Коронавирус жұқтырғандар 1949 адамға жетті
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 21 сәуір, таңертеңгі сағат 9:00-дағы мәліметіне сай, елде коронавирус жұқтырғандар 97 адамға көбейді:
- Алматы қаласы - 62
- Нұр-Сұлтан қаласы - 4
- Шымкент қаласы - 2
- Шығыс Қазақстан облысы - 3
- Жамбыл облысы - 4
- Батыс Қазақстан облысы - 4
- Қарағанды облысы - 6
- Қостанай облысы - 4
- Қызылорда облысы - 2
- Маңғыстау облысы - 1
- Түркістан облысы - 5.
Қазақстан бойынша вирус жұқтырғандар 1949 адамға жетті. 447 науқас дерттен жазылып, 19 адам қайтыс болған.
Тәжікстан билігі "елде коронавирус жоқ" деуден танбайды
Душанбе қаласы прокуратурасының қызметкері Жалолиддин Пиров 13 сәуірде тыныс алуы қиындаған соң ауруханаға жатқызылып, жексенбі күні қайтыс болған. Тәжікстан денсаулық сақтау министрлігі оны "пневмония мен H1N1 тұмауынан қайтыс болды, коронавирус инфекциясы жоқ" деп мәлімдеді. Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, Пировпен бір палатада болғандардың бәрі карантинге жіберілген.
"Тест коронавирус жоғын көрсетті, бірақ сақтық үшін туыстарының бәрі карантинге алынды. Денсаулықтары бірқалыпты" деп мәлімдеді денсаулық сақтау министрлігі.
Марқұмның туыстарының сөзінше, оның табытқа салынған денесін қорғаныс киімін киген медицина қызметкерлері жедел жәрдеммен әкелген. Қоштасуға аз уақыт беріп, табытты ашуға рұқсат бермей, дереу жерлеуге әкеткен.
"Ахбор" порталының хабарлауынша, Пиров жақында ғана шетелге барып келген, бірақ 14 күн міндетті карантинге жатпаған. Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі Бохтар қаласындағы аурухананың 58 жастағы қызметкері қайтыс болғанын хабарлаған еді. Ол Тәжікстанның Ресейден келген 400-дей азаматы карантинде жатқан аумақта жұмыс істеген. Бірақ тәжік билігі медбике коронавирустан емес "құрт ауруынан және жүрек дертінен қайтыс болды" деп жариялаған.
Президент Эмомали Рахмон билігі "Тәжікстан аумағында коронавирус жоқ" деуден танбай келеді. Елде пневмониядан өлгендердің күт көбейгенін билік "осы дерттің белгілі бір кезең мен ауа-райына байланысты қозатынынан" деп түсіндіреді.
Коронавирус "табылмаған" елдер және одан "қорықпайтын" президенттер
Қырғызстанда 150-ге жуық медқызметкерге коронавирус жұққан
21 сәуірде Қырғызстанда коронавирус жұқтырған тағы 22 адам анықталды, оның жетеуі медицина қызметкері деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.
Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Нурболот Усенбаевтың айтуынша, COVID-19 диагнозы қойылған медқызметкерлер Ош (2), Ош облысы (3) мен ел астанасы Бішкекте (3) жұмыс істеген.
Елде барлығы 147 медқызметкер коронавирус жұқтырған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, олардың 13-і жазылып шыққан.
Кейінгі ресми мәлімет бойынша, Қырғызстанда коронавирус жұқтырғандар 590 адамға жеткен. 7 адам қайтыс болған.
Әлем бойынша коронавирус жұқтырғандар 2,5 млн-ға таяды
АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің есебі бойынша, дүниежүзінде COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 2,5 миллион адамға таяп қалды. Соның ішінде ең көбі – 787 мыңға жуық адам АҚШ-та тіркелген. Одан кейінгі орында Испания (200 мың), Италия (181,2 мың), Франция (156,4 мың) және Германия (147 мың) тұр.
Вирустан қайтыс болғандар саны жағынан Италия алда тұр – 24 мыңнан асқан. 20 сәуірде Италия билігі коронавирус індеті басталғалы елде алғаш рет вирус жұқтырғандар саны азайғаны (алдыңғы тәулікпен салыстырғанда 20 адамға аз) туралы хабарлады. Еуропада коронавирустан ең қатты зардап шеккен ел үшін бұл жақсы жаңалық дейді билік өкілдері.
БҰҰ-на мүше 193 мемлекет болашақта COVID-19 вирусына қарсы вакцина табылған соң оған баршаның қолы жететіндей әділеттілік болуын бірауыздан мақұлдап дауыс берген.