Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

09:45 23.4.2020

Әл-Азхар университеті мешіттерді спиртпен залалсыздандыруға рұқсат берді

Блокпостта тұрған адам. Көрнекі сурет.
Блокпостта тұрған адам. Көрнекі сурет.

Өзбекстанның мұсылмандар басқармасы Египеттің әл-Азхар университетінің халықаралық электронды орталығының коронавирусқа байланысты пәтуасын жариялады. Бұл туралы Азаттықтың Өзбек қызметі жазды.

Пәтуаға сәйкес, коронавирустан қайтыс болған адамға "азап шеккен" деген мәртебе беріледі. Бұған қоса, адамдарды мас қылмайтын спирт қолдануға рұқсат етілген және спиртпен мешітті залалсыздандыруға болады деп жазылған.

Пәтуа бойынша егер дәрігерлер ораза ұстау коронавирус жұқтыру мүмкіндігін арттырады деп айтса және бұл ғылыми тұрғыда дәлелденсе, ораза ұстамауға да рұқсат.

Бұған дейін Өзбекстанның мұсылмандар діни басқармасы ораза кезінде ауызашар жасап, мешіттерде тарауық оқуға тыйым салған болатын. Басқарма азаматтарды оған кететін қаржыны материалдық көмекке мұқтаж отбасыларға үлестіруге кеңес берген.

Қазақстан мен Қырғызстанда да осыған ұқсас тыйым салынған. 24 сәуірге қараған түні мұсылмандар үшін қасиетті ай саналатын Рамазан айы басталады.

10:41 23.4.2020

Алматыда коронавирустан алтыншы науқас қайтыс болды

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

23 сәуірде күндізгі сағат 11:30-да Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі Алматы қаласында коронавирустан бір науқастың көз жұмғанын хабарлады. Науқас 1964 жылы туған. Министрлік әзірге толық мәлімет айтқан жоқ.

Қазақстанда коронавирустан барлығы 20 науқас қайтыс болған. Дәрігерлердің айтуынша, олардың басым бөлігінде созылмалы аурулар болған.

Алматы қаласында алты адам вирустан қайтыс болған. Қалада вирус жұқтырғандар 735 адам болды. Бұл республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш.

Қалада 19 наурыздан бері карантин жарияланған.

11:30 23.4.2020

Нұр-Сұлтан, Алматы және бірқатар аймақтарда 16 адамнан коронавирус табылды

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 23 сәуір түскі сағат 12.20-да 16 адамнан вирус табылғанын хабарлады. Нұр-Сұлтан қаласында - 1, Алматы қаласында - 1, Алматы облысында - 3, Павлодар облысында - 7, Қызылорда облысында - 1, Шымкент қаласында - 2, Түркістан облысында 1 адамға вирус жұққан.

Қазақстанда вирус жұқтырғандар 2207 адамға жетті:

  • Алматы қаласы – 736
  • Нұр-Сұлтан қаласы – 422
  • Қызылорда облысы – 158
  • Қарағанды облысы – 102
  • Ақмола облысы – 83
  • Атырау облысы – 82
  • Түркістан облысы – 77
  • Жамбыл облысы – 79
  • Шымкент қаласы – 133
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 30
  • Алматы облысы – 65
  • Батыс Қазақстан облысы – 86
  • Ақтөбе облысы – 34
  • Маңғыстау облысы – 19
  • Павлодар облысы – 50
  • Шығыс Қазақстан облысы –15
  • Қостанай облысы – 36

515 адам COVID-19 дертінен айықты. 20 адам қайтыс болды. 23 сәуірде күндіз министрлік Алматыда коронавирустан алтыншы науқастың көз жұмғанын хабарлады. Науқас 1964 жылы туған.

Республика бойынша вирус жұқтырғандардың 500-ден астамы - дәрігер.

Қарай отырыңыз: Қазақстанның коронавирус картасы

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 1 мамырға дейін төтенше жағдай жарияланған. Елдің басым бөлігінде карантин енгізілген.

12:44 23.4.2020

Қытайда коронавирусқа байланысты Харбин қаласына кіруге тыйым салынды

Харбин әуежайы.
Харбин әуежайы.

COVID-19 ауруына шалдыққандар санының артуына байланысты Қытайдың Харбин қаласына кіруге тыйым салынды. Бұл ақпаратты Reuters агенттігі хабарлады.

Қаладан шыққысы келген тұрғындар сақшыларға коронавирус жұқпағаны туралы QR-кодты көрсетуі қажет. Тұрғындар қала ішінде медициналық маска тағуға міндеттелген.

Агенттіктің жазуынша, 10 млн тұрғыны бар Харбин қаласы - Қытайдағы коронавирустың екінші толқыны ошағына айналған. Соңғы он күнде қалада 57 адамнан коронавирус табылған.

Коронавирус инфекциясы былтыр желтоқсан айында Қытайдың Ухан қаласынан тарай бастаған. Сәуір айының басында Қытай билігі тұрғындарға қаладан шығуға рұқсат берді.

Биліктің дерегінше, Қытайда жалпы 83 мыңнан астам адамнан коронавирус табылған, 4,6 мың адам қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау (ДДСҰ) ұйымы коронавирус індетінің қашан тоқтайтынын айту әзірге ерте деп санайды. Ұйым жетекшісі Тедрос Гебреисустің айтуынша, Батыс Еуропада жағдай тұрақталғанмен Африка, Оңтүстік және Орталық Америка, Шығыс Еуропада вирус жұқтырғандар көбейіп барады.

23 сәуір күнгі мәлімет бойынша, әлемде 2,6 млн адамға вирус жұққан, 183 мыңнан астам адам қайтыс болған.

Тағы

XS
SM
MD
LG