Алматыда коронавирустан бір науқас қайтыс болды
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы 26 сәуір кешке жақын Алматыда 97 жастағы науқастың коронавирустан қайтыс болғанын хабарлады. Науқаста коронавирус бары 25 сәуірде анықталған. Терапияға қарамастан жағдайы нашарлай берген. Жексенбі күні таңертеңгі сағат 8:35-те жүрегі тоқтаған.
Ресми хабарламада науқастың қайтыс болуына "ми қан айналымының бұзылуы, сол жақ гемиплегия, ишемиялық кардиомиопатия, асқазан экстрасистолиясы, дизартрия, сол жақ пневмония, тыныс алу және жүрек қан тамырларының бұзылуы" аурулары себеп болғаны жазылған.
Қазақстанда барлығы 26 адам қайтыс болған.
Қазақстанда тағы 33 адамнан коронавирус табылды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 26 сәуір кешкі сағат 17.50-де тағы 33 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Нұр-Сұлтан қаласында - 9, Алматы қаласында - 4, Шымкент қаласында - 5, Алматы облысында - 4, Атырау облысында - 10, Павлодар облысында 1 адамға вирус жұққан.
Қазақстанда вирус жұқтырғандар 2693 адам болды:
- Алматы қаласы – 846
- Нұр-Сұлтан қаласы – 488
- Қызылорда облысы – 177
- Шымкент қаласы – 167
- Қарағанды облысы – 113
- Жамбыл облысы – 104
- Батыс Қазақстан облысы – 116
- Ақмола облысы – 93
- Атырау облысы – 118
- Түркістан облысы – 108
- Алматы облысы – 97
- Павлодар облысы – 95
- Ақтөбе облысы – 55
- Қостанай облысы – 43
- Солтүстік Қазақстан облысы – 30
- Маңғыстау облысы – 27
- Шығыс Қазақстан облысы – 16
Министрлік жексенбі күні сонымен бірге 31 адамның жазылғанын хабарлаған. Республика бойынша барлығы 677 адам COVID-19 ауруынан айыққан. 26 адам қайтыс болған.
26 сәуір таңертең Алматыда коронавирус жұққан 97 жастағы науқас қайтыс болған. Дәрігерлердің айтуынша, науқаста бірнеше созылмалы ауру болған.
25 сәуірде жергілікті БАҚ Арқалық қаласында коронавирус жұққан зейнеткердің қайтыс болғанын хабарлады. Жергілікті билік зейнеткердің өлімін арнайы комиссия зерттейді деп мәлімдеген. Денсаулық сақтау министрлігі әзірге түсініктеме берген жоқ.
Министрлік: 97 жастағы науқас коронавирустан қайтыс болмаған
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы 26 сәуірде кешке қарай қалада коронавирус жұққан 97 жастағы науқастың қайтыс болғанын хабарлаған еді.
Бір сағаттан кейін коронавирус жұққан науқастардың өлімін зерттеу бойынша комиссияның науқастың өлімін індетпен байланыстырмау туралы шешім қабылдағаны белгілі болды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, науқас коронавирустан қайтыс болмаған - "коронавирус инфекциясы өзге ауру түрлерімен қатар келген".
Бұған дейін дәрігерлер науқастың қайтыс болуына ми қан айналымының бұзылуы, сол жақ гемиплегия, ишемиялық кардиомиопатия, асқазан экстрасистолиясы, дизартрия, сол жақ пневмония, тыныс алу және жүрек қан тамырларының бұзылуы себеп болғанын айтқан болатын.
Қазақстанда коронавирустан барлығы 25 науқас қайтыс болған. Алматыда 8 адам өлімі болған. Елде вирус жұқтырғандар 2693 адамға жетті. 677 адам жазылған.
Алматы облысындағы әйелдер колониясынан коронавирус табылды
Алматы облысы Жауғашты ауылындағы ЛА-155/4 әйелдер колониясында жазасын өтеп жатқан аяғы ауыр әйелден коронавирус табылды. Бұл туралы республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ақпарат бойынша, тұтқын аяғы ауыр болуына байланысты Іле ауданының орталық аудандық ауруханасында тексеруден өткен. Кейінірек ауруханада коронавирус табылып, карантинге жабылған. Ресми ақпарат бойынша, инфекция анықталғанға дейін әйел колонияның медициналық бөлімінде тұтқындардан бөлек оңаша палатада болған. Перзентханаға жату үшін тексерілген кезде коронавирус анықталып, орталық ауруханаға жатқызылған.
Қылмыстық атқару жүйесі комитеті әйелмен араласқан тұтқындардың инфекциялық изоляторға ауыстырылып, тексеруден өткенін, мекемеде санитарлық-залалсыздандыру жұмыстары жүргізілгенін, дәрі-дәрмек жеткілікті екенін айтады.
Ал тұтқындар сөзіне сүйенген Vlast сайтының жазуынша, колония індетке дайын болмаған. Аты-жөнін атамаған тұтқындардың бірі сайтқа коронавирус табылған әйелдің түрмеге екі апта бұрын этаппен жеткізілгенін, мекемеде қатаң карантиндік шаралар енгізіліп, тұтқындардың жағдайы қиын екенін айтқан. Оның айтуынша, науқас тұтқындардың көбімен араласқан.
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Диас Ахметшәріптің айтуынша, мекемеге жақын жердегі балалар үйіне 18 әйел және 18 бала карантинге жатқызылған. Онда бір дәрігер, 6 медбике бар. Колонияға науқаспен байланыста болғандарды тексеру үшін медицина қызметкерлері жеткен.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 2693 адамнан коронавирус табылған. 25 адам қайтыс болған. 700-ге жуық адам жазылған.