АҚШ, Еуроодақтың кей елдері шектеуді босаңсытуға әзірленіп жатыр
АҚШ пен Еуропа одағында коронавирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны көбейгенін қойып, азаюға бет алған шақта үкімет кәсіпорындарды қайта жұмысқа қосып, экономиканы жандандыру мақсатымен алдын ала шараларды қолға алмақшы. Алайда денсаулық сақтау органдары шектеу шараларын бірден босаңсыту індеттің жаңа қарқынмен қайта өршуіне себеп болуы мүмкін деп ескертеді.
Джонс Хопкинс атындағы университеттің мәліметінше, дүниежүзінде COVID-19 вирусын жұқтырғандар 1,9 миллионнан асқан, пандемия кезінде 120 мыңнан астам адам қайтыс болған.
АҚШ президенті Дональд Трамп 14 сәуірде ел экономикасын қайта жандандыруға жауапты жедел топ құратынын мәлімдеді. Пандемияға байланысты кәсіпорындар жабылып, түрлі шектеулер енгізілген соң кейінгі үш аптада 17 миллионнан астам америкалық жұмыссыз қалды.
13 сәуірдегі мәлімет бойынша, АҚШ-та жұқтырған 682 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырған, 23 мыңнан аса адам көз жұмған.
АҚШ президентінің әкімшілігі 1 мамырдан бастап кей шектеулерді босаңсытуды ұсынған. Дүйсенбіде Трамп қандай шектеулер алынатынын "жақын күндері" жариялайтынын мәлімдеген. Оның сөзінше, Еуропаға баруға салынған тыйым "уақыты келгенде" жойылады.
Джонс Хопкинс университетінің 14 сәуірдегі мәліметінше, Еуропада коронавирустан 76 мыңнан астам адам көз жұмған. Пандемиядан қатты зардап шеккен елдер әлі де күн сайын жүздеген адам қайтыс болғаны туралы хабарлайды, бірақ қаза саны бұрынғымен салыстырғанда азайып бара жатыр.
АҚШ Ресейге вакцина жасау үшін коронавирус штамын берді
Ресей компаниясы АҚШ-тан зерттеу жүргізуге және вакцина дайындауға қажетті коронавирус штамын алып, елге жеткізді. Томск кеден қызметінде толтырылған декларацияда вирус бөлшектері көрсетілген. Бұл туралы ақпарат Сібір кеден басқармасының сайтында жарияланды. Бірақ АҚШ-тан Ресейге штамм жеткізген компанияның аты көрсетілмеген.
Сауытқа салынған вирус бөлшектерінің салмағы 88 грамм. Оларды арнайы тоңазытқыш контейнерге салып жеткізген.
Хабарламада кеден инспекторлары әдетте бір жұмыс күнін алатын рәсімдеу шарасын бір сағаттың ішінде бітіріп, тауарды босатқаны айтылған.
Томск кедені арқылы осымен екінші рет Ресейге вирус бөлшектері енгізіліп отыр. Бұған дейін алғаш рет 30 қаңтарда шетелден әкелінген болатын.
4 сәуірде Новосибирск қаласындағы "Вектор" орталығы мамырда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны клиникада зерттеу жұмыстарының алғашқы кезеңіне биыл мамырда кірісуге дайын екенін мәлімдеген. 60 ерікті енгізілген тізім кейін белгілі болған. Олардың арасында вакцинаны жасаушы Ильназ Иматдинов та бар.
Дүйсенбіде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус коронавирус инфекциясын тек тиімді вакцина болғанда ғана тоқтатуға болады деп мәлімдеген. COVID-19 қайта өршімеу үшін вакцина әзірлеу қажет дейді ол.
Коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеу жұмысын көптеген елдер қолға алған. Бірақ оны дайындау ұзақ уақыт алатындықтан кемінде бір жылсыз ондай вакцина қолға тимейді дейді сарапшылар.
Қазақстанда тағы 23 адамға коронавирус жұққаны анықталды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің елдегі коронавирус инфекциясының ахуалына байланысты 14 сәуір, сағат 18:30-да таратқан ақпаратында COVID-19 жұқтырғандар қатары тағы 23 адамға көбейгені айтылған:
Алматы қаласы - 4
Түркістан облысы - 5
Алматы облысы - 2
Нұр-Сұлтан қаласы - 4
Қостанай облысы - 2
Ақмола облысы - 6.
Қазір елде 1199 адамнан вирус табылды.
ҚМДБ: Биыл Рамазан айында тарауық намазы мешітте жамағатпен оқылмайды
Коронавирус пандемиясына байланысты биыл рамазан айында тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайды. Бұл ақпаратты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына сілтей отырып, биліктің Қазақстандағы коронавирус жайлы мәліметтерін тарататын coronavirus2020.kz сайты жариялады.
Бас мүфтидің айтуына қарағанда, "төтенше жағдайға байланысты карантин кезіндегі рамазан айында тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайды. Әркім тарауық намазын өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқиды".
Бұған дейін ҚМДБ төтенше жағдай кезінде онлайн-уағыздар мен дәрістердің арнайы кестесін бекіткен. Діндарлар сұрағына жауап беру үшін арнайы call-center ашқан.
Рамазан айы биыл Қазақстанда 24 cәуірде басталады. 30 күнге созылатын рамазан (ораза) айында кешкі ауызашардан кейін тарауық намазы оқылады.