Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

13:29 23.4.2020

Трамп иммигранттарға уақытша тыйым салды

АҚШ президенті Дональд Трамп.
АҚШ президенті Дональд Трамп.

АҚШ президенті Дональд Трамп коронавирус індетіне байланысты иммиграцияны уақытша тоқтату туралы жарлыққа қол қойды. Президент жұмыс орындарын сақтап, медициналық ресурсты үнемдеу үшін осындай шешім қабылдағанын айтты.

"Экономикамыз қалпына келе бастаған сәтте жұмыссыз америкалықтар жұмыс орындарына кезекке бірінші болып тұрады, бұл соған кепілдік болады" деді Трамп.

Бұған дейін Трамп жарлық 60 күнге дейін күшінде болады, қажет болған жағдайда ұзартылады деп мәлімдеген.

Жарлық 24 сәуір түнде күшіне енеді және АҚШ аумағынан тыс жерде тұрып жатқан виза алып үлгермеген шетел азаматтарына қатысты. Тек медицина қызметкерлері мен АҚШ азаматтарының туыстарына елге кіруге рұқсат берілуі мүмкін.

АҚШ-та иммиграция мәселесі федералдық заңмен реттелгендіктен президенттің иммигранттардың елге кіруін тоқтату талпынысы сотта қаралуы мүмкін.

Коронавирус жұқтырғандар саны бойынша АҚШ әлемде бірінші орында тұр. Мұнда 840 мыңға жуық адамнан коронавирус табылған, 46 мыңнан астам адам қайтыс болған.

14:05 23.4.2020

Алматыда коронавирустан қайтыс болған әйел созылмалы аурулармен ауырған

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

23 сәуірде Алматыда коронавирус жұққан 56 жастағы әйелдің қайтыс болғаны хабарланған еді. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының айтуынша, әйелге коронавирус жұққаны 17 сәуірде анықталған. Науқас бірнеше созылмалы ауру түрлерімен ауырған: бүйрек, анемия, қант диабеті, полисегментті пневмония, хронодиализ. 22 сәуірде жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

"Инвазивті емес жасанды тыныс алу тиімсіз болғандықтан 22 сәуірде инвазивті өкпені жасанды тыныс алу аппаратына ауыстырылды. Бұған қоса, бағдарламалық гемодиализ сеансынан өтті. Емге қарамастан "полиорган жетіспеушілік" белгілері байқалып, таңғы сағат 6:30-да қан айналымы тоқтады. 30 минут ішінде жүргізілген реанимациялық іс-шаралар нәтиже берген жоқ. Сағат 7.00-де дәрігерлер науқастың қайтыс болғанын анықтады" делінген хабарламада.

Қазақстанда коронавирустан барлығы 20 науқас қайтыс болған. Дәрігерлердің айтуынша, олардың басым бөлігінде созылмалы аурулар болған.

Алматы қаласында алты адам вирустан қайтыс болған. Қалада вирус жұқтырғандар 735 адам болды. Бұл республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш.

Қазақстанда барлығы 2207 адамнан коронавирус табылған.

14:25 23.4.2020

Душанбеде мұғалімнің қазасынан кейін оқушылар үйлеріне қайтарылды

Душанбедегі N1 лицей.
Душанбедегі N1 лицей.

Тәжікстан астанасы Душанбедегі лицейлердің бірінде дене шынықтыру сабағының мұғалімі қайтыс болғаннан кейін оқушылар үйлеріне қайтарылды. Марқұмның әріптестері Азаттықтың Тәжік қызметіне Хуршед Каримов "өкпе ауруынан қайтыс болды" деп айтқан.

Лицейде 400-ден астам оқушы білім алады. Балалардың ата-аналарына лицей әкімшілігі мектептің уақытша жабылғанын, сабақ басталатын уақыт қосымша хабарланатынын айтқан.

Душанбе қалалық денсаулық сақтау басқармасы "алаңдауға негіз жоқ" деп мәлімдеп, N1 лицейде жоспарға сәйкес, дезинфекция жүргізілетінін хабарлады.

Лицейде істейтін мұғалімдердің бірінің айтуынша, Хуршед Каримовтан екі апта бұрын пневмония белгілері байқалып, ауруханаға жатқызылған.

Ал марқұмның туыстары Хуршед Каримовтің сүйегі жақындарына берілмеді, хлор себілген кебінге оралып, көмілді деп айтқан.

Президент Эмомали Рахмон билігі "Тәжікстан аумағында коронавирус жоқ" деп санайды. Пневмониядан өлгендердің күрт көбейгенін "пневмонияның белгілі бір кезең мен ауа-райына байланысты қозатынынан" көреді. Бірақ елде биліктің мәлімдемесіне күмәнмен қарайтындар көбейген.

Оқи отырыңыз: Рахмон билігі "Тәжікстан аумағында коронавирус жоқ" деп санайды

15:23 23.4.2020

HRW: Пандемия кезінде Орталық Азия үкіметтері шектеу шараларын пайдаланбауы тиіс

Жолда жүргізушілерді тексеріп тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 14 сәуір 2020 жыл.
Жолда жүргізушілерді тексеріп тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 14 сәуір 2020 жыл.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымы пандемия кезінде Орталық Азиядағы адам құқығы ахуалына алаңдап отыр.

23 сәуір күні таратқан мәлімдемесінде ұйым өкілдері Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан індеттің тарауын тежеу үшін "маңызды қадамдар" жасағанмен шектеу шараларын журналистер, денсаулық сақтау саласы мамандары мен белсенділерді қудалау мақсатында пайдаланды деп жазды.

"Орталық Азия үкіметтері COVID-19 жайлы нақты ақпаратпен қамтамасыз етіп, азаматтарының құқықтарын қорғауға міндетті. Төтенше жағдай кезінде және алдағы уақытта осыған ұқсас кез келген жағдайда адам құқығы құрметтелуі тиіс. Олар қоғамды ақпаратпен қамтамасыз етуге немесе құқықбұзушылыққа қарсы төтеп беруге тырысқан журналистер мен денсаулық сақтау саласы мамандарын қудаламауы тиіс, шектеу шараларын пайдаланбауы қажет" деді HRW ұйымының Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша директоры Хью Уильямсон.

Ұйым өкілдерінің айтуынша, коронавирустың барын жоққа шығарып отырған Түркіменстан мен Тәжікстан вирус туралы айтқысы келген медицина қызметкерлері мен тұрғындардың үнін естіртпеуге тырысқан.

Ұйым өкілдері АЕ/АР медиакорпорациясының президенті Джейми Флайдың Тәжікстан билігіне хат жібергенін, биліктің коронавирусқа байланысты сұрақтарға жауап беруден бас тартқанын да еске салады.

"COVID-19 туралы ақпарат бермей жасырған Түркіменстан мен Тәжікстан билігі азаматтарының денсаулығына қауіп төндірді" делінген мәлімдемеде.

23 сәуір күнгі ақпарат бойынша Қазақстанда 2207 адамнан коронавирус табылған. 20 адам қайтыс болған. Өзбекстанда 1716 науқас бар, жеті адам көз жұмған. Қырғызстанда 631 адам COVID-19 ауруына шалдыққан, 8 адам қайтыс болған.

Тағы

XS
SM
MD
LG