Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

13:55 17.4.2020

Алматыда ҰҚК шекара қызметінің училище курсанттарынан коронавирус табылды

Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің училищесінде оқитын 54 курсантқа коронавирус жұққан. Бұл туралы 17 сәуірде Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев хабарлады.

"Басында шекара қызметінің 14 курсантынан коронавирус анықталған, кейінірек олардың саны 54 адамға жетті. Вирус жұққан курсанттардың барлығы инфекциялық ауруханаға жатқызылды. Қазір жағдайлары - бірқалыпты, хаттамаға сәйкес емделіп жатыр" деді Тілеухан Әбілдаев.

14:25 17.4.2020

Ақтөбеде уақытша қамау изоляторына қамалған тұрғыннан коронавирус табылды

Ақтөбедегі жедел жәрдем қызметкерлері. 10 сәуір 2020 жыл.
Ақтөбедегі жедел жәрдем қызметкерлері. 10 сәуір 2020 жыл.

Ақтөбеде уақытша қамау изоляторындағы 36 жастағы тұрғынның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Одан бөлек 32 жастағы әйел адам мен оның екі баласынан да вирус табылған. Коронавирус жұқтырған екі баланың үлкені - 10-да, кішісі - 5 жаста. Бұған дейін коронавирус жұқтырған ақтөбелік пациенттер арасында балалар болған емес.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Әсет Қалиевтің сөзіне қарағанда 32 жастағы әйелмен оның екі баласы вирусты сәуірдің 15-і күні инфекциялық ауруханаға түскен ерлі-зайыпты зейнеткерлерден жұқтырған.

- Елде карантин режимі енгізілгеніне қарамастан әйел адам балаларымен бірге ата-анасына жиі барып тұрған, - дейді Әсет Қалиев.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы 16 сәуір күні кешкілік уақытша қамау изоляторынан инфекциялық ауруханаға жіберілген азаматтың екі баласы бар әйелмен туыстығы жоқ екенін айтады.

- 36 жастағы азаматтан бөлек уақытша қамау изоляторының 8 қызметкері де оқшауланды. Кешелі бері науқастың араласқан адамдары тексеріліп жатыр. Оның ата-анасы осыған дейін коронавирус диагнозымен ауруханаға түскен ақтөбелікпен көрші тұратыны анықталды, - дейді Әсет Қалиев.

Ақтөбе облысы тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті ауру ошағында эпидемиологиялық зерттеу мен дезинфекция жасалғанын айтады. Коронавирус жұқтырғаны 16 сәуірде белгілі болған 4 науқастың жағдайы - бірқалыпты.

Ақтөбе облысында коронавирус жұқтырғандар саны 18 адам болды.

14:37 17.4.2020

Қазақстанда коронавирустан тағы 21 адам жазылды

Коронавирус тестен өтіп жатқан адамдар. Көрнекі сурет.
Коронавирус тестен өтіп жатқан адамдар. Көрнекі сурет.

Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы 17 сәуір күндіз коронавирустан 21 адам жазылып шыққанын хабарлады. Қазақстанда барлығы 306 адам айыққан:

  • Нұр-Сұлтанда - 163
  • Алматы қаласында - 67
  • Шымкент қаласында - 2
  • Ақмола облысында - 9
  • Ақтөбе облысында - 3
  • Алматы облысында - 7
  • Атырау облысында - 16
  • Жамбыл облысында - 3
  • Батыс Қазақстан облысында - 2
  • Қарағанды облысында - 4
  • Қызылорда облысында - 17
  • Маңғыстау облысында - 1
  • Павлодар облысында - 1
  • Түркістан облысында - 6
  • Солтүстік Қазақстан облысында - 5 адам жазылған.

Қазақстанның әр аймағында 17 науқас вирустан қайтыс болған. Вирус жұқтырғандар 1380 адамға жетті.

Қарай отырыңыз: Қазақстанда вирустың тарау динамикасы

15:49 17.4.2020

Шымкентте жиырма шақты әйел "Нұр Отаннан" көмек сұрады

"Нұр Отан" партиясының Шымкенттегі бөлімшесі. 17 сәуір 2020 жыл.
"Нұр Отан" партиясының Шымкенттегі бөлімшесі. 17 сәуір 2020 жыл.

