Қазақстанда 44 адамнан коронавирус табылды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 23 сәуір кешкі сағат 17.50-де тағы 44 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Нұр-Сұлтан қаласында - 1, Алматы қаласында - 20, Алматы облысында - 3, Қарағанды облысында - 1, Ақтөбе облысында - 9, Жамбыл облысында - 9, Қызылорда облысында 1 адамға вирус жұққан.
Қазақстанда вирус жұқтырғандар 2251 адамға жетті:
- Алматы қаласы – 756
- Нұр-Сұлтан қаласы – 423
- Қызылорда облысы – 159
- Қарағанды облысы – 103
- Ақмола облысы – 83
- Атырау облысы – 82
- Түркістан облысы – 77
- Жамбыл облысы – 88
- Шымкент қаласы – 133
- Солтүстік Қазақстан облысы – 30
- Алматы облысы – 65
- Батыс Қазақстан облысы – 86
- Ақтөбе облысы – 43
- Маңғыстау облысы – 19
- Павлодар облысы – 50
- Шығыс Қазақстан облысы –15
- Қостанай облысы – 36
536 адам COVID-19 дертінен айықты. 20 адам қайтыс болды. 23 сәуірде күндіз министрлік Алматыда коронавирустан алтыншы науқастың көз жұмғанын хабарлады. 1964 жылы туған әйел адамда бірнеше созылмалы ауру болған.
Қарай отырыңыз: Қазақстанның коронавирус картасы
Қазақстанда коронавирусқа байланысты 1 мамырға дейін төтенше жағдай жарияланған. Елдің басым бөлігінде карантин енгізілген.
Қазақстанда вирус жұқтырғандар 2300-ге жуықтады
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 23 сәуір 23.40-тағы дерегіне сай, елде тағы 38 адамнан коронавирус табылды: Ақтөбе облысында - 12, Жамбыл облысында - 10, Павлодар облысында - 8, Нұр-Сұлтан қаласында - 5, Қызылорда облысында - 2, Алматы облысында 1 науқас.
Министрліктің ақпаратынша, Қызылордада вирус жұқтырған екі адамның бірі - жедел жәрдем жүргізушісі. Екіншісі - 66 жастағы зейнеткер, ол - бұрын дертке шалдыққан адамның жақыны.
23 сәуірде Қазақстанда 154 адамнан вирус анықталды. Алматыда бір адам қайтыс болды. 45 адам дерттен айықты.
Осылайша, Қазақстанда коронавирус жұқтырған 2289 адамға жетті. 560 адам дерттен айықты. 20 адам қайтыс болды.
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі елде сәуірдің соңына дейін 2700 адамға, мамырдың соңына дейін 4000 адамға вирус жұғады деп болжайды.
Елде коронавирусқа байланысты 1 мамырға дейін төтенше жағдай жарияланған. Қазақстанның біраз аймағы карантинде.
Вирус табылған 2289 адам мына аймақтарда:
- Алматы қаласы – 756
- Нұр-Сұлтан қаласы – 428
- Қызылорда облысы – 161
- Шымкент қаласы – 133
- Қарағанды облысы – 103
- Жамбыл облысы – 98
- Батыс Қазақстан облысы – 86
- Ақмола облысы – 83
- Атырау облысы – 82
- Түркістан облысы – 77
- Алматы облысы – 69
- Павлодар облысы – 58
- Ақтөбе облысы – 55
- Қостанай облысы – 36
- Солтүстік Қазақстан облысы – 30
- Маңғыстау облысы – 19
- Шығыс Қазақстан облысы – 15
Шымкентте коронавирустан төртінші науқас қайтыс болды
24 сәуірде таңертеңгі сағат 8:30-да Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі Шымкент қаласында коронавирустан бір науқастың көз жұмғанын хабарлады. Науқас 1968 жылы туған. Министрлік әзірге толық мәлімет айтқан жоқ.
Қазақстанда коронавирустан барлығы 21 науқас қайтыс болған. Дәрігерлердің айтуынша, олардың басым бөлігінде созылмалы аурулар болған.
Шымкент қаласында төрт адам вирустан қайтыс болған. Қалада вирус жұқтырғандар 133 адам болды. 18 адам жазылған.
Сәуір айының басында қалада карантин жарияланып, адамдардың жүруіне шектеу қойылды.
Чехияда жалпыұлттық карантин алынды
Чехия үкіметі 23 сәуірде жалпыұлттық карантинді алып тастау туралы шешім қабылдады. Елде коронавирусқа байланысты наурыз айының ортасынан бері карантин жарияланған болатын.
Чехияда тұрғындар 24 сәуірден бастап еркін жүре алады, шетелге шыға алады (Қайтқаннан кейін екі аптаға созылатын карантиннен өтуі тиіс). Он адамнан аспайтын топтардың жиналуына рұқсат етілген.
Чехия - қатаң карантиндік шаралар енгізген Еуропадағы алғашқы мемлекеттердің бірі, оны алғашқылардың бірі болып алды. 27 сәуірден бастап аумағы 250 шаршы метрден аспайтын орталықта орналаспаған дүкендер ашыла бастайды. Бұған дейін мұндай дүкендер мамыр айының соңында ашылады делінген еді. Фитнес-орталықтар, зообақтар, жоғары оқу орындары қайта ашылады.
11 мамырда сауда орталықтары, шаштараз, массаж салондары, музейлер жұмыс істей бастайды. 25 мамырда дәмхана, мейрамханалар жұмысын қайта бастайды. Шетел азаматтарының елге кіруіне қашан рұқсат берілетіні әзірге белгісіз.
Прага соты бейсенбі күні "заңға қайшы енгізілген кейбір карантиндік шаралардың" күшін жойды. Сот шешімі 27 сәуірде күшіне енеді. Ол уақытқа дейін сот шешімінің кейбір бөлігі биліктің соңғы шешіміне байланысты жүзеге аспай қалуы мүмкін.
Чехияда соңғы уақытта вирус жұқтырғандар азайған. 23 сәуірде Чехияда 6 адамнан коронавирус табылды. Қазір вирустан жазылғандар көбейіп, науқастар саны азайған. Қазір олардың саны бес мыңға жуық.
Жалпы елде 7 мыңнан астам адамнан коронавирус табылған. 2 мың адам жазылған. 210 адам қайтыс болған.