- Авторы: Дилара ИСА
Имам вирустан қайтыс болған жетісайлық марқұмның жаназасын "50 метр алыста тұрып оқыды"
15 сәуір күні Шымкентте коронавирустан қайтыс болған Түркістан облысы Жетісай қаласының тұрғыны сол күні түнде жерленді. Марқұмның жаназасына балалары мен туыстары қатыса алмады. Бұл туралы Азаттыққа 16 сәуір күні Шымкент қалалық мешітінің баспасөз хатшысы Мухамеджан Естеміров айтты.
Естеміровтың сөзінше, коронавирустан қайтыс болған 66 жастағы бұрынғы полицей Шымкент шетіндегі "Жібек жолы" мұсылмандар зиратына жерленген. Жаназаға арнайы мамандардан бөлек Абай ауданының имамы қатысты. Имам елу метр қашықта тұрып жаназасын оқыған.
- Мамандар мен имамдар арнайы киімдер киді. Марқұмның бала-шағасы мен туыстары оның жаназасы мен жерлеуіне қатыса алмады, - дейді баспасөз хатшысы.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Бекбауова марқұмнан вирус 1 сәуір күні анықталғанын хабарлады. Ол Жетісай аудандық ауруханасында коронавирус жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болған. Үш күннен кейін жағдайы ауырлаған соң санавиациямен Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілген. 7 сәуір күні облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Азаттыққа облыста жұқпалы аурулар ауруханасы жоқ болған соң хәлі нашарлаған екі науқас Шымкенттегі қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілгенін айтқан.
Түркістан облысында коронавирустан бір адам, Шымкентте үш адам қайтыс болды. Шымкент қаласында 43 адамнан, Түркістан облысында 49 адамнан коронавирус табылды.
Алматыда ірі сауда орталықтары, шаштараз сынды орындар қашан ашылады?
Алматы әкімдігі сарапшылардың пікіріне сүйене отырып, қалада 800 адамға коронавирус жұғады деген болжам жасады. Әкімдік вирус инфекциясының шырқау шегі сәуірдің екінші жартысында келеді деп топшылайды. Бұл туралы 16 сәуірде өткен онлайн жиында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев айтты.
Әкімдік қалада маусымның соңына дейін қандай да бір ірі шара болмайтынын мәлімдеді. 20 сәуірден бастап қалада құрылыс жұмыстары, нотариус, көлік жуу, көлік жөндеу орындары, киім тазалау, екінші деңгейлі банктер, байланыс және ақпараттық қызмет көрсететін орталықтар, техника жөндейтін орындар жұмысын бастайды. Әкімдік мамырдың соңына таман ірі сауда орталықтары, ірі базарлар, ойын-сауық орындары, караоке, боулинг, сұлулық салондары, шаштараздар, спорт орталықтары, тамақтану орындары, білім беру мекемелері, демалыс орындары ашуды жоспарлайды.
16 сәуір 20.30-дағы мәліметке сай, Алматыда 398 адамнан вирус табылған. Олардың 200-ге жуығы - медициналық қызметкер. Қалада 67 адам дертте айығып, екі адам қайтыс болды.
Оқи отырыңыз: Алматының орталық ауруханасы вирус ошағына айналды
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қарт адамдарды 15 мамырға дейін көшеге шықпауға шақырды.
- Авторы: Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ
Коронавирустан емдейтін үш аурухана қашан бітпек?
Қазақстан билігі коронавирус таралуына байланысты үш аурухана салынатынын хабарлағалы екі аптаға жуықтады. Құрылыс қалай жүріп жатыр? Шымкенттегі аурухананың жұмысы неге тоқтап тұр? Тұрғындар не дейді? Азаттық анықтап көрді.
Елде тағы 40 адамнан вирус табылды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 16 сәуір 23.40-тағы мәліметіне сай, елде тағы 40 адамнан коронавирус табылды: Алматы қаласында - 19 адам, Нұр-Сұлтан қаласында - 10, Түркістан облысында - 4, Қызылорда облысында - 3, Шымкент қаласында - 2, Атырау облысында - 1, Батыс Қазақстан облысында - 1.
16 сәуірде елде 107 адамнан вирус анықталды.
Қазір Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны 1402 адам болды. 277 науқас дертінен айықты. 17 адам көз жұмды.
Вирус анықталған адамдар мына аймақтарда:
- Алматы қаласы – 417
- Нұр-Сұлтан қаласы – 326
- Қызылорда облысы – 134
- Қарағанды облысы – 84
- Ақмола облысы – 81
- Атырау облысы – 71
- Түркістан облысы – 53
- Жамбыл облысы – 53
- Шымкент қаласы – 45
- Солтүстік Қазақстан облысы – 29
- Алматы облысы – 29
- Батыс Қазақстан облысы – 26
- Ақтөбе облысы – 14
- Павлодар облысы – 13
- Маңғыстау облысы – 12
- Шығыс Қазақстан облысы – 8
- Қостанай облысы – 7.