Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

10:23 26.4.2020

Коронавирус барын жоққа шығаратын Тәжікстан оқушыларды демалысқа жіберді

Тәжікстан оқушылары.
Тәжікстан оқушылары.

Ресми мәлімет бойынша, коронавирус табылмаған Тәжікстанда мектептер екі аптаға жабылып, қоғамдық шараларға тыйым салынды, астық экспорты тоқтатылды. Билік мұны "профилактикалық шаралар" деп түсіндірді.

"Қоғам денсаулығы және халықтың қауіпсіздігін қорғау мақсатында, әсіресе мектепке дейінгі, орта білім және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы балалар мен жасөспірімдерді қорғау үшін 2020 жылдың 27 сәуір мен 10 мамыр аралығында уақытша демалыс жарияланды" делінген билік хабарламасында.

Білім министрлігінің тапсырмасы бойынша, университеттер ашық болады.

Үкіметтің айтуынша, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мақсатында астық және бұршақ экспорты тоқтатылған.

Тәжікстан былтыр желтоқсан айында коронавирус тараған Қытаймен шекаралас. Небәрі бірнеше айдың ішінде Қытайдың Ухань қаласынан тараған вирус әлемге жайылып, індетке айналды. Соңғы мәлімет бойынша, коронавирус жұқтырғандар саны 2,8 млн адамға жеткен. 200 мыңнан астам адам қайтыс болған. 800 мыңнан астам адам жазылған.

Ал Тәжікстанда ресми түрде коронавирус табылмаған. Қоғамда билік инфекцияның барын жасырады деп есептейтіндер де бар. Кейбір сарапшылардың пікірінше, коронавирустың табылмауы вирусты анықтауға шамасы жетпейтін денсаулық сақтау жүйесінің қауқарсыздығын да көрсетуі мүмкін.

12:15 26.4.2020

Reuters және NYT: ЕО Пекин қысымынан соң Қытайдағы коронавирус туралы есебін өзгертті

Еуропа Одағы делегациясының жанында тұрған Қытай сақшысы.
Еуропа Одағы делегациясының жанында тұрған Қытай сақшысы.

Қытайды коронавирус туралы шынайы деректі жасырды деп айыптаған Еуроодақтың есебі Пекин қысымынан кейін өзгеріске ұшырады деп жазды 25 сәуірде New York Times және Reuters агенттігі.

Журналистердің сөзіне қарағанда, Қытай баяндаманың жариялануына кедергі жасауға талпынған. Ал кейінірек баяндамадағы Пекинді сынаған кейбір абзацтар алынып тасталған, өзгертілген немесе ауыстырылған.

20 сәуірде жариялануы тиіс болған баяндаманың түпнұсқасы (онымен Азат Еуропа/Азаттық тілшісі де танысқан) Қытай, Иран және Ресейдің коронавирус індеті туралы ақпаратты үш жақтан барынша бұрмалағанына меңзейді.

New York Times жазуынша, құжат түпнұсқасында Қытай індетке байланысты жауапкершілікті өзінен сырғытып, халықаралық беделін жақсарту үшін "жалған ақпарат тарату бойынша ғаламдық кампанияның бастауында қала береді" деп жазылған. Бұған қоса, Пекин коронавирус үшін - АҚШ әскерилерін, ДДСҰ жетекшісінің "ар-намысына тигені үшін" француз саясаткерлерін айыптауға тырысқан.

Алайда баяндама 24 сәуірде кешігіп жарияланды. Онда Қытайдың "жалған ақпарат тарату бойынша ғаламдық кампанияның бастауында тұрғаны" туралы тұжырым және француз саясаткерлерін айыптауы туралы бөлік жоғалып кеткен.

New York Times жазуынша, құжаттың түпнұсқасында "жалған ақпарат" кампаниясының артында Ресей мен Қытай тұр деген тұжырым жасалса, кешігіп шыққан баяндамада олар "өзгелермен" араласып кеткен.

