Қазақстанда 2376 адамға вирус жұқты. 602 адам жазылды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 24 сәуір кешкі сағат 18.25-те Қазақстанда тағы 42 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Алматы қаласында - 23, Павлодар облысында - 4, Алматы облысында - 3, Ақмола облысында - 3, Нұр-Сұлтан қаласында - 5, Батыс Қазақстан облысында - 1, Жамбыл облысында 3 адамға вирус жұққан.
Қазақстанда вирус жұқтырғандар 2376 адам болды. 602 адам COVID-19 ауруынан жазылған. Барлығы 25 адам қайтыс болған.
24 сәуірде Қазақстанда бес адамның коронавирустан қайтыс болғаны белгілі болды. Олардың біреуі - Маңғыстау облысында әскери бөлімдердің бірінде қызмет еткен 1980 жылы туған әскери қызметкер. Ол төтенше жағдай кезінде Ақтау көшелерін залалсыздандыруға атсалысқан.
Вирус табылған 2376 адам мына аймақтарда:
- Алматы қаласы – 787
- Нұр-Сұлтан қаласы – 438
- Қызылорда облысы – 161
- Шымкент қаласы – 139
- Қарағанды облысы – 108
- Жамбыл облысы – 101
- Батыс Қазақстан облысы – 93
- Ақмола облысы – 88
- Атырау облысы – 84
- Түркістан облысы – 81
- Алматы облысы – 72
- Павлодар облысы – 66
- Ақтөбе облысы – 55
- Қостанай облысы – 38
- Солтүстік Қазақстан облысы – 30
- Маңғыстау облысы – 20
- Шығыс Қазақстан облысы – 15
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі елде сәуірдің соңына дейін 2700 адамға, мамырдың соңына дейін 4000 адамға вирус жұғады деп болжаған.
Елде коронавирусқа байланысты 1 мамырға дейін төтенше жағдай жарияланған. Қазақстанның біраз аймағы карантинде.
Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді
Коронавирус індеті тарағалы бері алғаш рет Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізген бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев 24 сәуірде елде экономиканы қалпына келтіретін бағдарламаны жүзеге асыру қажет деді.
"Бірінші кезекте дағдарысқа қарсы шаралар кешенін жүзеге асыру қажет. Бизнес пен халыққа қолдау жылдам жету үшін әрбір теңгені қадағалау керек. Қазірден бастап экономиканы қалпына келтіру және дағдарыстан кейінгі кезеңнің даму бағдарламасын жүзеге асыру керек" деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ол Ұлттық қор ақшасын үнемдеп жұмсау қажеттігін және өте қажет жағдайда ғана қордық көмегіне жүгіну қажеттігін айтты.
Оқи отырыңыз: "Ұлттық қорға қол салуға тура келеді". Коронавирус, мұнай және Қазақстан
Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы отырыс кезінде дағдарысқа қарсы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуын үкімет қадағалайды, әкімдер мен министрлер тікелей жауапты болады деді.
Қауіпсіздік кеңесінің отырысы видеоконференция форматында өтті. Оған президент Қасым-Жомарт Тоқаев, сенат спикері Дариға Назарбаева, премьер-министр Асқар Мәмин және тағы бірнеше жоғары лауазымды шенеунік видеочатпен қосылды. Назарбаевтың өзі экранның бер жағында отырды. Жанында Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Есекешев және көмекшісі, Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Данияр Акишев отырды.
Биыл Қазақстан билігі шикізат ресурстарынан түскен қаржы жиналатын Ұлттық қордан 10,6 миллиард доллар алады. Бұл алдын-ала жоспарланған қаржыдан 4,6 миллиард долларға көп. Сарапшылар шикізатқа тәуелді Қазақстан экономикасын алдағы уақытта көптеген қиындықтар күтіп тұрғанын айтады.
Оқи отырыңыз: Коронавирус ушыққан тұста Назарбаев пен Қауіпсіздік кеңесі қайда кетті?
Қазақстанда коронавирус жұққан 2376 адам анықталған. 25 адам қайтыс болған. 602 адам жазылған.
Ақтөбе соты "ТЖ режимін бұзды" деп айыпталған блогерді ақтады
Ақтөбе облыстық сотының апелляциялық алқасы «төтенше жағдай режимін бұзды» деп айыппұл салынған блогерді ақтап шықты. Бұл туралы Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Апелляциялық алқа Ақтамақ Көптілеуованың әрекетінде "әкімшілік құқықбұзушылық белгілері жоқ" деп таныған.
Блогердің сөзіне қарағанда, әкімшілік істің қозғалуына 8 сәуір күнгі оқиға түрткі болған. Сол күні ол Ақтөбе облыстық полиция департаментінің ғимаратында ұсталған.
- Полиция департаментіне қылмыстық іс куәгері ретінде бардым. Дәліздегі телефон арқылы тергеу басқармасы басшысы орынбасарымен сөйлесіп тұрғанмын. Мені сол жерде ұстап, №11 бөлімшеге әкетті. «Төтенше жағдай режимін бұздың» деп хаттама толтырды, - дейді Ақтамақ Көптілеуова.
Екі күннен соң Ақтөбе қалалық мамандандырылған әкімшілік соты Әкімшілік кодекстің 476-бабы бойынша ("Төтенше жағдай режимін бұзу") айыпталған Ақтамақ Көптілеуоваға 106 мың теңге айыппұл салған.
Ақтөбе облыстық соты Көптілеуованы «төтенше жағдай режимін бұзды» деп айыптаған полиция қызметкерлерінің үстінен полиция департаментіне жеке қаулы жолдаған.
Қазақстанда коронавирусқа байланысты 16 наурызда төтенше жағдай жарияланған. Содан бері бірнеше мың адам "Төтенше жағдай режимін бұзды" деп айыпталып, әкімшілік жазаға тартылған. Олардың арасында белсенділер, блогерлер де бар.
Бұған дейін қазақстандық және халықаралық құқық қорғаушылар билік төтенше жағдай кезіндегі шектеу шараларын пікірін ашық айтып жүрген белсенділерді қуғындау құралы ретінде пайдалануы мүмкін екенін айтып, мәселеге алаңдаған болатын.
Оқи отырыңыз: "Билік асыра сілтеп жатыр". Human Rights Watch пандемия кезіндегі Қазақстандағы адам құқығының жайына алаңдайды
Қазақстанда вирус жұқтырғандар 2400-ден асты
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 24 сәуір 23.00-дегі мәліметіне сай, елде тағы 40 адамнан коронавирус табылды: Павлодар облысында - 10, Нұр-Сұлтан қаласында - 8, Батыс Қазақстан облысында - 7, Атырау облысында - 4, Қызылорда облысында - 3, Түркістан облысында - 4, Шымкент қаласында - 2, Шығыс Қазақстан облысында - 1, Алматы облысында - 1 науқас.
Осылайша, елде 2416 адамнан вирус табылды. Оның 605-і дерттен айықты. 25 адам қайтыс болды.