Ресейде 874 әскери қызметкер коронавирус жұқтырған
Наурыздың басынан 26 сәуірге дейінгі аралықта Ресейдің 874 әскери қызметкері коронавирус жұқтырғаны анықталды деп хабарлады армиядағылар арасында COVID-19 жұқтырғандар туралы алғаш рет мәлімет жариялаған Ресей қорғаныс министрлігі.
Вирус жұқтырған әскерилердің төртеуінің жағдайы ауыр, он бесінің жағдайы орташа. 320 адам ауруханаға жатқызылған.
Министрліктің мәліметінше, коронавирус 779 курсант пен жоғары әскери оқу орындары тыңдаушыларынан, жоғары оқу орындарына дейінгі әскери оқу орындарының 192 оқушысы мен оқытушысынан және Ресей армиясының 245 азаматтық қызметкерінен табылған.
Ресейде коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 26 сәуірде 80 949 адамға жетті. Кейінгі бір тәулікте вирус жұқтырған 6361 адам анықталған. Пандемия басталғалы Ресейде 747 адам өлген.
Джонс Хопкинс атындағы университет мәліметіне сай, Ресей коронавирус жұқтырғандар жөнінен дүниежүзінде оныншы орынға шыққан және таяу арада бұл көрсеткіш бойынша Қытайдан озуы мүмкін.
Еуропа одағының төрт елінде COVID-19 салдарынан өлгендер азая бастады
Коронавирус көп тараған Еуропаның төрт елі - Испания, Италия, Франция мен Ұлыбританияда кейінгі тәулікте SARS-CoV-2 инфекциясынан кісі өлімі біршама азайғаны байқалады. Бұрын бұл көрсеткіш бойынша төрт ел өзгелерден алда тұрған.
Францияда бір тәулікте COVID-19 салдарынан 242 адам өлген, оның 125-сі ауруханада, 90-ы қарттар үйінде қайтыс болған деп хабарлайды Франция денсаулық сақтау министрлігі. Бір күн бұрын бұл көрсеткіш 369 адам болған.
Италияда кейінгі бір тәулікте коронавирустан 260 адам көз жұмған. Бұл 14 наурыздан бергі тіркелген ең аз көрсеткіш. Эпидемия басталғалы Италиядада вирустан 26 644 адам өлген. Өткен тәулікте 2324 адам ауруханаға түскен, бұл да 20 наурыздан бергі ең төмен көрсеткіш деп хабарлайды RFI.
Ұлыбритания денсаулық сақтау департаменті 31 наурыздан бері кісі өлімінің ең төмен көрсеткішін тіркеді. Өткен тәулікте Британия ауруханаларында 413 адам өлген. Эпидемиядан өлгендер 20 732 адамға жетті. Алайда, Deutsche Welle ақпаратына қарағанда, Ұлыбританиядағы шынайы көрсеткіш өзгеше болуы мүмкін. Өйткені өз шаңырағында және қарттар үйінде өлгендер бұл статистикаға кірмеген.
Испанияда коронавирус жұқтырғандардан кейінгі тәулікте 288 адам өлген. Бір күн бұрын, 25 сәуірде 378 адам өлген. Эпидемия басталғалы 23 190 адам қайтыс болған.
Дүниежүзі бойынша коронавирус жұқтырғандар 2 миллион 986 мың (+78 мың, бір тәулік бұрынғыдан 19 пайыз аз) адамға жеткен. Өлгендер: 206 500 (+4 мың, бір тәулік бұрынғыдан 40 пайыз аз) адам. Жазылғандар: 875 мың (+43 мың, бір тәулік бұрынғыдан 20 пайыз аз) адам.
Коронавирус динамикасы жайлы АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университеті жариялайтын күн сайынғы есеп – дүниежүзіндегі ең егжей-тегжейлі есеп болып саналады. Алайда, бұл есеп те үкімет органдарының мәліметі бойынша түзіледі.
Кей елде коронавирус жайлы ақпараттар жариялауға шектеу қойған немесе толық мәлімет алуға мүмкіндік бермейтін өзге де себептер бар. Мәліметтердің ашықтығы мен сапасы, әдіснамасы әр елде әрқилы болуы мүмкін.
Теңіз кенішіндегі коронавирус жұқтырған жұмысшылар туралы
Теңіз кенішінде жұмыс істейтін тағы тоғыз адамның коронавирус жұқтырғаны анықталғанын жексенбіде Атырау облысының төтенше жағдайлар бойынша жедел штабы хабарлады.
COVID-19 жұқтырғандардың сегізі 24 пен 51 жас аралығындағы ер адам, біреуі 1983 жылы туған әйел. Вирус жұқтырғаны анықталғанға дейін бұл тоғыз адам бұрын коронавирус жұқтырғандармен қарым-қатынаста болуына байланысты стационар карантинде жатқан.
