Ұлыбритания коронавирусқа қарсы екпені сынақтан өткізе бастады
Ұлыбританияда Оксфорд университетінің бір топ ғалымы коронавирусқа қарсы екпені сынақтан өткізе бастады. Оған елдің әр аймағынан мыңнан астам ерікті қатысып жатыр. Олардың екеуіне инъекция салынып та қойған.
Бір шприцте - коронавирус екпесі, екіншісінде менингит екпесі болған. Ғалымдардың мақсаты - препараттың қауіпсіз екеніне көз жеткізу және коронавирусқа қарсы иммунитетті қалыптастыру.
Вакцина шимпанзе вирусы мен коронавирустың жаңа түрінің генетикалық коды негізінде әзірленген. Зерттеушілер жарты жыл ішінде нәтижесі белгілі болады деп санайды.
Әлемде ондаған зерттеу ұйымы коронавирусқа қарсы вакцина шығарумен айналысып жатыр. Жақында Германия сынақты бастағанын хабарлаған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, қазір әлемде 70 вакцина дайындалып жатыр. АҚШ пен Қытай алғаш болып препаратты еріктілерге салып көрген.
Мамандардың айтуынша, кемінде 2021 жылдың басында коронавирустан екпені жаппай қолдануға болады.
Коронавирустың жаңа түрі өткен жылы желтоқсан айында Қытайда тарала бастаған. Ресми дерек бойынша, әлемде COVID-19 ауырғандар саны 3 миллионға жуықтаған. Індет тарағалы бері 195 мыңнан астам адам қайтыс болған.
Қазақстанда коронавирустан тағы 25 адам жазылды
Ресми орындар 25 сәуірде күндіз Қазақстанда 25 адамның коронавирустан жазылғанын хабарлады. Нұр-Сұлтанда - 2, Шымкентте - 4, Қызылорда облысында - 8, Қарағанды облысында - 2, Батыс Қазақстан облысында - 4, Шығыс Қазақстан облысында - 2, Ақмола облысында - 2, Түркістан облысында 3 адам жазылған. Барлығы 629 адам жазылған.
Қазақстанда алғаш рет 13 наурызда бірнеше адамнан коронавирус табылған. Содан бері вирус жұқтырғандар 2525 адамға жетті. Вирустан 25 адам қайтыс болды.
16 наурызда елде төтенше жағдай жарияланып, қозғалысқа шектеу енгізілді, кейбір қалалар мен облыс орталықтары, аудандар мен ауылдар карантинге жабылды. Студенттер мен оқушылар қашықтан оқып жатыр. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 21 сәуірде жергілікті ақпарат агенттіктеріне берген сұхбатында Қазақстанда "эпидемия шарықтау шегіне жетті" деп мәлімдеген.
Ресейде бір күнде 6 мыңға жуық адамнан коронавирус табылды
Ресейде бір күнде 5966 адамнан коронавирус табылды. Бұл туралы шұғыл штабқа сілтеме жасаған Азаттықтың Орыс қызметі хабарлады. 66 адам қайтыс болған, олардың 41-і - Мәскеуден. Ресей астанасында бір күнде 2612 науқас анықталған. Мәскеу облысында - 605, Санкт-Петербургте 215 адамға вирус жұққан.
Елде барлығы 74 500-ден астам адамнан коронавирус табылған. 6250 адам жазылған. 681 адам қайтыс болған. Коронавирус жұққандардың басым бөлігі ауруханаға жатқызылған.
"Роспотребнадзор" дерегінше, 2,7 млн адам тестен өткен.
Әлемде вирус жұқтырғандар 3 миллиоға жуықтады. 195 мыңнан астам адам қайтыс болды. 781 мыңнан астам науқас жазылды. АҚШ бәрінен алда тұр. Ол жақта 890 мың адамнан коронавирус табылған, 51 мыңнан астам адам қайтыс болған. Екінші орында тұрған Испанияда 219 мыңнан астам науқас бар. 22 мың адам өлімі болған. Үшінші орында тұрған Италияда коронавирус жұққан 192 мың адам анықталған. 25 мың адам қайтыс болған.
Қазақстанда коронавирус жұққан 39 адам анықталды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 25 сәуір кешкі сағат 17.45-те тағы 39 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Нұр-Сұлтан қаласында - 10, Алматы қаласында - 21, Ақмола облысында - 1, Қарағанды облысында - 2, Павлодар облысында - 1 , Атырау облысында - 4 адамға вирус жұққан.
Қазақстанда вирус жұқтырғандар 2564 адам болды. 629 адам COVID-19 ауруынан жазылған. Барлығы 25 адам қайтыс болған.
Вирус табылған 2564 адам мына аймақтарда:
- Алматы қаласы – 814
- Нұр-Сұлтан қаласы – 464
- Қызылорда облысы – 170
- Шымкент қаласы – 161
- Қарағанды облысы – 113
- Жамбыл облысы – 103
- Батыс Қазақстан облысы – 103
- Ақмола облысы – 89
- Атырау облысы – 108
- Түркістан облысы – 98
- Алматы облысы – 86
- Павлодар облысы – 89
- Ақтөбе облысы – 55
- Қостанай облысы – 39
- Солтүстік Қазақстан облысы – 30
- Маңғыстау облысы – 26
- Шығыс Қазақстан облысы – 16
Елде коронавирусқа байланысты 1 мамырға дейін төтенше жағдай жарияланған. Қазақстанның біраз аймағы карантинде.