Еуропа үкіметтері арасында тараған ішкі баяндамадағы мәліметке сәйкес, "түрлі үкіметтегі ресми және мемлекет қолдайтын дереккөздер (оның ішінде Ресей мен Қытай да бар) Еуроодақ пен одан тыс аумақта коронавирус індеті туралы конспирологиялық наратив пен жалған ақпаратты кеңінен таратқан.

New York Times және Reuters жазуынша, Еуропа шенеуніктерін баяндаманы кешіктірді, өзгертті деп айыптаған мақалалар көптеген дереккөздерге, ішкі құжаттарға сүйеніп жазылған.

13:45 26.4.2020

Алматы мен Ақмола облысында 8 адамнан коронавирус табылды, 31 адам жазылды

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 26 сәуір түскі сағат 13.35-те тағы 8 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Ақмола облысында - 1, Алматы облысында - 7 адамға вирус жұққан.

Қазақстанда вирус жұқтырғандар 2660 адам болды:

  • Алматы қаласы – 842
  • Нұр-Сұлтан қаласы – 479
  • Қызылорда облысы – 177
  • Шымкент қаласы – 162
  • Қарағанды облысы – 113
  • Жамбыл облысы – 104
  • Батыс Қазақстан облысы – 116
  • Ақмола облысы – 93
  • Атырау облысы – 108
  • Түркістан облысы – 108
  • Алматы облысы – 93
  • Павлодар облысы – 94
  • Ақтөбе облысы – 55
  • Қостанай облысы – 43
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 30
  • Маңғыстау облысы – 27
  • Шығыс Қазақстан облысы – 16

Министрлік жексенбі күні сонымен бірге 31 адамның жазылғанын хабарлады. Республика бойынша барлығы 677 адам COVID-19 ауруынан айыққан. 25 адам қайтыс болған.

25 сәуірде жергілікті БАҚ Арқалық қаласында коронавирус жұққан зейнеткердің қайтыс болғанын хабарлады. Жергілікті билік зейнеткердің өлімін арнайы комиссия зерттейді деп мәлімдеген. Денсаулық сақтау министрлігі әзірге түсініктеме берген жоқ.

14:35 26.4.2020

Беларусьте мүгедектігі бар балалар үйінде коронавирус тарады

Ойын алаңы. Көрнекі сурет.
Ойын алаңы. Көрнекі сурет.

Беларусьтің Глуск ауданындағы балалар үйінде мүгедектігі бар кемінде 13 балаға коронавирус жұққан, 8 қызметкерден вирус табылған. Бұл туралы балалар үйіне қаржылай көмек беретін ирландиялық қайырымдылық қорына сілтеме жасаған BBC сайты хабарлады.

Глуск ауданы орталығындағы "Весново" балалар үйінде дамуында кінәрат бар, иммунитеті әлсіз шамамен 174 бала және жасөспірім тұрады. Жергілікті билік 24 сәуірде балалар үйінде вирус тарағанын растағанмен қанша адамға вирус жұққанын айтпаған.

Орталықты қаржыландыратын ирландиялық Chernobyl Children International қайырымдылық қорының жетекшісі Аде Роше мүгедектігі бар балалардың денсаулығына қауіп төнгенін айтып, алаңдаған. Оның сөзіне қарағанда коронавирус жұққан кейбір балалардың жағдайы өте ауыр. Орталық балаларды қорғау үшін шара қолданып жатыр, бірақ жабық жағдайда өмір сүріп жатқандықтан жағдай қиын.

Могилев облысы билігінің айтуынша, бастапқыда орталықта істейтін бір қызметкерден коронавирус табылған. Ізінше барлық қызметкерлер мен сонда тұратын балалар, жасөспірімдер тестен өткен.

Ақпарат бойынша, балалар үйінің жетекшілері үкіметтен көмек сұрап, балаларды эвакуациялауды өтінген.

Беларусь президенті Александр Лукашенко COVID-19 ауруына байланысты әлем елдерінің алаңдауын мысқылдап, вирус қаупі туралы ақпаратты жоққа шығарған.

Соңғы мәлімет бойынша, Беларусьте 9590 адамнан коронавирус табылған, 67 адам қайтыс болған. 1573 адам жазылған.

Тағы

XS
SM
MD
LG