Тәжікстан президенті фермерлерді ораза ұстамай, жұмыс істеуге шақырды
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон фермерлерді Рамазан айы кезінде ораза ұстамай, егіс алқаптарында жұмыс істеуге шақырды.
Тәжікстан билігі елде коронавирус барын жоққа шығарып келеді. Дегенмен 23 сәуірде Рахмон ораза ұстау "жұқпалы ауру инфекциясына төтеп беруге кедергі келтіреді" деді.
"Елде [COVID-19] ауруы тіркелмеді екен деп қол қусырып отыруға болмайды" деді ол.
Тәжікстан коронавирус жоқ деп ресми хабарлағанмен шекараларын жауып, вируспен күрес шараларын жүргізіп жатыр. Тәжікстанның ресми дін қызметкерлерінің сөзіне сілтеме жасаған Эмомали Рахмон ораза ұстау "фермерлер мен бақташыларға, көп жұмыс істейтін адамдарға зиянды" деді.
"Егіс алқаптарында жұмыс істеп жатқан адамдарды өздері мен отбасының денсаулығын ойлап, осы рұқсатты пайдаланып, жағдай тұрақталғанға дейін оразаны шегеруге шақырамын" деді ол.
Бұрынғы совет республикасы ғаламдық індет кезінде коронавирустың экономикаға ықпалын азайту үшін халықаралық донорлардан шұғыл көмек сұраған. Тәжікстан импортты өтеу үшін шетел валютасымен қиындыққа ұшырауы мүмкін. Себебі пандемияға байланысты Ресейдегі тәжік мигранттарынан түсетін табыс көлемі азайған.
Тәжікстанда жұмыс күшінің 65 пайызы ауыл шаруашылық саласына тартылған.
АҚШ-тың халықаралық дін еркіндігі комиссиясының 2019 жылғы есебінде Тәжікстан дін еркіндігін шектеп, діни көзқарасы үшін адамдарды қудалайтын мемлекет ретінде аталған.
Нұр-Сұлтанда коронавирустан Ресей азаматы қайтыс болды
24 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында коронавирустан үшінші науқас қайтыс болды. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен хабарлады. 1954 жылы туған әйел адам 15 сәуірде жағдайы өте ауыр күйде ауруханаға жеткізілген.
"Реанимация бөліміне жатқызылды, жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Коронавирус инфекциясы бары анықталды, екіжақты полисегментті пневмония ауруы асқынған. Науқастың жағдайы барған сайын нашарлай берді. Онда созылмалы обструктивті өкпе ауруы, қант диабеті болған. Күн сайын консилиум өткізіліп тұрды" деді Мәкен.
Оның сөзіне қарағанда интенсивті терапияға қарамастан 24 сәуірде таңертеңгі сағат 10:40 шамасында науқас қайтыс болған. Оның айтуынша, әйел адам - Ресей азаматы.
24 сәуірде таңертең Алматы мен Шымкент қаласында екі науқас коронавирустан көз жұмған. Жарты күн ішінде коронавируспен байланысты үшінші адам өлімі болып отыр.
Індет тарағалы бері Нұр-Сұлтан қаласында барлығы үш адам вирустан қайтыс болған. Республика бойынша 23 адам қайтыс болған.
Қалада коронавирус жұққан 433 адам анықталған. 207 адам жазылған. 19 наурыздан бері қалада карантин жарияланған.
Ақмола облысында 93 жастағы науқас коронавирустан жазылды
Ақмола облысында арнайы қызмет көрсету орталығында тұратын 7 адам коронавирустан жазылып шықты. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайты хабарлады.
1927, 1933, 1944, 1955, 1961 жылғы бес әйел мен 1978, 1984 жылы туған екі ер адам 7 сәуірден бастап астанадағы N3 көпсалалы қалалық балалар ауруханасында емделген. Оларды Нұр-Сұлтан қаласының дәрігерлері емдеген.
Бұған дейін Ақмола облысында қарттар үйінен ондаған адамнан коронавирус табылып, мекеме карантинге жабылған еді. Қарттар үйінде тұрған бірнеше адам коронавирустан қайтыс болған.
Облыста жалпы 85 адамнан коронавирус табылған. 28 адам жазылған. 3 адам қайтыс болған.
Алматыда коронавирустан қайтыс болған әйел үйде өз бетінше емделген
Денсаулық сақтау министрлігі 24 сәуір таңертең Алматыда 1957 жылы туған әйелдің коронавирустан қайтыс болғанын хабарлаған болатын. Алматы әкімдігінің мәліметі бойынша, 63 жастағы науқас үйде өз бетінше емделген - дәрігер шақырмаған. COVID-19 ауруына шалдыққаны қайтыс болғаннан кейін анықталған.
"Науқастың күйеуінің айтуынша, бір апта бойы әйелдің дене қызуы көтеріліп, жөтелген. Учаскелік дәрігер шақыртпаған. Үйде өз бетінше емделген. Кеше (23 сәуірде) кешкісін кенеттен тынысы тарылып, есінен танып қалған" делінген әкімдік хабарламасында.
Жедел жәрдем қызметкерлері келгенге дейін әйел қайтыс болған. Анализ нәтижесінде коронавирус бары анықталған.
Қазақстанда коронавирустан барлығы 23 науқас қайтыс болған.
Алматы қаласында жеті адам вирустан қайтыс болған. 23 сәуірде қалада 1964 жылы туған әйел адам көз жұмды. Дәрігерлердің айтуынша, әйел бірнеше созылмалы аурулармен ауырған.
Алматыда коронавирус жұққан 764 адам анықталған. Бұл республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. 19 наурыздан бері қалада карантин жарияланған.