Өзбекстанда коронавирус жұқтырғандар 1349 адамға жетті
16 сәуір таңертеңгі мәлімет бойынша, Өзбекстанда 1349 адамнан коронавирус табылған. Денсаулық сақтау министрлігі бір адамның жағдайы өте ауыр деп хабарлады.
Сәрсенбі, 15 сәуірде Өзбекстанда бір күннің ішінде 137 адамға вирус жұққаны анықталған еді. Эпидемия басталғалы бері 4 адам қайтыс болған, 107 адам жазылған.
Өзбекстан вирус жұқтырғандар саны бойынша Орталық Азияда бірінші орында тұр. Қазақстанда 1331 адамнан коронавирус табылған. Қырғызстанда 466 адамға вирус жұққан.
Тәжікстан мен Түркіменстанда ресми түрде коронавирус табылған жоқ.
Оқи отырыңыз: Тәжікстан билігі "коронавирус жоқ" дейді, сыншылар күмән келтіреді
Қазақстанда вирус жұқтырғандар он адамға көбейді
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 16 сәуір түскі сағат 12:25-те 10 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Нұр-Сұлтанда - 3, Алматы облысында - 4, Ақмола облысында - 1, Жамбыл облысында - 1, Солтүстік Қазақстан облысында - 1 адамға вирус жұққан.
Қазақстанда жалпы науқастар 1341 адамға жетті:
- Алматы қаласы – 393
- Нұр-Сұлтан қаласы – 305
- Қызылорда облысы – 131
- Қарағанды облысы – 84
- Ақмола облысы – 81
- Атырау облысы – 70
- Түркістан облысы – 49
- Жамбыл облысы – 50
- Шымкент қаласы – 43
- Солтүстік Қазақстан облысы – 29
- Алматы облысы – 29
- Батыс Қазақстан облысы – 25
- Ақтөбе облысы – 14
- Маңғыстау облысы – 12
- Павлодар облысы – 13
- Шығыс Қазақстан облысы – 8
- Қостанай облысы – 5
16 науқас қайтыс болған. Барлығы 240 адам айыққан.
Қарай отырыңыз: Қазақстан аймақтарында вирустың тарау динамикасы (Гистограмма)
ІІМ "карантин режимін бұзған" азаматтық белсенділер туралы айтты
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанның түрлі қалаларында төтенше жағдай және карантин кезінде 5130 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған: 2479 адамға айыппұл салынған, 1626 адам қамалған. Бұл туралы Tengrinews сайты жазды. Коронавирусқа байланысты жалған ақпарат тарату фактілері бойынша сотқа дейінгі 80 іс ашылған, тергеу жүргізіліп жатыр.
Министрлік өкілдері жақында "карантин режимін бұзды" деп айыпталып, әкімшілік қамауға алынған азаматтық белсенділердің атын атап, олардың ереже бұзғанын айтқан.
"Мысалы, әкімшілік қамауға алынған алматылық Асхат Жексебаев көшеде видеомәлімдеме түсіріп, тұрғындарды сыртқа шығып, бос қазанды тақылдатуға шақырған. Жамбыл облысында Бағдат Бақтыбаев есімді тұрғын әлеуметтік көмек алуға өтініш берген адамдарды видеоға түсіріп, тұрғындарды төтенше жағдай кезінде заң бұзуға итермелеген. Ол он күнге қамалды" деген министрлік өкілдері.
11 сәуірде тіркелмеген "Көше" партиясының мүшесі, алматылық белсенді Асхат Жексебаев "карантин ережесін бұзды" деп айыпталып, төрт күнге қамалған болатын. Facebook-та жарияланған видеода белсенді жұма, 10 сәуірде ет алу үшін Магнумға барғанын, полицейлердің сол үшін оны ұстап, бөлімшеге апарғанын айтқан еді. Ол ешқандай ереже бұзбағанын, полицейлердің ұстауын өзінің белсенділігімен байланыстырған.
Жамбыл облысы Шу ауданының тұрғыны азаматтық белсенді Бағдат Бақтыбаев 6 сәуірде "төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін" он тәулікке қамалған еді. Туыстарының айтуынша, Бақтыбаев өзі тұратын аудан орталығындағы "Қазпошта" ғимаратында мемлекет беруге уәде еткен 42 500 теңгені алу үшін құжат жасауға келген халықты көріп, Facebook желісіне тікелей эфирге шығып, "үкімет карантин жағдайында халыққа жағдай жасамай жатыр" деген мазмұнда наразылығын білдірген. Одан кейін онлайн сот өтіп, он күнге қамалған болатын.
Ақтөбеде "төтенше жағдай режимін бұзды" деп айыпталған белсенді 10 күнге қамалды
Ақтөбеде "төтенше жағдай режимін бұзды" (Әкімшілік кодекстің 476-бабы) деп айыпталған белсенді Сағындық Бекеев 10 тәулікке қамалды.
Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Сағындық Бекеев 18 наурыз күні Ақтөбе қаласы мамандандырылған әкімшілік соты маңында өткен жиынға қатысып, төтенше жағдай режимін бұзған.
"Сағындық Бекеевті 10 тәулікке қамауға алу туралы сот қаулысы 15 сәуір күні шықты. Бекеев өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ" делінген сот хабарламасында.
Құқық қорғаушы Дана Жанайдың сөзіне қарағанда, белсендінің қамалуына түрткі болған оқиға 18 наурызда болған. Ол күні Ақтөбе қаласы мамандандырылған әкімшілік соты "1 наурыз күні билікке қарсы митингіге қатысты" деп айыпталған алты белсендіге ескерту берген. Белсенді Сағындық Бекеев "полицияның заңды талабына бағынбады" деп айыпталып, бес күнге қамалған.
Сот шешімімен келіспеген белсенділер сот ғимаратының ауласына шығып, "наразылық білдірген". Полиция ауладағы "наразылық үшін" белсендінің үстінен хаттама толтырған.
Құқық қорғаушы Дана Жанай билік Сағындық Бекеевті жергілікті белсенділерді қорқыту үшін қамады деп санайды.
Бұған дейін Қазақстанның өзге өңірлерінде де "карантин режимін бұзды" деп айыпталған бірқатар белсенділер қамалған, кейбіріне айыппұл салынған.
Қазақстанда коронавирусқа байланысты 16 наурыздан бастап төтенше жағдай жарияланған. Ақтөбе қаласында 6 сәуірден бастап карантин енгізілген. Соңғы мәлімет бойынша, Ақтөбе облысында 14 адамнан коронавирус табылған.