың қашан басталары беймәлім" дейді ДДСҰ өкілі.

Батыстағы үміт күттірген екі вакцина – Johnson & Johnson мен AstraZeneca қауіпсіздікке байланысты сынақты уақытша тоқтатты.

Еуропадағы мемлекеттік және жергілікті үкіметтер жаздың соңында өсе бастаған ауру көрсеткіштерін төмендетуге бар күшін салып жатыр.

Франция халық денсаулығына төнген қауіпке байланысты шілдеден бері алғаш рет төтенше жағдай жариялады. Президент Эммануэль Макрон телеарнадан сөз сөйлеп, Париж бен тағы сегіз қалада кемі төрт апта комендант сағатын енгізетінін мәлімдеді. 17 қазаннан бастап осы сегіз қаланың тұрғындары кешкі 9-дан таңғы 6-ға дейін үйінен шықпауы керек.

"Әрекет ететін кез келді. Вирустың таралуына тосқауыл қоюымыз керек" деді Макрон.

Испанияның солтүстік-шығысындағы Каталония басшылығы вирусты бәсеңдету үшін мейрамхана мен бар атаулы кемінде 15 күнге жабылатынын хабарлады.

Испания – Covid жұқтырғандар саны жөнінен Еуропа одағында көш бастап тұрған елдердің бірі. Мұнда осы күнге дейін 900 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырып, 33 мыңдай кісі көз жұмған.

Солтүстік Ирландия пабтар мен өзге де тамақтану орындарын төрт аптаға жабатынын хабарлады.

Нидерланды да осыған ұқсас шаралар қабылдады, сонымен бірге мұнда алкоголь өнімдерін сатуға шектеу қойылып, қоғамдық орында бетперде кию тәртібі күшейді.

14 қазан Ресейде бір тәулікте 14 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырған, бұл – пандемия басталғалы бергі ең көп рекорд. Соңғы 11 күнде мұнда тәуліктегі көрсеткіш 10 мың адамнан төмендемей тұр. Ресей қазірдің өзінде Covid жұқтырғандар бойынша әлемде төртінші орында тұр. Мұнда коронавирусы бар 1,3 миллионнан астам адам тіркелген.

11 миллион халқы бар Чехияда вирус жұқтырғандар саны күрт артқан соң, басшылық ауруханадағы жай палаталарды коронавирустан емдейтін орынға айналдырып, шұғыл емес операцияларды кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады.

Наурызда Прагада барлық жерде бетперде кию міндеттеліп, өте қатаң локдаун енгізілген, соның арқасында індет көп таралмай қалған. Бірақ Чехия жазда басқалардан көбірек еркіндік берді әрі тамыз-қыркүйекте ауырғандар көбейгенде локдаун енгізуге асықпады. Қазір Чехияда ауруханаға жатқызылғандар саны пандемияның бірінші кезеңінен шамамен алты есе көп.

Бұған қоса, Чехияда 4 мыңнан астам аурухана қызметкері коронавирус жұқтырған, бұл елдің денсаулық сақтау жүйесіне ауыр салмақ болып отыр.

Еуропаның экономикасы ең үлкен елі – Германияда Covid жұқтырғандар тәулігіне 5 мыңнан асып тұр. Канцлер Ангела Меркель жағдай жақсармаса, маска тағу және шараларға жиналатын адам санын шектеу сияқты қатаң ережелер енгізуі мүмкін екенін айтты.

Британия премьер-министрі Борис Джонсон қатаң шараларды қолға алуды талап етіп отыр. Ал министрлер студенттер демалыста вирусты үйлеріне алып бармауы үшін рождестводан екі апта бұрын университеттерді жабу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

AFP, Reuters AP ақпараттары негізінде әзірленді.

15:37 15.10.2020

Тамызда 17,8 мың адам қайтыс болды. Өлім саны былтырғы тамызбен салыстырғанда 1,7 есе өскен

Коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеуге арналған зират. Қараой ауылының маңы, Алматы облысы, 25 мамыр 2020 жыл.
Коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеуге арналған зират. Қараой ауылының маңы, Алматы облысы, 25 мамыр 2020 жыл.

Қазақстанда биылғы тамызда 17 835 адам қайтыс болды. Бұл туралы Қазақстан статистика комитетінің жаңарған дерегінен көруге болады. Өлім саны былтырғы тамызбен салыстырғанда 1,7 есе өскен.

Ресми статистикаға сәйкес, 2018 жылғы тамызда 9963 адам, 2019 жылғы тамызда 10 477 адам көз жұмған. Биыл тамызда өткен жылдың тамызына қарағанда 1,7 есе көп адам қайтыс болған.