Коронавирус жұқтырғандардың жағдайы қанағаттанарлық деп хабарлайды штаб. 26 сәуірдегі мәлімет бойынша Атырау облысында COVID-19 жұқтырған 117 адам анықталған, 40 адам дерттен жазылған.
Сәуірдің басында Теңіз кенішінде жұмыс істейтін мердігер кәсіпорындарда жұмыс істейтін кемінде екі адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталғаны хабарланған.
Кейінгі ресми мәліметке сай, Қазақстан бойынша вирус жұқтырған 2717 адамның 682-сі аурудан айығып, 25 адам қайтыс болған.
Қазақстанда төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін ұзартылды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа байланысты енгізілген төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін ұзарту туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
"Бұл – біз бастан өткеріп жатқан күрделі кезеңнің талабы. Заңға сәйкес 11 мамырда Төтенше жағдай режимі аяқталады" деді Тоқаев 27 сәуірде жариялаған мәлімдемесінде.
Президент елде коронавирусқа байланысты ахуал әлі күрделі екенін ескертті.
"Қазақстан індеттің шарықтау шегінен өткен жоқ. Ахуалдың бақылаудан шығып кету қаупі бар. Өкінішке қарай, кей аймақтарда, әсіресе, Алматыда вирус жұқтырған дәрігерлер және медицина қызметкерлері өте көп" деді ол. Президент мәселенің анық-қанығын зерттеп, "бұған жол берген басшылардың жауапкершілігін қарау керегін" айтты.
"Кей аймақтарда індет шарықтау шегінен өткен сияқты, бірақ бірқатар өңірде вирустың таралу қаупі әлі де сейілмей отыр" деді Тоқаев.
Ол Қазақстанның пандемияға қарсы бұған дейін атқарған іс-қимылын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен халықаралық сарапшылардың "оң бағалап отырғанын" атап өтті.
"Қазіргідей күрделі кезде әр азамат біздің назарымызда болады. Мемлекет ешкімді қиындықта қалдырмайды. Басты міндет – азаматтарымыздың денсаулығын сақтап, өмірін қорғап қалу" деді Тоқаев.
Ол коронавирус салдарынан елде кей азаматтардың жұмысынан айырылып, табыссыз қалғанын да айтты. Президенттің сөзінше, төтенше жағдай жарияланғалы бері елде 4 миллион 250 мың азаматқа қаржылай көмек көрсетілген, 570 мыңнан астам адамға азық-түлік таратылған. "Жалпы, 1,1 миллионнан астам адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз" деді Тоқаев.
Президент үкімет келесі айда да табысынан айырылған азаматтарға бұрын ұсынылған құжат бойынша 42500 теңге көлемінде көмек беретінін, сәуір және мамыр айларында елде 1,6 миллионнан астам адамға коммуналдық төлем үшін көмек көрсетілетінін хабарлады.
"1,6 миллионнан астам адам, 11,5 мың шағын және орта бизнес өкілі несиелерін кейін төлеуге мүмкіндік алды. Бұл жалпы алғанда 360 миллиардтан астам теңгені қамтиды" деді Тоқаев.
Ол экономиканы қалпына келтіру үшін күрделі жағдайға тап болған шағын және орта бизнеске көмек көрсету қажет екенін айтты. "700 мыңнан астам компания мен жеке кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер жасалды, соның арқасында олар 1 триллион теңгеге жуық қаржыны үнемдей алады" деді президент. Сонымен бірге "жұмысшы санын және еңбекақы көлемін азайтпау мақсатында ірі компанияларға тиісті қолдау көрсетіледі. Бұл тізімге ел экономикасы үшін аса маңызды компаниялар ғана енгізіледі" деді ол.
Тоқаев 1 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы арасында әуе рейстері қайта ашылатынын хабарлады. "Мұндай шара азаматтармен қатар індетпен күресіп жүрген көптеген мамандардың жұмысы үшін қажет" деді ол.
Қазақстанда биыл 16 наурыздан бастап коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режимі жарияланған. 19 наурыздан Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында, сәл кейінірек өзге де қалалар мен облыстарда карантин шаралары енгізілген соң кәсіпорын мен мекемелердің бір бөлігі жұмысын доғаруға мәжбүр болса, өзгелері қашықтан жұмыс істеу режиміне көшкен. Елде қоғамдық көлік жұмысы тоқтатылған.
Қазіргі ресми мәліметке сай, Қазақстанда індет тарағалы 2780 адам коронавирус жұқтырған, 682 науқас дерттен айығып, 25 адам қайтыс болған.