17 сәуір күні «Нұр Отан» партиясының Шымкенттегі бөлімшесі алдына 20 шақты әйел жиналып, әлеуметтік жағдайына шағымданып, көмек беруді талап етті. Бұл туралы оқиға орнынан Азаттық тілшісі хабарлады

Абай ауданында 30 мың теңгеге пәтер жалдап тұратын Айнагүл Теқаеваның күйеуі көлік жуушы болып жұмыс істеген. Қала карантинге жабылған соң жұмысы тоқтап қалған. 42 500 теңге әлеуметтік көмекті де ала алмаған соң «Нұр Отаннан» көмек сұрап келген.

- Үйде ішуге тамақ қалмады. 42 500 теңге алу үшін өтініш тастап едік, кері қайтарды. Қалай өмір сүретінімізді білмей қалдық. Әкімдікке де бардым. Тым болмағанда азық-түлікпен қамтамасыз етіңіздерші дедім. Әлі жоқ, - дейді ол ренішін білдіріп.

Өзін «жалғызбасты анамын, екі балам бар» деп таныстырған әйелдің сөзіне қарағанда үш айдан бері пәтерақысын, коммуналдық төлемдерін төлей алмай қиналып отыр. Қазір ас-суы, күнделікті ішетін дәрі-дәрмегі таусылған. Күнделікті істеп жүрген жалдамалы жұмысы тоқтаған соң күнкөрісі нашарлап кеткен. Әкімдіктен ешқандай әлеуметтік көмек алмаған.

- Дәрі алайын десем, тамағым жоқ. Тамақ алайын десем дәрім жоқ. Қиналып кеттім, кімнен көмек сұрайтынымды білмей қалдым. "Нұр Отанға" осымен үшінші рет келдім. Үйде отырыңдар дейді. Төрт қабырғаның ішінде аш балаларымды қалай ұстап отырамын? Дүкендердің бәрінен қарыз алып біттік, - дейді ол көзіне жас алып.

Жиналғандардың арасында жалғызбасты, мүгедек баласы бар көп балалы аналар болды. Көбі жалдамалы жұмыс істеп, төтенше жағдайдан кейін жұмысынан айырылған.

Наразы топты полицейлер күзетіп тұрды. Аудан әкімдіктерінен келген мамандар олардың кім екенін, қандай шағымы бар екенін тыңдап, көмекке іліне ме, жоқ па, тексеріп жатты.

«Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық бөлімшесі төрағасының орынбасары Бахадыр Нарымбетов наразы топтың алдына шықты. Ол 50 мың теңге көмекті партия үлестіргенімен кімдерге берілетінін әкімдік анықтайтынын айтты.

- Шымкент қаласы бойынша атаулы әлеуметтік көмек алатын 21 800 адамның тізімін Нұр-Сұлтанға жібердік. Олардың барлығы 50 мың теңге көмекті алады. Басқа мұқтаж отбасыларға азық-түлік таратылып жатыр. Жұмыссыз қалған адамдар болса, оларды қала ішін тазалайтын мекемелер қабылдайды. Мұндай жұмыстарға айына 50-60 мың теңге көлемінде жалақы төленеді, - дейді қала әкімдігінің өкілі Нұржан Дүйсенов.

Бұған дейін де Шымкентте әлеуметтік көмекке зәру екенін айтқан ондаған әйел қала әкімдігіне барып, азық-түлік беруді талап еткен болатын. Әкімдік қызметкерлері олардың тізімін алып қалып, көмек беруге уәде берген.

Қазақстанда төтенше жағдай жарияланғаннан кейін «Нұр Отан» партиясының төрағасы, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Біз біргеміз" акциясын жариялаған. Осы акция барысында көмекке зәру отбасыларға 50 мың теңге қаржылай көмек берілетіні хабарланған. Ресми дерек бойынша, 152 мыңнан астам отбасыға 50 мың теңге көлемінде біржолғы көмек көрсетілген.

Бұған дейін Қызылорда қаласында да тұрғындар «Нұр Отан» партиясына барып, көмек сұраған.

Соңғы мәлімет бойынша Шымкент қаласында 46 адамнан коронавирус табылған. 2 адам жазылған. 3 адам қайтыс болған. Коронавирусқа байланысты 4 сәуірде карантин жарияланған.

Оқи отырыңыз: Карантин созылса 42500 теңге төлене ме? Жұртты мазалаған сауалдарға жауап

Тағы

XS
SM
MD
LG