Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен кетті
Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев қызметінен кетіп, оның орнына бұған дейін денсаулық сақтау министрінің орынбасары болған Қамалжан Надыров тағайындалды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Министрлік Әбілдаевтың қызметтен өз еркімен кеткенін айтады. Ал Надыровтың орнына денсаулық сақтау министрінің орынбасары болып Людмила Бұйрабекова тағайындалды.
Кейінгі аптада Алматыда коронавирус жұқтырғандар саны күрт көбейген. Қалада вирус жұқтырғандар арасында Алматыдағы орталық клиникалық аурухананың медицина қызметкерлері көп. Дертке шалдыққан медқызметкерлер қаланың бас санитарлық дәрігері Айзат Молдағасымованың "вирус жұқтырған медқызметкерлер сақтық шараларын сақтамаған" деп сөзіне наразы болып, сотқа шағымданған. Осы шағым бойынша тергеу басталған тұста Молдағасымова қызметінен кетіп, оның орнына бұрын Қазақстанның бас санитарлық дәрігері болған Жандарбек Бекшин келді.
Оқи отырыңыз: Алматының орталық ауруханасы вирус ошағына айналды. Карантиндегі дәрігерлер не дейді?
Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 21 сәуірде Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында Алматыдағы орталық клиникалық аурухана қызметкерлерінің жаппай вирус жұқтыруына байланысты қозғалған іс Бас прокуратураға берілгенін хабарлады.
21 сәуірдегі дерекке сай, Қазақстанда 1977 адамға (500-ден астамы дәрігер) вирус жұқты. 477 адам дерттен айықты. 19 адам қайтыс болды. Елде вирус табылғандардың көбі Алматы қаласында - 672.
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 21 сәуір 22.15-тегі мәліметіне сай, елде тағы да 18 адамнан вирус табылды: Алматы қаласында - 6, Жамбыл облысында - 5, Атырау облысында - 2, Алматы облысында - 2. Нұр-Сұлтан қаласында - 1, Ақмола облысында - 1, Павлодар облысында - 1.
Бүгін, 21 сәуірде 143 адамға вирус жұқты. 42 адам дерттен жазылды.
Елде вирус жұқтырғандар 1995 адамға жетті. 489 адам COVID-19 дертінен айықты. 19 адам қайтыс болды. Вирус жұқтырғандардың 500-ден астамы - дәрігер.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында Қазақстан вирус тарауының шырқау шегіне жеткенін айтты. Министр мамырдың соңына дейін елде 3500 адамға вирус жұғады деп болжайды.
Қазақстанда коронавирусқа байланысты 1 мамырға дейін төтенше жағдай жарияланған. Елдің басым бөлігінде карантин.
АҚШ пен Бразилияда карантинге байланысты наразылық акциялары өтті
Әлемнің бірнеше елінде коронавирус індетіне байланысты енгізілген карантиндік шараларды айыптаған наразылық акциялары өтті. АҚШ-тың бірнеше штатында азаматтар жұмыс орындарын қайта ашып, шектеу шараларын жұмсартуды талап етті.
Наразыларды президент Дональд Трамп қолдады. Оның пікірінше, кейбір штат губернаторлары қатаң шаралар қолданып, "тым асыра сілтеп жіберген" Алайда шектеу шараларын жұмсартқан кейбір штаттарда коронавирус жұққан адамдар саны ұлғайған.
Коронавирус жұқтырғандар саны бойынша АҚШ әлемде бірінші орында тұр. Мұнда 800 мыңнан астам адамнан вирус табылған. 43 мыңнан астам адам қайтыс болған.
Вашингтон штатының губернаторы Трампты өткір сынап, миллион адамның өміріне қауіп төндіріп, тұрғындар арасында алауыздық қоздырды деп айыптады.
Бразилияда да карантинге қарсы митингілер өтті. Оны президент Жаир Болсонару қолдады. Наразылық шараларының бірінде президент жастарды шектеу шараларына қарамастан жұмысқа оралуға шақырды.
Бразилияда 41 мыңнан астам адамнан коронавирус табылған. 2,5 мыңға жуық адам қайтыс болған.
Солтүстік Осетияда (Ресей) жақында жүзден астам адам көшеге шығып, наразылық өткізген. Көбі табысынан айрылып, отбасын қалай асырайтынын білмейтінін айтып шағымданған.
Полиция митинг ұйымдастырушысын екі айға қамады. Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, оның үстінен "жалған ақпарат тарату" және "билік өкіліне күш көрсету" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Солтүстік Осетияда үкімет үйінің алдында сол күні 69 адам ұсталған.
Ресей оппозициясы сәуір айының соңында қарсылық акциясын өткізуді жоспарлап отыр. Олар коронавирус індеті кезінде халыққа қаржылай көмек көрсетуді талап етеді.
Соңғы мәлімет бойынша, Ресейде 53 мыңнан астам адамнан коронавирус табылған. 456 адам қайтыс болған.
Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 2.5 миллионнан асты. 175 мың адам қайтыс болды.
Лукашенко: ДДСҰ Беларусьте карантин енгізуді ұсынды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) коронавирус індетіне байланысты Беларусьте карантин жариялап, коменданттық сағат енгізу мәселесін қарастыруға кеңес берді. Бұл туралы Бобруйскіде жұмысшылармен кездесу кезінде Беларусь президенті Александр Лукашенко хабарлады.
Президент ДДСҰ-ны "Минскіге саяси тұрғыда үстірт қарады" деп айыптап, жұмысшыларды коронавирус туралы ресми ақпаратқа сенуге шақырды.
Бастапқыда Беларусь президенті коронавирус індетін жоққа шығарып, оқшаулау режимін сынға алған.
Соңғы мәлімет бойынша, Беларусьте 6 мыңнан астам адамнан коронавирус табылған. 50-ден астам адам қайтыс болған. Бірақ соған қарамастан Беларусь карантиндік шаралар енгізбеген және қоғамдық шараларға тыйым салмаған Еуропадағы санаулы мемлекеттердің бірі ретінде қалып отыр.
Бұған дейін ДДСҰ Беларусь билігін эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына дайын болуға шақырған.
Қазір коронавирус індетіне байланысты әлемнің көптеген елінде шектеу шаралары енгізілген. Қоғамдық шараларға тыйым салынған, оқу орындары жабылған. Алайда Еуропаның бірнеше елінде - Дания, Австрия, Испания, Германияда шектеу шаралары жұмсартылды. АҚШ-та наразылық акциялары өтіп, тұрғындардың жұмысқа оралуына рұқсат етуді талап етті. Ал ДДСҰ карантиндік шараларды алуға асықпау қажеттігін ескертіп, індеттің "екінші толқынына" жол бермеуге шақырды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде адамдар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.