Алматыда коронавирустан сегізінші науқас көз жұмды
24 сәуір түстен кейін Алматыда тағы бір науқастың көз жұмғаны белгілі болды. Coronavirus2020.kz сайтының Telegram арнасындағы мәлімет бойынша, науқас 1945 жылы туған.
Қазақстанда коронавирустан барлығы 24 адам қайтыс болды. Жұма, 24 сәуірде Алматыда - 2, Нұр-Сұлтанда - 1, Шымкентте 1 адам қайтыс болды. Олардың біреуі - Ресей азаматы.
Жергілікті биліктің айтуынша, Алматыда қайтыс болған 1957 жылы туған әйел үйде өз бетінше емделген. Дәрігер шақырмаған. Қайтыс болғаннан кейін COVID-19 ауруымен ауырғаны анықталған.
Шымкентте қайтыс болған 1968 жылы туған ер адам коронавирустан бөлек бірнеше созылмалы аурулармен ауырған.
Өзбекстан коронавирус ықпалын азайту үшін 3 млрд доллардан астам қарыз алады
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев коронавирус ықпалын азайту үшін халықаралық қаржы институттарынан 3,1 миллиард АҚШ доллары көлемінде несие алуға мүмкіндік беретін жарлыққа қол қойды. Несие жеңілдетілген шартпен ұзақ мерзімге беріледі деп айтылады.
Онлайн құжаттар қорында 24 сәуірде жарияланған президент жарлығына сәйкес, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, Ислам даму банкі, Еуропаның қайта құру және даму банкі және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен қарыз алу туралы алдын ала келісім жасалған.
Премьер-министрдің орынбасары Жамшид Кошкоров бір күн бұрын журналистерге пандемия ықпалын азайту үшін Өзбекстан Халықаралық валюта қорынан 375 миллион доллар көлемінде қаржы алатынын хабарлаған.
24 сәуір күнгі ақпарат бойынша, Өзбекстанда 1778 адамнан коронавирус табылған, жеті адам қайтыс болған.
Оқи отырыңыз: Мирзияевтің әбжілдігі. Орталық Азияның коронавируспен оңаша күресі
Коронавирустан айыққандар 17 адамға көбейді
24 сәуір күндіз денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда коронавирустан 17 адамның жазылғанын хабарлады. Барлығы 585 науқас айыққан.
Нұр-Сұлтанда - 210, Алматы қаласында - 88, Қызылорда облысында - 51, Жамбыл облысында - 40, Атырау облысында - 35, Қарағанды облысында - 34, Солтүстік Қазақстан облысында - 25, Түркістан облысында - 21, Шымкентте - 18, Ақтөбе облысында - 10, Алматы облысында - 9, Шығыс Қазақстан облысында. - 5, Қостанай облысында - 3, Батыс Қазақстан облысында - 2, Павлодар облысында 2 адам жазылған.
Індет басталғалы бері 24 адам қайтыс болған. Жұма, 24 сәуірде Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтанда төрт адамның қайтыс болғаны белгілі болды.
Маңғыстау облысында коронавирус жұққан әскери қызметкер қайтыс болды
Маңғыстау облысында коронавирус жұққан 40 жастағы әскери қызметкер қайтыс болды. Бұл туралы 24 сәуірде Маңғыстау облысының бас санитар дәрігері Ерғали Садыманов хабарлады.
"Науқас Мұнайлы ауданы Батыр ауылында тұрған. 1980 жылы туған ер адам 20 сәуірде дене қызуы көтеріліп, тамағы жыбырлаған соң жедел жәрдем қызметінің көмегіне жүгінген. Рентгенге түскеннен кейін пневмония бары анықталған. Дәрігерлерге жүгінгенге дейін бір апта ауырған" деді Ерғали Садыманов.
Оның сөзіне қарағанда науқас екі рет коронавирус тестінен өткен. Екінші тест коронавирус барын анықтаған.
Садымановтың айтуынша, ер адам аймақтағы әскери бөлімдердің бірінде қызмет еткен. Төтенше жағдай кезінде Ақтау қаласын залалсыздандырған жұмысшылар тобында қосылған. Марқұмның артында әйелі мен бес баласы қалды.
Қазақстанда коронавирустан барлығы 25 адам қайтыс болған. 24 сәуірде Алматы, Шымкент пен Нұр-Сұлтанда төрт адамның қайтыс болғаны белгілі болған еді.
Маңғыстау облысында барлығы 20 адамнан коронавирус табылған. Аймақта алғаш рет коронавируспен байланысты адам өлімі болып отыр.