Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

11:28 20.4.2020

Өзбекстан карантин режимін 10 мамырға дейін созды

Өзбекстанда арнайы комиссияның шешіміне сәйкес, коронавирус індетіне байланысты енгізілген карантин режимі 10 мамырға дейін ұзартылды деп хабарлады Азаттықтың Өзбек қызметі - Озодлик радиосы. Бұған дейін елде 20 сәуірге дейін карантин жарияланған.

"Елде коронавируспен күрес жөнінде кешенді шаралардың қабылдануы және ең бастысы, біздің азаматтардың саналы түрде "өзін оқшаулау" режиміне өтіп, "әлеуметтік қашықтық" приципін ұстануы індеттің таралуын бақылауда ұстауға мүмкіндік берді" деп мәлімдеді арнайы комиссия.

Өзбекстанда коронавирус жұқтырған алқашқы науқас 15 наурызда тіркелген. Содан бері елде вирус жұқтырған 1565 адам анықталды. 225 науқас дерттен айығып, бес адам қайтыс болды.

Осының алдында Өзбекстанда заңға COVID-19 жұқтырған немесе карантинде жатқан адамдарға тіл тигізгені үшін жауапқа тарту туралы өзгерту енгізілген. Оған сәйкес, азаматтың ар-намысына тиген және жеке басы туралы мәлімет таратқандар әкімшілік жауапқа тартылып, 930 доллардан 4660 долларға дейінгі мөлшерде айыппұл төлейді.

Коронавирус пандемиясына байланысты карантин кезінде көлікті тексеріп тұрған адамдар. Самарқан, Өзбекстан, 15 сәуір 2020 жыл.
Коронавирус пандемиясына байланысты карантин кезінде көлікті тексеріп тұрған адамдар. Самарқан, Өзбекстан, 15 сәуір 2020 жыл.

12:03 20.4.2020

"Теңізшевройл" кенішінде жұмысшылар "коронавирус жұқтырғандарды" әкелуге қарсылық білдірді

Атырау облысы Жылыой ауданындағы "Теңізшевройл" компаниясының вахталық кентіндегі жұмысшылар "Болашақ" лагері аумағына "коронавируске байланысты карантинде жатып шыққан" адамдарды әкелуге наразылық танытты. Компанияның баспасөз қызметі олардың вахта ауысымы бітіп, кетіп бара жатқан қызметкерлер екенін, коронавирус жұқтырмағанын айтады.

Вахталық жатақханадағы жұмысшылар наразылығы туралы видео 19 сәуірде түн ортасында Facebook әлеуметтік желісі арқылы тарады. Видео түсіріп тұрған адам "Бұл - Теңіздің "Болашақ" жатақханасындағы айқай-шу. Емделіп, карантинде жатып шыққан адамдар көрінеді" дейді.

Видеода наразы жұмысшылардың "Қабылдау бөлмесі" деп жазылған ғимараттың алдында наразылық білдіріп тұрғаны байқалады.

"Теңізшевройл" компаниясының баспасөз хатшысы Ерлан Ислямов Азаттық сауалына "Болашақ" лагерінде вахталық ауысыммен жұмыс істеп жатқан адамдар жағдайды дұрыс түсінбеген" деп жауап берді. Оның сөзінше, жұмысшылар "жедел тестілеуден өтіп, "Болашақтағы" блок ішінде үйлеріне кететін көлік күтіп отырған әртүрлі мердігер мекемелердің қызметкерлерін "коронавирус жұқтырғандар" деп ойлаған".

- Алаңдайтын ештеңе жоқ. Олар коронавирус жұқтырғандармен қарым-қатынаста болмаған адамдар және ендігі үйлеріне кетіп те қалды. Нақты санын айта алмаймын. Мән-жайды түсіндірген соң жұмысшылар тарады, - деді ол.

Бұған дейін "Теңізшевройлдың" "Ватернас" вахталық кентінде бір адамның вирус жұқтырғаны белгілі болған еді. Бұл туралы ТШО-ның ресми жауабын Атырау облыстық әкімдігінің ішкі саясат басқармасының бастығы Жасұлан Бисембиев әлеуметтік желідегі парақшасына жариялады. Онда 17 сәуірде Теңізде вахталық ауысыммен жұмыс істеп жатқан қызметкерлердің бірінің вахталық кентіндегі медицина бөлімшесіне дәрігерлік көмек сұрап барғаны айтылған. 19 сәуірде алынған тест қорытындысы оның COVID-19 вирусын жұқтырғанын растаған.

"Ол жұмысшы қазір Атырау қаласындағы инфекциялық ауруханада емделіп жатыр. Ол жүрген ғимарат толық дезинфекцияланды. ТШО-дағы өндірістік жұмыстар істеп тұр" деп жазылған баспасөз хабарламасында.

"Теңізшевройл" компаниясы Атырау облысындағы Қазақстанның ірі кен орындарының бірі - Теңіз кенішін 1993 жылдан бері игеріп келеді.

Теңіз кенішіндегі жұмысшылар тұратын вахталық кенттердің бірі, Атырау облысы. Көрнекі сурет.
Теңіз кенішіндегі жұмысшылар тұратын вахталық кенттердің бірі, Атырау облысы. Көрнекі сурет.

12:19 20.4.2020

Коронавирус жұқтырған тағы 22 адам анықталды

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 20 сәуірде сағат 13:00-тегі мәліметіне сәйкес, елде коронавирус жұқтырғандар 22 адамға көбейді.

  • Алматы қаласы – 10
  • Нұр-Сұлтан қаласы – 2
  • Қостанай облысы – 1
  • Шымкент қаласы – 9.

Қазақстан бойынша вирус жұқтырғанда 1757 адамға жетті. 413 науқас дерттен жазылып, 19 адам қайтыс болған.

13:40 20.4.2020

Қазақстанда 417 адам COVID-19 дертінен айықты

Денсаулық сақтау министрлігінің 20 сәуір 13.50-дегі мәліметіне сай, Қазақстанда тағы төрт адам COVID-19 дертінен айықты. Олардың үшеуі Нұр-Сұлтанда, біреуі Қызылорда облысында. Осылайша, елде 417 адам коронавирус індетінен жазылды. Олар мына аймақтарда:

  • Нұр-Сұлтан қаласы – 180
  • Алматы қаласы – 84
  • Қызылорда облысы – 25
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 25
  • Атырау облысы – 21
  • Ақмола облысы – 18
  • Шымкент қаласы – 12
  • Қарағанды облысы – 12
  • Түркістан облысы – 11
  • Алматы облысы – 8
  • Ақтөбе облысы – 7
  • Жамбыл облысы – 6
  • Шығыс Қазақстан облысы – 3
  • Батыс Қазақстан облысы – 2
  • Маңғыстау облысы – 2
  • Павлодар облысы – 1

Тағы

XS
SM
MD
LG