Өлім саны мамыр айынан бастап алдыңғы жылдың көрсеткіштерінен жоғары болып келеді. Мәселен 2018-2019 жылдары мамыр айында 11 мыңнан астам кісі қайтса, 2020 жылғы мамырда көз жұмғандар саны 14 мыңнан асқан. Алдыңғы жылдары маусым айында орташа есеппен 10 мың адам қайтыс болса, биыл маусымда 15 мыңға жуық адам өлген.

Ең үлкен көрсеткіш шілде айында тіркелді. Жетінші айда елде 28 178 адам қайтыс болды. 2018 жылғы шілдеде 11289, 2019 жылғы шілдеде 12420 адам қайтыс болған.

Биыл қаңтар мен тамыз аралығында барлығы 111 мыңдай адам көз жұмған. Былтыр осы аралықта 89 510 адам қайтыс болған.

Жергілікті сарапшылар арасында қайтыс болу көрсеткішінің артуына коронавирус пандемиясы әсер етуі мүмкін деген пікір бар. Халықаралық деңгейдегі мамандар өлім санының артуына коронавирустың әсер етіп отырғанын растай отырып, биылғы көрсеткіштің алдыңғы жылдардың дерегінен айырымы тұтастай коронавирус өлімін білдірмейді дейді. Яғни былтыр 10 мың адам қайтып, биыл 17 мың адам көз жұмса, былтырғы көрсеткіштен артылып тұрған 7 мың адамның бәрі коронавирустан қайтыс болмауы мүмкін. Жұқпалы ауру індетіне қатысты "артық өлім көрсеткіші" деген ұғым қолданылады. Бұл ұғымға сәйкес, ауру өршіген тұста, денсаулық сақтау саласына артық салмақ түсіп, қалыпты жағдайда емделетін аурудан қайтыс болатындар көп болуы мүмкін. Сонымен қатар індеттің тарауы және карантин шектеулері адамдардың психикалық саулығына әсер етіп, суицид деңгейін арттыруы ықтимал.

Билік дерегі бойынша, Қазақстанда эпидемия басталғалы барлығы 109 094 адамның коронавирус жұқтырғаны расталды. Оның 1780-і көз жұмған. Сонымен қатар вирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам бар. Олардың дерегі коронавирус статистикасына қосылмай отыр. 24 тамызда "ілеспе аурудан" 556 адамның қайтыс болғаны айтылған. Мұның бәрі Covid тестімен расталған дерек.

Ел үкіметі 1 тамыздан бері вирус жұқтырғаны Covid тестімен расталмаған коронавирус пневмониясы науқастарының есебін жүргізіп келеді. Екі айдан астам уақытта елде барлығы 35 393 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Оның 374-і қайтыс болған.

11:33 15.10.2020

Бір тәулікте коронавирустан 5 адамның қайтыс болды

Метро жолаушылары коронавирус пандемиясы кезінде. Көрнекі сурет.
Метро жолаушылары коронавирус пандемиясы кезінде. Көрнекі сурет.

14 қазан күні Қазақстанда коронавирустан 5 адамның қайтыс болғаны анықталды. Оның төртеуі – вирус жұқтырғаны Covid тестімен расталған науқас, біреуі – диагнозы ауру белгісі бойынша қойылған пневмония науқасы. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Қазақстан Covid жөніндегі ұлттық статистикасына тек Covid тесті оң нәтиже берген науқастарды ғана қосып келеді. Алғашқы науқас тіркелген 13 наурыздан бері елде барлығы 109 094 адамның вирус жұқтырғаны зертханалық тестімен расталды. Оның 1780-і қайтыс болды. Covid өлімінің бұл статистикасына коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ билік "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмей қалған.

Ел үкіметі 1 тамыздан бері Covid тестімен расталған коронавирус пневмониясының есебін жүргізіп келеді. Екі айдан асқан бұл есепте 35 393 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылғаны айтылады. Оның 374-і ауру салдарынан көз жұмған. Билік коронавирус пневмониясы дерегін коронавирус жөніндегі ұлттық статистикаға қоспай отыр. Бірақ дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанның Covid пен коронавирус пневмониясы деректерін біріктіріп көрсетіп отыр. Екі деректі біріктіргенде Қазақстанда 144487 коронавирус науқасы есепке алынған болар еді, ал аурудан қайтыс болғандар саны ресми түрде 2154-ге жетер еді.

Жергілікті сарапшылар арасында ресми дерекке күмән келтіріп, ауруға шалдыққандар мен одан қайтыс болғандар саны ресми көрсеткіштен жоғары дейтіндер бар.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG