Қырғызстанда жүзден астам дәрігерге коронавирус жұққан
17 сәуірде Қырғызстанда тағы 23 адамнан коронавирус табылды, олардың 12-сі - медицина қызметкері. Бұл туралы Қырғызстанның денсаулық сақтау министрінің орынбасары Нурболот Усенбаев хабарлады.
Оның сөзіне қарағанда, Бішкекте - 7, Ош облысында - 4, Ош қаласында 1 медицина қызметкеріне коронавирус жұққан.
"Дәрігерлерге науқас немесе медициналық бақылауда жатқан адамдардан вирус жұққан. Негізінен вирус бір-біріне тараған" деді вице-министр.
Қырғызстанда COVID-19 диагнозы қойылған медицина қызметкерлерінің саны 116 адамға жеткен. 17 сәуір күнгі мәлімет бойынша, жалпы 489 адамнан коронавирус табылған.
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 10 адамға көбейді
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 17 сәуір түскі сағат 12:25-те он адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Нұр-Сұлтанда - 5, Ақтөбе облысында - 4, Түркістан облысында 1 адамға вирус жұққан.
Қазақстанда вирус жұқтырғандар 1480 адамға жетті:
- Алматы қаласы – 461
- Нұр-Сұлтан қаласы – 333
- Қызылорда облысы – 143
- Қарағанды облысы – 87
- Ақмола облысы – 81
- Атырау облысы – 72
- Түркістан облысы – 56
- Жамбыл облысы – 53
- Шымкент қаласы – 46
- Солтүстік Қазақстан облысы – 29
- Алматы облысы – 29
- Батыс Қазақстан облысы – 30
- Ақтөбе облысы – 18
- Маңғыстау облысы – 12
- Павлодар облысы – 15
- Шығыс Қазақстан облысы – 8
- Қостанай облысы – 7
17 науқас қайтыс болған. Барлығы 285 адам айыққан.
Алматыда босанған науқас әйелдің нәрестесінен коронавирус табылмады
Алматыда босанған науқас әйелдің нәрестесінен вирус табылмады. Бұл туралы 17 сәуірде қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тілеухан Әбілдаев хабарлады.
Оның айтуынша, жүктіліктің 39-аптасына жеткен әйел 13 сәуірде қалалық клиникалық ауруханаға жатқызылған. Анализ алынып, вирус жұққаны анықталған. Ол коронавирус жұққан адаммен байланыста болғандықтан ауырған. 15 сәуірде оған кесар операциясы жасалған. Салмағы 3,5 килограмдық нәресте дүниеге келген.
"Жаңа туған нәрестеден анализ алынып, нәтижесі теріс болды. Нәрестенің дені сау. Қазір балалар бөлімшесінде жатыр" деді Тілеухан Әбілдаев.
Қазір босанған әйелдің жағдайы - бірқалыпты, жақын арада инфекциялық ауруханаға жатқызылады. Әйел жазылып шыққаннан кейін ұлына бара алады.
Бұған дейін Қызылорда облысында да коронавирус жұққан әйел босанып, жаңа туған нәрестеден вирус табылмаған.
Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 1280 адам вирус жұқтырған. 285 адам дерттен айыққан. 17 адам қайтыс болған.
Алматыда коронавирус жұққан медицина қызметкерлері 234 адамға жетті
Алматыда коронавирус жұққан медицина қызметкерлері 234 адамға жетті. 17 сәуірде қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қалада тағы 19 медицина қызметкерінен коронавирус табылғанын хабарлады.
"10-ы - орталық қалалық клиникалық аурухана қызметкері, екеуі - стационардың жедел респираторлық вирус инфекциясы белгілері байқалған екі қызметкері, біреуі жедел медициналық көмек қызметінде істейді, N7 қалалық клиникалық аурухананың екі қызметкері, N12 поликлиниканың екі қызметкері, көпсалалы клиникалық аурухананың екі қызметкері бар" делінген қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.
Бұған дейін 200-ге жуық қызметкерінен коронавирус табылған Алматының орталық қалалық клиникалық ауруханасының басшысы қызметінен кеткен болатын. Аурухана карантинге жабылған. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, орталық клиникалық ауруханасында емделген 215 адамнан тест алынып, 18 адамнан вирус табылған. 17 сәуірде олардың саны 20-ға жеткен.
Оқи отырыңыз: Алматының орталық ауруханасы вирус ошағына айналды. Карантиндегі дәрігерлер не дейді?
Қалада жалпы 461 адамнан коронавирус табылған. 67 адам жазылған. 392 науқас (арасында Алматы облысынан келген бір науқас бар) ауруханаларда коронавирустан емделіп жатыр. Бір адамның жағдайы - өте ауыр, төрт адамның жағдайы - ауыр, 92 адамның жағдайы - орташа ауыр, 295 адамның жағдайы - бірқалыпты.
422 адам карантинге оқшауланған, үйде карантинде 7992 адам бар.