Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

19:09 15.4.2020

Ақтаева: Қазақстан вирус тарауының шырқау шегіне келді

Қазақстанда қазір 370 медициналық қызметкерге коронавирус жұққан. Олардың басым бөлігі Алматы қаласы (197) мен Нұр-Сұлтан қаласында (92). Дәрігерлер арасында жансақтау бөлімінде жатқандар жоқ. Бұл туралы 15 сәуірдегі брифингте Қазақстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева айтты.

Министрдің орынбасары елде кейінгі күндері вирус жұғу 12,9 пайызға өскенін айтты. Ақтаева "Қазақстан вирус тарауының шырқау шегіне келді. Жүз мың адамға шаққанда әрбір 7 адамға вирус жұққан. Сондықтан 20 сәуірге дейін тест жасау көбейеді" деп мәлімдеді.

Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Қазақстанда 80 баладан вирус анықталғанын, олардың жағдайы жақсы екенін айтты. Сөзінше, вирус жұқтырған балалардың арасында жаңа туған бір сәби бар. Вирус оған және анасына туысқанынан жұққан. Сондай-ақ бір жасқа толмаған екі баладан вирус табылған.

Қазір Қазақстанда барлығы 1290 адамнан вирус табылды. 240 адам дерттен айықты. 16 адам көз жұмды. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, ауруханада жатқан 21 адамның жағдайы ауыр.

21:39 15.4.2020

Елде тағы бес адамнан коронавирус табылды

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 15 сәуір 22.30-дағы мәліметіне сай, елде тағы 5 адамнан коронавирус табылды: Қарағанды облысында – 1 адам, , Батыс Қазақстан облысында – 2 адам, Солтүстік Қазақстан облысында – 2 адам.

Елде вирус жұқтырғандар 1295 адамға жетті. 240 адам дерттен айықты. 16 адам қайтыс болды

07:32 16.4.2020

Германия канцлері бірқатар шектеу шараларын алып тастады

Германия канцлері Ангела Меркель.
Германия канцлері Ангела Меркель.

Германия канцлері Ангела Меркель коронавирус індетіне байланысты енгізілген бірқатар шектеу шараларын алып тастады.

Меркельдің айтуынша, келесі аптадан бастап аумағы 800 шаршы метрден аспайтын дүкендер ашылады. Автосалон, кітап және велосипед дүкендері, кітапхана, мұрағат, музей, жануарлар және ботаникалық бақтар жұмыс істей бастайды.

Алайда әлеуметтік оқшаулану ережелері 3 мамырға дейін сақталады. Меркель сонымен бірге қоғамдық орындарда қорғаныш маскаларын тағып жүруге кеңес берді. Канцлердің айтуынша, қатаң шаралардың арқасында вирустың тарауы бәсеңдеген.

4 мамырдан бастап Германияда мектептер, шаштараздар ашылады. Бірақ тамыз айының соңына дейін ірі қоғамдық шара өткізуге тыйым салынған. Бар, дәмхана, мейрамхана, кинотеатрлар, концерт залдары жабық болады.

Германияда соңғы мәлімет бойынша шамамен 127,5 мың адамнан коронавирус табылған. 3200-ден астам адам қайтыс болған.

Бұған дейін Еуропаның өзге елдері де кейбір шектеу шараларын алып тастаған. Данияда 14 сәуірде мектептер мен кейбір балабақшалар жұмыс істей бастады. Испанияда құрылыс жұмыстары қалпына келді. Австрияда шағын дүкендер жұмысына оралды. 1 мамырдан бастап таза ауада кейбір спорт түрлерімен айналысуға рұқсат етіледі.

Францияда қатаң карантиндік шаралар 11 мамырға дейін созылады. Бельгияда 3 мамырға дейін шектеу шаралары сақталады.

08:06 16.4.2020

Лондон-Петропавл бағытымен ұшып келген екі жолаушыдан коронавирус табылды

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Денсаулық сақтау министрлігі 15 сәуір кешкісін Солтүстік Қазақстан облысында екі адамнан коронавирус табылғанын хабарлаған болатын. Олардың екеуі де Лондон-Петропавл бағыты бойынша келген ұшақта болған.

"Бұлар: 20 жастағы студент және 40 жастағы әйел. Олардан коронавирус табылғаннан кейін инфекциялық стационарға жатқызылды. Науқастардың жағдайы - бірқалыпты. Олармен байланыста болған адамдармен жұмыс жүргізіліп жатыр" деді Солтүстік Қазақстан облысының тауарлар және көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігі департаментінің баспасөз хатшысы.

Ақпаратқа сәйкес, 14 сәуірде Лондоннан Петропавлға келген ұшақ бортында 95 адам болған. Олар екі күндік карантинге жатқызылған.

Қазақстанда барлығы 1295 адамнан коронавирус табылған. 220 адам жазылған. 16 адам қайтыс болған.

Тағы

XS
SM
MD
LG