Қазақстанда тағы 5 адам коронавирустан жазылып шықты
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 21 сәуірде сағат 12:00-дегі мәліметінде төрт өңірде COVID-19 диагнозы қойылған 5 науқастың дерттен айыққаны айтылған:
- Ақмола облысы - 1
- Қарағанды облысы - 2
- Қызылорда облысы - 1
- Түркістан облысы - 1.
Қазіргі кезге дейін елде коронавирус жұқтырған 1949 адамның 452-і дерттен айыққан. 19 адам қайтыс болған.
Қазақстанда тағы 18 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 21 сәуірде сағат 12:30-да таратқан мәліметіне сай, елде коронавирус жұқтырғандар 18 адамға көбейді:
- Алматы қаласы – 1
- Шымкент қаласы – 11
- Қарағанды облысы – 2
- Алматы облысы – 3
- Түркістан облысы – 1
Қазақстан бойынша коронавирус жұқтырғандар 1967 адамға жетті, 452 науқас дерттен айығып, 19 адам қайтыс болды:
Министр: Шымкентте ТЖ департаментінің 16 өкіліне вирус жұққан
Шымкент төтенше жағдайлар департаментінің 16 қызметкері коронавирус инфекциясын жұқтырған. Бұл туралы 21 сәуірде үкімет отырысында Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов хабарлады.
Министрдің сөзінше, сейсенбі күні Шымкентте короновирус жұқтырғаны анықталған 23 адамның 16-сы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері болып шыққан.
Осы департаменттің басшысы Нұрболат Дербісовтың Азаттыққа айтуынша, мекемеде 800-ден аса адам жұмыс істейді. Қазір коронавирусқа байланысты 40 адам карантинге жабылған.
- Әуелі епартамент заңгері мен өзіндік басқару басқармасының қызметкері ауруханаға түсті. Олармен байланыста болған барлық қызметкер оқшаулаyып, карантинге жабылды. Қазір ауру белгілері бар қызметкерлер ауруханаға жатқызылып жатыр, - деді Дербісов. Оның айтуынша, өзі де анализ тапсырған. Қазір жұмыс бөлмесінде оқшауланып отыр.
Қала әкімдігінің 21 сәуірдегі мәліметінше, коронавирус жұқтырғандар Шымкент қаласында 92 адамға жеткен. Үш адам қайтыс болған. 4 сәуірде Шымкент қаласы карантинге жабылып, 19 сәуірден бастап әкімдік рұқсат еткен жұмысшы топтан өзге тұрғындардың жаяу және көлікпен жүруіне тыйым салынған.
Өзбекстан карантинді 10 мамырға дейін ұзартты
Өзбекстан коронавирусқа байланысты енгізілген карантин шараларын 10 мамырға дейін ұзартты. Бастапқы мерзімі 20 сәуірде аяқталуы тиіс еді.
Өзбекстан әділет министрлігінің мәлімдемесінде 20 сәуірден бастап көшпелі сауда нүктелері арқылы азық-түлікке жатпайтын тауар сатуға рұқсат берілетіні айтылған. 24 наурыздан Ташкент пен оның айналасындағы аудандарда азық-түлік дүкендерінен басқа дүкендердің барлығы жабылған.
Министрлік мәлімдемесінде коронавирусқа байланысты Өзбекстан аумағынан кетіп үлгермеген шетел азаматтарының визасы 1 шілдеге дейін автоматты түрде ұзарады деп жазылған.
Ресми мәлімет бойынша, коронавирус жұқтырғандар Өзбекстанда 1565 адамға жеткен, бес адам қайтыс болған.