COVID-19 кесірінен Нью-Йорк штатында демократтар праймеризі өтпейді
АҚШ-тың Нью-Йорк штатының сайлау комиссиясы коронавирус инфекциясына байланысты президент праймеризін өткізбеу туралы шешім қабылдады. Бұған дейін індет салдарынан праймериз сәуірдің соңынан маусымның 23-іне қалдырылған еді.
Сайлау комиссиясының тең төрағасы Дуглас Келлнер праймеризде Джо Байденнің жеңіске жету мүмкіндігінің өте жоғары екенін ескере отырып, "праймериз өткізіп, тәуекелге барудың керегі жоқ, өйткені Нью-Йорк коронавирус таралымы жөнінен алдыңға орындарда тұрған штаттың бірі" деп мәлімдеді.
Байденнің бәсекелесі сенатор Берни Сандерсті праймериздің тоқтатылғаны қынжылтқан тәрізді. The Hill басылымының жазуынша, Сандерс командасы сайлау комиссиясының шешімін "Америка демократиясына соққы" деп бағалаған. Сәуірдің сегізіне президенттікке кандидат номинациясы үшін күресін тоқтатқан Сандерс соңғы праймериз бюллетіндегі аты-жөні өзіне демократтар съезіне делегат етіп сайлануға мүмкіндік береді, сол арқылы партия саясатына ықпал етуге болады деп үміттенген еді.
Қазақстанда тағы 90 адамның вирус жұқтырғаны анықталды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 28 сәуір сағат 10.40-тағы мәліметіне сай, елде тағы 90 адамнан коронавирус табылған:
- Нұр-Сұлтан қаласы - 52
- Алматы қаласы - 17
- Батыс Қазақстан облысы – 1
- Қарағанды облысы - 1
- Маңғыстау облысы - 1
- Шымкент қаласы - 1
- Түркістан облысы - 6
- Павлодар облысы - 6
- Алматы облысы - 1
- Жамбыл облысы - 2
- Атырау облысы - 1
- Ақмола облысы - 1.
Қазақстанда коронавирус инфекциясын барлығы 2950 адам жұқтырған (820-cы – медқызметкер). 725 науқас дерттен жазылып, 25 адам қайтыс болды. Ресми мәліметке сай, коронавирус жұқтырған 15 науқастың жағдайы ауыр, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда мамырдың соңына дейін 4 мыңдай адамға вирус жұғады деп болжайды.
Өзбекстанда коронавирус жұқтырғандар 1900 адамнан асты
Өзбекстан денсаулық сақтау министрлігінің 28 сәуір таңертең жариялаған ресми мәліметінде елде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар 1924 адамға жеткені айтылған.
Соңғы тәулікте вирус жұқтырғандар 20 адамға көбейген. Билік орындары елде індет тарағалы 892 науқас айыққан дейді. COVID-19 салдарынан 8 адам қайтыс болған.
Шет мемлекеттерде коронавирус жұқтырған 73 өзбек азаматының төртеуі (АҚШ-та - 3, Ресейде - 1) көз жұмған. Ресейде 42 өзбекстандыққа вирус жұққаны анықталған.
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 32 адамға көбейді
Қазақстан денссаулық сақтау министрлігінің 28 сәуірде сағат 13:00-де таратқан ресми мәліметі бойынша, Алматы қаласында коронавирус инфекциясы тағы 16 адамнан табылған. Атырау, Ақтөбе мен Павлодар облыстарының әрқайсысында - 4 адам, Қарағанды облысында - 3 адам және Қызылорда облысында - 1 адам вирус жұқтырғаны анықталған.
Қазақстанда пандемия тарағалы вирус жұқтырғандар 2982 адамға жетті:
- Алматы қаласы - 909
- Нұр-Сұлтан - 599
- Қызылорда облысы - 183
- Шымкент қаласы - 176
- Қарағанды облысы - 136
- Атырау облысы - 128
- Батыс Қазақстан облысы - 126
- Түркістан облысы - 121
- Павлодар облысы - 116
- Жамбыл облысы - 108
- Алматы облысы - 101
- Ақмола облысы - 94
- Ақтөбе облысы - 61
- Қостанай облысы - 43
- Маңғыстау облысы - 31
- Солтүстік Қазақстан облысы - 30
- Шығыс Қазақстан облысы - 16.
Қазақстанда коронавирус инфекциясы тіркелген 13 наурыздан бері 754 науқас дерттен жазылып, 25 адам қайтыс болды. Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда мамырдың соңына дейін 4 мыңдай адамға вирус жұғады деп болжайды.