Өзбекстанда коронавируспен ауырғандарға тіл тигізгендер жазаланады
Өзбекстан үкіметі жедел штабының ресми Telegram-каналының хабарлауынша, коронавирустан емделген және карантинде жатқан адамның ар-намысына тиіп, қадір-қасиетін қорлағаны және бұл санаттағы адамдардың жеке өмірі жайлы мәлімет таратқаны үшін 9 миллион сум (930 доллар) айыппұл салынады.
Бұл әрекетті тағы да қайталаған жағдайда 22,3 миллион сум (2330 доллар) айыппұл салынады немесе 300 сағат қоғамдық жұмысқа жегіледі, я болмаса 2 жыл түзеу жұмыстарына салынады.
Егер жеке басына байланысты мұндай ақпараттар заңсыз жарияланып, оның салдары ауыр болса, кінәлі адамға 44,6 млн сум (4660 доллар) айыппұл салынады немесе 360 сағат қоғамдық жұмысқа жегіледі, я болмаса 3 жылға дейін бостандығы шектеледі немесе қамауға алынады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Өзбекстанда 998 адам коронавирус жұқтырған, 85 науқас дерттен жазылып шыққан. Төрт адам інденттен қайтыс болған.
Қазір елде карантинде жатқан 80,3 мың адам бар. Олардың 57,6 мыңы - үйінде, және 22,7 мыңы - стационарда карантинде.
Қырғызстанда 430 адам коронавирус жұқтырған
Қырғызстанда коронавирус індеті 20-24 сәуірде тарау шегіне жетуі мүмкін. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрінің орынбасары Нурболот Усенбаев хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі. Шенеуніктің сөзінше, елде коронавирустың тарауын зерттеп, болжам жасау үшін құрылған сараптау тобының құрамына тәжірибелі мамандар, ғалымдар мен білім мекемелерінің өкілдері енген.
«Індеттің таралуын дүниежүзіндегідей елімізде де үнемі бақылауда ұстап отыр. Сараптау тобының кейінгі мәліметі бойынша, елімізде сәуірдің 20-ы мен 24-і аралығында шарықтау шегіне жетуі ықтимал» деген Усенбаев.
14 сәуірдегі ресми мәліметке сай, Қырғызстанда 430 адам коронавирус жұқтырған:
- Бішкек қаласы - 77
- Ош қаласы - 59
- Ош облысы - 128
- Баткен облысы - 5
- Жалал-Абад облысы - 93
- Шу облысты - 28
- Ыстықкөл облысы - 6
- Нарын облысы - 34
Талас облысында вирус жұқтырғандар тіркелмеген. Елде коронавирустан 5 адам қайтыс болған.
Алматыда жүзден астам медицина қызметкеріне COVID-19 жұққан
Кейінгі бір тәулікте Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 174 адам анықталды, олардың 116-ы – дәрігер.
- Қалалық орталық аурухананың 110 қызметкері, жедел жәрдем қызметінің екі өкілі, №11 қалалық клиникалық емхананың бір қызметкері, №1 қалалық клиникалық аурухананың бір қызметкері вирус жұқтырған, - деп хабарлады Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тілеухан Әбілдаев.
Оның айтуынша, дәрігерлерге вирус симптомдары байқалмаған соң дертке шалдыққаны білінбеген науқастардан жұққан болуы мүмкін.
- Алматыдағы емханалардың барлығының ішінде індетке қарсы шара күшейтілді, қызметкерлерге коронавирус тестінен өту міндеті артылды, - деді Әбілдаев.
Кейінгі мәліметке сай, Алматыдағы инфекциялық стационарларда коронавирус жұқтырған 295 науқас емделіп жатыр. Ауыр халде жатқан жеті адамның екеуі – медицина қызметкерлері. 41 науқастың жағдайы орташа ауыр, 247 адамның жағдайы қанағаттанарлық деп хабарланды.
Алматының провизорлық орталықтарында 252 адам бар. Тағы 366 адам карантинде оқшау жағдайда. Ал 7097 адам үйінде карантинде отыр.
Нұр-Сұлтан мен Шымкентте вирустан қайтыс болған екі адам туралы
Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бірнеше күн бұрын, 11 сәуірде 70 жастағы науқас провизорлық стационарға ауыр халде жеткізілген. Туыстарының айтуынша, соның алдында үш күн бойы оның қызуы көтерілген. Тыныс алуы қиындаған соң дәрігер шақыртқан.
Қарқынды терапияға қарамастан 13 сәуірде сағат 22:20-де науқастың жүрек соғысы тоқтады. Реанимациялық іс-шаралар толық көлемде жүргізілді, алайда сағат 23:40 шамасында ол адам қайтыс болды деп хабарлады билік.
Шымкент қаласында қайтыс болған науқас Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Рабат ауылында тұрған. 58 жастағы азамат ыстығы көтерілген соң дәрігер көмегіне жүгінген. 11 сәуірде Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасының жан сақтау бөліміне жатқызылып, жасанды дем алу аппаратына қосылған.
Науқас бұған дейін артериалдық гипертензиямен ауыратын науқас ретінде диспансерлік есепте тіркеуде тұрған. Вирус жұқтырған азаматқа емдеу хаттамасына сәйкес қажетті ем шаралары жүргізілген. 14 сәуірде таңертегі сағат жетінің шамасында науқас реанимация бөлімінде қайтыс болған. Науқаспен қарым-қатынаста болған ұлы Шымкент қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған.