Алматының орталық клиникалық ауруханасының басшысы қызметінен кетті
Алматы қаласының №12 орталық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Алмас Джувашев қызметінен кетті. Бұл ақпаратты қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап жергілікті басылымдар хабарлады.
Алматы қаласының бас санитар дәрігері Айзат Молдағасымованың хабарлауынша, №12 ауруханада 182 медицина қызметкеріне коронавирус жұққан.
"Басшысы қызметтен кетті, оның қарамағындағы шамамен 200 адам ауырып жатыр. Ол ұйымдастыру ісінде кеткен қателіктерін білгеннен кейін өз еркімен қызметінен кету туралы өтініш жазды" деді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.
Informburo.kz сайтының хабарлауынша, карантинге жатқызылған аурухана дәрігерлері видео түсіріп, Алмас Джувашевті қызметіне қайтаруды талап еткен. Әзірге Джувашевтің өзі түсініктеме берген жоқ.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 15 сәуірге қараған түні Facebook желісінде Алматының орталық клиникалық ауруханасындағы жағдайға байланысты пікір білдірді. Ол министрлік өкілдерінің карантинге жатқызылған аурухана қызметкерлерімен кездесу өткізетінін айтып, "барлық мәселе эмоциясыз, заң аясында шешіледі" деді.
Алмас Джувашев Алматының №12 орталық клиникалық ауруханасының басшысы қызметіне 2019 жылы мамыр айында тағайындалған. Қазір аурухана басшысының міндетін осы мекемені 2012-2017 жылдары басқарған Марат Абдуллаев уақытша атқарады.
Қазақстанда вирус жұқтырғандар 1262 адамға жетті
Денсаулық сақтау министрлігінің 15 сәуір, таңертеңгі сағат 9:15-тегі мәліметіне сай, елде тағы 29 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды:
- Атырау облысы - 1
- Шымкент қаласы - 1
- Батыс Қазақстан облысы - 6
- Маңғыстау облысы - 1
- Қызылорда облысы - 3
- Қарағанды облысы - 2
- Нұр-Сұлтан қаласы - 9
- Алматы қаласы - 6.
Қазақстан бойынша коронавирус жұқтырғандар 1261 адамға жеткен.
Алматыда тағы алты адамнан коронавирус анықталды
Тест зерттеуінің қорытынысынан соң Алматы қаласында коронавирус жұқтырған тағы алты адам анықталды. Бұл туралы 15 сәуірде Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Осылайша Алматыда COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 370 адамға жетті.
Қазақстан бойынша коронавирус 1267 адамға жұққан. 203 науқас дерттен жазылып, 14 адам қайтыс болған.
Фотогалерея: Алматыдағы карантин
14 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін 2020 жылдың 1 мамырына дейін ұзарту туралы жарлық шығарды. Алматы мен Нұр-Сұлтан 19 наурыздан карантинге жабылған.
Азаттық тілшісі үш аптадан бері карантинде өмір сүріп жатқан Алматы көшесін аралап көрді.
Карантиндегі Алматы