Қырғызстанда бір топ депутат вируспен күрес шараларын қолдау үшін жалақыларынан бас тартты
"Қырғызстан" парламенттік фракциясының өкілдері коронавируспен күрес шараларын қолдау үшін екі айлық жалақыдан бас тартты. Бұл туралы фракция мүшесі Канат Исаев 15 сәуір күнгі парламент отырысында айтты.
Оның сөзіне қарағанда "көптеген қырғыз азаматтары жұмысынан айрылып, көптеген адамдар коронавирус инфекциясымен күресу үшін күш жұмылдырып жатқан кезде" депутаттар тасада қалмауы тиіс.
"Фракциямыз сәуір және мамыр айының жалақысынан бас тарту туралы шешім қабылдады. Өзге фракцияларды да бастаманы қолдауға шақырамыз. Үнемделген қаржыны медицина және құқық қорғау орган қызметкерлеріне сыйақы ретінде беруге болады. Біз сонымен бірге үкіметті министрліктер мен ведомстволар, аймақтағы өкілдіктер, әкімдіктер, елшіліктер және тағы да басқа органдарға жұмсалатын шығынғы азайтуға шақырамыз" деді депутат.
Жогорку Кенеш сайтындағы ақпаратқа сәйкес, "Қырғызстан" парламенттік фракциясының құрамында 18 депутат бар.
15 сәуір күнгі мәлімет бойынша, Қырғызстанда 449 адамнан коронавирус табылған, бес адам қайтыс болған. Бішкекте - 82, Ош қаласында - 71, Ош облысында - 130, Жалалабад облысында 93 адамға вирус жұққан.
Қазақстанда тағы 36 адамнан коронавирус табылды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 16 сәуір таңертеңгі сағат 10:10-да 36 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Нұр-Сұлтанда - 5, Алматы қаласында - 13, Шымкент қаласында - 3, Қызылорда облысында - 4, Павлодар облысында - 2, Батыс Қазақстан облысында - 5, Ақтөбе облысында - 1, Қарағанды облысында 2 адамға вирус жұққан.
Қазақстанда жалпы науқастар 1331 адамға жетті:
- Алматы қаласы – 393
- Нұр-Сұлтан қаласы – 302
- Қызылорда облысы – 131
- Қарағанды облысы – 84
- Ақмола облысы – 80
- Атырау облысы – 70
- Түркістан облысы – 49
- Жамбыл облысы – 46
- Шымкент қаласы – 43
- Солтүстік Қазақстан облысы – 28
- Алматы облысы – 25
- Батыс Қазақстан облысы – 25
- Ақтөбе облысы – 14
- Маңғыстау облысы – 12
- Павлодар облысы – 13
- Шығыс Қазақстан облысы – 8
- Қостанай облысы – 5
16 науқас қайтыс болған. Барлығы 240 адам айыққан.
Трамп мәлімдемесінен кейін бірқатар елдер ДДСҰ-ның маңызды рөлін айтты
АҚШ президенті Дональд Трамп Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын сынап, қаржыландыруды тоқтататынын мәлімдегеннен кейін бірқатар елдер мен халықаралық ұйымдар, қоғамдық ұйым өкілдері ДДСҰ-ның коронавируспен күрестегі маңызды рөлін атап өтті.
Бұған дейін АҚШ президенті ДДСҰ індет кезінде өз міндетін дұрыс атқармады деп айыптаған. Трамптың пікірінше, БҰҰ құрылымына қарасты ұйым Қытайдан түскен хабарламаларды мұқият зерттеген болса, індеттің таралуына жол бермей, талай адамның өмірін сақтап қалар еді. Оның ойынша, ұйым Қытай берген мәліметтерге қатты сеніп, қателескен. Трамп Вашингтон "басқарманың жіберген қателіктерін анықтап болғанша" екі-үш ай ұйымды қаржыландырмайды деп айтқан.
ДДСҰ-ның негізгі демеушілерінің бірі бизнесмен, филантроп Билл Гейтс Трамп шешімін өткір сынап, президент әрекетін қауіпті қадам деп атады.
Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель қазір ДДСҰ қолдауға қатты зәру, мұндай жағдайда Трамптың әрекетін ақтауға болмайды деді.
Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон кеңсесі Лондон денсаулық сақтау саласында маңызды рөл атқаратын ДДСҰ-ны қаржыландыруды тоқтатпайды деп мәлімдеді.
Қытай сыртқы істер министрлігі АҚШ президентінің шешімі халықаралық әріптестікке нұқсан келтіреді деп айтты.
Австралия премьер-министрі Скотт Моррисон Трамп мәлімдемесінің мәнін түсінетінін, бірақ ДДСҰ-ның маңызды рөл атқаратынын жоққа шығара алмайтынын жеткізді.
ДДСҰ басшысы Тедрос Гебреисус "қазір бар күш-жігер індетті тоқтатуға жұмылдырылған, сондықтан қол қусырып отыруға болмайды" деді. БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш ДДСҰ жұмыс істей беруі үшін оған ресурс бөлінеді деп айтты.
Бұған дейін АҚШ-тың өзінде Дональд Трампты вирусты тоқтату үшін жеткілікті дәрежеде күш салмады деп бірнеше рет сынаған. АҚШ вирус жұқтырғандар саны бойынша әлемде алда тұр. Мұнда 600 мыңнан астам адамнан вирус табылған. 26 мың адам қайтыс болған. Өкілдер палатасының мүшесі демократ Элиот Энгель "қазір президент қоғам назарын басқа жаққа бұру үшін барлық амалды қолданып жатыр" деп мәлімдеген. Ал көптеген республикашылдар, Трамп жақтастары президенттің ДДСҰ-ға қатысты шешімін "дұрыс қадам" де бағалады.
Ресми орындар вирус жұққан науқастар туралы айтты
Денсаулық сақтау министрлігі 16 сәуірде таңертең Нұр-Сұлтанда - 5, Алматы қаласында - 13, Шымкент қаласында - 3, Қызылорда облысында - 4, Павлодар облысында - 2, Батыс Қазақстан облысында - 5, Ақтөбе облысында - 1, Қарағанды облысында 2 адамнан коронавирус табылғанын хабарлаған болатын.
Қарағанды облысында 47 жастағы әйел мен 10 жастағы баладан вирус табылған. Екеуі де Теміртау қаласында тұрады. Оларға науқастардан вирус жұққан.
Қызылорда облысында 40 жастан асқан екі әйел және 24 және 54 жастағы екі ер адамнан вирус табылған. Олар да науқастармен араласқаннан кейін ауырған. Төртеуі де Қызылорда қаласында тұрады.
Маңғыстау облысында 18 жастағы қыз баладан вирус анықталып, инфекциялық стационарға жатқызылған. Жағдайы бір қалыпты деп айтылады.
Павлодар облысында 1994 және 1958 жылғы екі Павлодар тұрғынынан вирус анықталған. Олар да коронавирус жұққан науқастармен араласқан.
Қазақстанда барлығы 1331 адамнан вирус табылған. 240 адам жазылған. 16 адам қайтыс болған.