Қазақстанда коронавирус жұққан 24 адам анықталды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 26 сәуір түнгі сағат 23.10-да тағы 24 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Нұр-Сұлтан қаласында - 10, Алматы қаласында - 1, Ақтөбе облысында - 2, Қызылорда облысында - 2, Қарағанды облысында - 7, Түркістан облысында - 1, Атырау облысында 1 адамға вирус жұққан.
Қазақстанда вирус жұқтырғандар 2717 адам болды:
- Алматы қаласы – 847
- Нұр-Сұлтан қаласы – 498
- Қызылорда облысы – 179
- Шымкент қаласы – 167
- Қарағанды облысы – 120
- Жамбыл облысы – 104
- Батыс Қазақстан облысы – 116
- Ақмола облысы – 93
- Атырау облысы – 119
- Түркістан облысы – 109
- Алматы облысы – 97
- Павлодар облысы – 95
- Ақтөбе облысы – 57
- Қостанай облысы – 43
- Солтүстік Қазақстан облысы – 30
- Маңғыстау облысы – 27
- Шығыс Қазақстан облысы – 16
Республика бойынша барлығы 682 адам COVID-19 ауруынан айыққан. 25 адам қайтыс болған.
Ресей дәрігерлері COVID-19 жұғып қайтыс болған әріптестерінің есебін жеке жүргізе бастады
Коронавирустан қайтыс болған әріптестерінің есебін жүргізіп жүрген Ресей дәрігерлерінің 26 сәуірдегі мәліметінше, осы кезге дейін 61 дәрігер көз жұмған. Бұл туралы "МБХ медиа" сайтына "Ординаторская" подкастының авторы, нейрохирург маман Алексей Кащеев айтқан деп хабарлады Азаттықтың Орыс қызметі.
Кащеевтің сөзінше, дәрігерлер өздеріне Ресей денсаулық сақтау министрлігі айтқан "статистикаға сенбейтіндіктен" қайтыс болған әріптестерінің тізімін жеке жүргізуді ұйғарған. Бірақ министрлік нақты қанша дәрігердің қайтыс болғанын хабарлағаны және оны қай жерде жариялағаны жайлы Кащеев ештеңе айтпады.
Кащеевтің мәлімдемесінен кейін Санкт-Петербургтегі Александров атындағы аурухананың нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Алексей Филипповтың коронавирустан көз жұмғанық белгілі болды. Содан бір күн бұрын анестезиолог Сергей Белошицкий қайтыс болған. 20 жылдың еңбек тәжірибесі бар маман биыл ақпан айында Александров ауруханасына жұмысқа ауысқан. Оның қазасы туралы ақпаратта "Белошицкий сұмпайы дертке шалдыққан науқастарды емдеп, дәрігерлік борышын атқарып жүргенде оған да ауру жұққаны" айтылған.
Қазір Санкт-Петербургтегі Боткин атындағы инфекциялық ауруханада COVID-19 вирусын жұқтырғаны анықталған 120 медқызметкер жатыр. 26 сәуірде Санкт-Петербургтегі көне емдеу мекемелерінің бірі Маринская ауруханасында 50 дәрігерге коронавирус жұққаны туралы ақпарат тарады.
Жексенбі күні Ресейдің Иванов облысындағы Кинешма қаласы орталық ауруханасының фельдшерлері медицина мекемесінде вирустан қорғанатын құралдар жетіспей жатқанын айтып, Ресей тұрғындарынан жәрдем сұрап видеоүндеу жасады. Дәрігерлер респираторлар мен арнайы киім алуға аптасын 125 мың рубль қажет екенін айтады. "Сіздер шақырғанда жәрдемге келген кезде жақындарыңызды, сіздерді, өзімізді қорғауымыз үшін біз қарапайым азаматтардың көмегіне мұқтажбыз" дейді дәрігерлер.
Ресеймен көрші Қазақстанда коронавирус індеті таралғалы бері вирус жұқтырғандар арасында медқызметкерлер көбейген. Өткен аптада Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова елде 652 медқызметкерге вирус жұққаны туралы хабарлаған. Ол Қазақстанда 250 мың медқызметкер (оның 72 мыңы дәрігер) барын, 4 мыңдай дәрігер жетіспейтінін айтты. Қазір елде 16 мың медқызметкер коронавируспен күреске жұмылған.
Оқи отырыңыз: Алматының орталық ауруханасы вирус ошағына айналды. Карантиндегі дәрігерлер не дейді?
Қырғызстанда COVID-19 жұқтырғандардың жартысынан көбі айыққан
Қырғызстанда өткен тәулікте 25 адам коронавирустан жазылып шыққан деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі. Ауруханадан шығарда алынған анализ қорытындысы бойынша олардың сау екені анықталған.
Қазір елде COVID-19 диагнозы қойылған соң дертінен айыққандар 370 адамға жеткен.
26 сәуірдегі мәліметке сай, індет тарағалы бері Қырғызстанда барлығы 682 адамға коронавирус жұққаны анықталған. Қазір ауруханаларда 304 науқас емделіп жатыр, алтауы жансақтандыру бөлімінде деп хабарлайды денсаулық сақтау министрлігі.
Аушвиц-Биркенау концлагері тұтқыны болған Анри Кичка коронавирустан қайтыс болды
Бельгияда 20-ғасырда нацистік режим ұйымдастырған Холокост қырғыны куәгерлерінің бірі 94 жастағы Анри Кичка коронавирустан қайтыс болды. Ол 25 сәуірде Брюссельдегі қарттар үйінде жан тәсілім еткен.
Анри Кичка Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистер Польшаның оңтүстігінде ашқан Аушвиц-Биркенау (Освенцим) концлагерінде тұтқында болған. Биыл қаңтарда британдық ВВС радиосына берген сұхбатында ол өзі тұтқында болған Аушвиц-Биркенау концлагерін ажал мекені деп атаған. Оның ұлы Майкл Кичка Facebook парақшасына "Нацистер армиясы жете алмағанға көзге көрінбейтін коронавирус жетті. Әкем "ажал шеруі" кезінде тірі қалған еді, бірақ бүгін оның өмір шеруі аяқталды" деп жазды.
Анри Кичка 1926 Брюссельде еврей отбасында дүниеге келген. Ата-анасы Шығыс Еуропада антисемитизм күшейгенде Батысқа қашқан. Бірақ Бельгияны нацистер жаулап алғаннан кейін, 1942 жылы оларды депорациялаған.
Нацистер Анри Кичканың әкесін мәжбүрлі жұмысқа жеккен, ал анасы мен әпке-қарындастарын өзге туыстарымен бірге Аушвиц-Биркенау концлагеріне қамап, сонда газға тұншықтырып өлтірген.
75 жыл. Ажал лагерінде өлтірілген мыңдаған құрбанның есімі әлі беймәлім