Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

08:40 24.4.2020

Алматы қаласында коронавирустан бір науқас қайтыс болды

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

24 сәуірде таңертеңгі сағат 9:30-да Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі Алматы қаласында коронавирустан бір науқастың көз жұмғанын хабарлады. Науқас 1957 жылы туған.

Қазақстанда коронавирустан барлығы 22 науқас қайтыс болған. Бір сағат бұрын министрлік Шымкентте 1968 жылы туған науқастың қайтыс болғанын хабарлаған. Министрлік әзірге науқастар туралы мәлімет айтқан жоқ.

Министрлік жұма күні таңертең Қазақстанда тағы 45 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Вирус жұқтырғандар 2334 адамға жеткен. 560 адам жазылған.

Алматы қаласында барлығы жеті адам вирустан қайтыс болған. 23 сәуірде қалада 1964 жылы туған әйел адам қайтыс болды. Дәрігерлердің айтуынша, әйел бірнеше созылмалы аурулармен ауырған.

Қалада коронавирус жұққан 764 адам анықталған. Бұл республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. 19 наурыздан бері қалада карантин жарияланған.

08:53 24.4.2020

Ресейде қазақстандық 21 студентке коронавирус жұққан

Жедел жәрдем көлігінде отырған медицина қызметкерлері. Ақтөбе, 22 сәуір 2020 жыл.
Жедел жәрдем көлігінде отырған медицина қызметкерлері. Ақтөбе, 22 сәуір 2020 жыл.

Олар бейсенбі, 23 сәуірде Ақтөбедегі инфекциялық ауруханаға түскен. Бұл туралы Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев айтты.

- Ақтөбеге Ресейден 222 қазақстандық студент келген болатын. Карантинге алынған студенттердің 21-інен коронавирус табылды. Олар - Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Түркістан облысының тұрғындары. Вирус жұқтырмаған студенттер үшін тұрған жерінен Ақтөбеге көлік жіберіледі. Ресейде оқып жүрген студенттер өзі тұратын қалаға жеткеннен кейін де 14 күн карантинде болады, - дейді Әсет Қалиев.

Ақтөбеге 22 сәуірде Атырау облысында вахталық әдіспен жұмыс істейтін 432 жергілікті тұрғын келген болатын. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы олардан вирус табылмағанын айтады. Бүгін Ақтөбеге Атыраудан тағы 450 жұмысшы келуі керек. Осылайша жергілікті билік мамыр айына дейін Атырау облысындағы кеніштерде қалып қойған екі мыңға жуық жұмысшыны Ақтөбеге қайтармақшы.

24 сәуір күнгі мәліметке қарағанда, Ақтөбе облысында коронавирус жұқтырғандар саны 55 адам болды. Оның екеуі реанимацияда жатыр.

- Коронавирус жұқтырған 74 жастағы әйелдің жүрек ритмі бұзылып, инфекциялық аурухана палатасынан операция залын жасақтауға мәжбүр болдық. Науқастың жүрегіне кардиостимулятор қойылды. Жағдайы тұрақты ауыр, - дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Ақтөбеде коронавирусқа байланысты 6 сәуірде карантин жарияланған.

09:31 24.4.2020

Алматыда екі күнде кемінде 38 медицина қызметкерінен коронавирус табылған

Карантинге жабылған орталық қалалық клиникалық аурухана. Алматы, 13 сәуір 2020 жыл.
Карантинге жабылған орталық қалалық клиникалық аурухана. Алматы, 13 сәуір 2020 жыл.

Алматы қаласы әкімдігінің Telegram арнасындағы мәлімет бойынша, Алматыда 23-24 сәуір күндері барлығы 78 адамнан коронавирус табылған. Олардың 38-і - медицина қызметкері.

"22-сі - орталық қалалық клиникалық ауруханасының карантинде болған қызметкері, екеуі - N1 қалалық клиникалық ауруханасының провизорлық стационарының қызметкері, 10 қызметкер балалар қалалық инфекциялық ауруханасында істейді, төртеуі - жедел медициналық көмек қызметінің өкілі" делінген ресми хабарламада.

Қалған 40 адам коронавирус жұққан адамдармен араласқан.

Алматы - коронавирус жұқтырғандар мен вирус жұққан дәрігерлер саны жағынан республикада алда тұр. Қалада жалпы 764 адамнан коронавирус табылған. Науқастар арасында Алматыдағы орталық қалалық клиникалық ауруханасының медицина қызметкерлері көп. 18 сәуірде қаланың бас санитар дәрігері ауысты.

Оқи отырыңыз: Алматының орталық ауруханасы вирус ошағына айналды. Карантиндегі дәрігерлер не дейді?

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының жетекшілігіне бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров келеді деп хабарланған еді. Ізінше одан коронавирус анықталып, басқарма жетекшісі Тілеухан Әбілдаев орнында қалды.

Қазір инфекциялық стационарларда 663 науқас (Алматы облысынан келген бір науқасты қоса есептегенде) емделіп жатыр.

"Екі адамның жағдайы - өте ауыр, 24 адамның жағдайы - ауыр. 198 науқастың халі - орташа ауыр. Қалғандарының жағдайы бірқалыпты" делінген хабарламада.

Республика бойынша 22 адам вирустан қайтыс болған. 24 сәуірде таңертең Алматыда коронавирустан жетінші науқастың қайтыс болғаны белгілі болды. Науқас 1957 жылы туған.

10:59 24.4.2020

Басқарма өкілдері Шымкентте коронавирустан қайтыс болған науқас туралы айтты

Шымкенттегі блокбекеттердің бірі. 2 сәуір 2020 жыл.
Шымкенттегі блокбекеттердің бірі. 2 сәуір 2020 жыл.

24 сәуірде таңертең Шымкентте 1968 жылы туған ер адамның қайтыс болғаны хабарланған еді. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің хабарлауынша, науқас Абай ауданында тұрған. 20 сәуірде қалалық инфекциялық ауруханасының реанимация бөліміне жатқызылған.

Ауруханаға түскен сәтте жағдайы ауыр болғандықтан жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Дәрігерлердің айтуынша, науқас диагнозында коронавирустан бөлек "дилатациялық кардиомиопатия, жүрекше фибрилляциясы, артериялық гипертензия, созылмалы жүрек ауры, қант диабеті" болған.

"Хаттамаға сәйкес, барлық қажетті ем-дом жасалды, республикалық мамандармен бірнеше рет кеңес өтті. Реанимация шараларына қарамастан 23 сәуірде сағат 20:30-да науқас қайтыс болды" делінген ресми хабарламада.

Шымкент қаласында төрт адам вирустан қайтыс болған. Қалада вирус жұқтырғандар 139 адам болды. 18 адам жазылған.

Миллионнан астам тұрғыны бар қала республика бойынша науқастар саны жағынан төртінші орында тұр.

4 сәуірден бастап қала карантинге жабылған. 19 сәуірде рұқсат етілген жұмысшы топтан бөлек адамдардың жаяу және жеңіл көлікпен жүруіне тыйым салынды.

Тағы

XS
SM
MD
LG