Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

07:17 17.4.2020

Ұлыбритания коронавирусқа байланысты енгізген карантин мерзімін тағы үш аптаға созды

Аурухана ауласында демалып отырған медицина қызметкерлері. Лондон, сәуір айы 2020 жыл.
Аурухана ауласында демалып отырған медицина қызметкерлері. Лондон, сәуір айы 2020 жыл.

Денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкок шектеу шаралары ерте алынса, жағдай қиындап кетуі мүмкін деп қауіптенеді. Сыртқы істер министрі Доминик Рааб шектеу шараларын жұмсарту халық денсаулығына да, ел экономикасына да кері әсер етеді деп мәлімдеді.

Эпидемия басталғалы бері Ұлыбританияда 103 мың адамнан вирус табылған. 13 мыңнан астам адам қайтыс болған.

Премьер-министр Борис Джонсонға да коронавирус жұққаны анықталған еді. Ол бірнеше күн Әулие Фома ауруханасында емделіп, өткен апта соңында шықты.

Бұған дейін Австрия, Дания, Германия шектеу шараларын жұмсартатынын хабарлаған. Бірақ билік азаматтарды сақ болуға және дәрігерлер кеңесін орындауға шақырған.

Соңғы мәлімет бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 2 миллион 160 мыңнан асты. 144 мыңнан астам адам қайтыс болған. АҚШ, Испания, Италия, Франция, Германия вирустан қатты зардап шекті. Вирус жұқтырғандар саны жағынан Ұлыбритания әлемде алтыншы орында тұр.

07:36 17.4.2020

Өзбекстанда 70 жастағы науқас коронавирустан жазылды

Бұхара қаласында коронавирустан жазылып шыққандар. 16 сәуір 2020 жыл.
Бұхара қаласында коронавирустан жазылып шыққандар. 16 сәуір 2020 жыл.

Өзбекстанда 70 жастағы науқас коронавирустан жазылып шықты. Ташкент тұрғыны эпидемиология, микробиология және жұқпалы аурулар ғылыми зерттеу институтының кликасында емделген. Оған науқастардан вирус жұққан. Емделгеннен кейін тест алынып, науқаста коронавирус жоқ екені анықталған.

16 сәуірде Бұхара қаласындағы инфекциялық ауруханада емделген тағы 20 науқастың (10 ер адам, 10 әйел) айыққаны белгілі болды. 11-і - Ташкенттен, төртеуі Самарқанд облысынан, екеуі - Жизақ облысынан және үшеуі - Қашқадария, Науаи, Ташкент облыстарынан. Ең үлкені - 57 жаста, ең кішісі - 21-де. Барлық науқастар Бұхараға Түркиядан ұшып келген. Коронавирус анықталғаннан кейін облыстық инфекциялық ауруханаға жатқызылған болатын.

Өзбекстанда коронавирустан 129 адам айыққан. 4 адам қайтыс болған. Барлығы 1349 адамнан коронавирус табылған.

09:16 17.4.2020

Қазақстанда тағы 68 адамнан коронавирус табылды

Жедел жәрдем көлігі. Алматы, 14 сәуір 2020 жыл.
Жедел жәрдем көлігі. Алматы, 14 сәуір 2020 жыл.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 17 сәуір таңертеңгі сағат 10:05-те 68 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Нұр-Сұлтанда - 2, Алматы қаласында - 44, Шымкентте - 1, Түркістан облысында - 2, Қызылорда облысында - 9, Атырау облысында - 1, Павлодар облысында - 2, Батыс Қазақстан облысында - 4, Қарағанды облысында 3 адамға вирус жұққан.

Қазақстанда вирус жұқтырғандар 1470 адамға жетті:

  • Алматы қаласы – 461
  • Нұр-Сұлтан қаласы – 328
  • Қызылорда облысы – 143
  • Қарағанды облысы – 87
  • Ақмола облысы – 81
  • Атырау облысы – 72
  • Түркістан облысы – 55
  • Жамбыл облысы – 53
  • Шымкент қаласы – 46
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 29
  • Алматы облысы – 29
  • Батыс Қазақстан облысы – 30
  • Ақтөбе облысы – 14
  • Маңғыстау облысы – 12
  • Павлодар облысы – 15
  • Шығыс Қазақстан облысы – 8
  • Қостанай облысы – 7

17 науқас қайтыс болған. 15 сәуірде Алматыда 1960 жылғы ер адам қайтыс болған. Дәрігерлердің айтуынша, науқаста жүрек-өкпе аурулары болған.

Барлығы 277 адам айыққан.

10:27 17.4.2020

Қарағанды облысында алты айлық сәбиден коронавирус табылды

Теміртау қаласы.
Теміртау қаласы.

Денсаулық сақтау министрлігі 17 сәуірде таңертең Қызылорда облысында - 9, Павлодар облысында - 2, Қарағанды облысында 3 адамнан коронавирус табылғанын хабарлаған болатын.

Coronavirus2020.kz сайтының Telegram арнасындағы мәлімет бойынша, Қарағанды облысында алты айлық сәбиге коронавирус жұққан. Оның ата-анасынан бұған дейін вирус табылып, инфекциялық ауруханаға жатқызылған. Қазір нәресте провизорлық ауруханада жатыр.

Қарағанды облысында коронавирус анықталған екінші науқастың жасы - 41-де. Ол бұған дейін вирус жұққандармен араласқан. Үшінші науқас - 19 жастағы Теміртау қаласының тұрғыны да науқастармен байланыста болған. Екеуі де ауруханаға жатқызылған.

Павлодар облысында 1949 жылғы Екібастұз тұрғыны (ер адам) және 1978 жылғы әйел адамнан коронавирус табылып, провизорлық ауруханаға жеткізілген. Ер адам бес күннен бері ауру белгілері байқалғанын, бірақ медициналық көмекке жүгінбегенін айтқан. Ал әйел адам мамандарға ешқайда шықпағанын, коронавирус жұққандармен араласпағанын айтқан. Дәрігерлер оған қайдан вирус жұққанын анықтап жатыр.

Қызылорда облысында Жаңақорған ауданында 9 адамнан коронавирус табылған. Үшеуі - 30-53 жас аралығындағы әйел, алтауы - ер адам. Ең үлкені 83 жаста. Сегіз адам коронавирус жұққандармен байланыста болған. Бір адамға вирустан қайдан жұққаны әзірге белгісіз.

Қазақстанда жалпы 1470 адамнан коронавирус табылған. 277 адам жазылған. 17 адам қайтыс болған.

Тағы

XS
SM
MD
LG