Қазақстанда тағы 16 адамға коронавирус жұққан
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 29 сәуір түскі сағат 12.50-де коронавирус инфекциясы тағы 16 адамнан табылғанын хабарлады. Алматы қаласында - 3, Алматы облысында - 1, Шымкент қаласында - 2, Маңғыстау облысында 10 адамға вирус жұққаны анықталған.
Қазақстанда барлығы 3079 адамға вирус жұққан. 774 адам жазылған. 25 адам қайтыс болған.
Коронавирус жұқтырған 3079 адам мына аймақта:
- Алматы қаласы – 927
- Нұр-Сұлтан қаласы – 612
- Қызылорда облысы – 187
- Шымкент қаласы – 184
- Қарағанды облысы – 139
- Атырау облысы – 131
- Батыс Қазақстан облысы – 127
- Түркістан облысы – 124
- Павлодар облысы – 122
- Алматы облысы – 114
- Жамбыл облысы – 113
- Ақмола облысы – 98
- Ақтөбе облысы – 65
- Қостанай облысы – 45
- Маңғыстау облысы – 44
- Солтүстік Қазақстан облысы – 30
- Шығыс Қазақстан облысы – 17
AI кейбір елдердің індет кезінде "репрессивті шара" қолданғанына алаңдайды
Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерінің үкіметтері адам құқығы саласында алған міндеттемелерін орындамай, COVID-19 індетімен күресте репрессивті шаралар қолданып жатыр. Халықаралық Amnesty International (AI) адам құқығын қорғау ұйымының 29 сәуірде жарияланған баяндамасында осылай деп айтылады. Зерттеу авторлары Ресей мен бұрынғы СССР құрамында болған Шығыс Еуропа және Орталық Азияның бірқатар елдеріндегі жағдайды саралаған.
Құқық қорғаушылардың пікірінше, кейбір мемлекеттер мен аймақта билік пандемияны "адам құқығын таптау мүмкіндігі" ретінде қарастырады. Amnesty International сарапшысының пікірінше, Қазақстанда "билік тұрғындар далаға шықпауы үшін көп қабатты үйлердің есігін дәнекерлейді". Ал Шешенстанда полицейлер медициналық маска тақпағаны үшін адамдарды ұрып-соғады.
Оқи отырыңыз: "Билік асыра сілтеп жатыр". Human Rights Watch пандемия кезіндегі Қазақстандағы адам құқығының жайына алаңдайды
Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерінің билігі үкіметке бағытталған сынды тұншықтыру үшін тұрақты түрде репрессивті амалдарға жүгінеді. Баяндамада әлеуметтік желі қолданушылары, журналистер мен медицина қызметкерлерін жауапкершілікке тарту оқиғалары мысал ретінде келтіріледі. Amnesty International өкілдерінің ойынша, билік эпидемияның шынайы ауқымын жасырып, медицинаның қордаланған мәселелері туралы мәліметтің тарауына кедергі келтіру үшін жалған ақпаратпен күрес шараларын қолдануы мүмкін.
Ұйымның Орталық Азия жөніндегі сарапшысы Хизер Макгиллдің айтуынша, билік "қоғам денсаулығын қорғаудан гөрі өзгеше ойлайтындарды басып-жаншуға" көбірек мүдделі. Оның пікірінше, індет кезінде кез келген қатаң шара адам құқығы саласындағы стандарттарға сәйкес болуы керек.
Министрлік: Алматыдағы науқастар саны туралы мәлімет түзетілді
Денсаулық сақтау министрлігі 29 сәуірде күндізгі сағат 14:20-да Алматыдағы науқастар санына байланысты мәліметтен қате кеткенін хабарлап, бір науқастың екі рет есептеліп кеткенін айтты.
"Осыған орай, Алматы қаласы бойынша коронавирус диагнозы қойылған адамдар саны - 926, Қазақстан бойынша - 3078 деп санауды сұраймыз" делінген ресми хабарламада.
Қазақстанда барлығы 3078 адамнан коронавирус табылған, 774 адам жазылған. 25 адам қайтыс болған. Вирус жұқтырғандар саны жағынан Алматы қаласы алда тұр. Мұнда науқастар мыңға жуықтады. Алматыдан кейін Нұр-Сұлтан қаласы (612) және Қызылорда облысы (187) тұр.
Бас санитар дәрігер мамырдың соңына дейін 5300 адамға вирус жұғады деп болжайды
Бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова мамырдың соңына дейін елде 5,3 мың адамға вирус жұғады деп болжайды. Бір апта бұрын бас санитар 4 мың адамға вирус жұғуы мүмкін деп айтқан еді.
"Қазақстан бойынша сәуір айының соңына дейін шамамен - 3400 адамға, мамырдың соңына дейін 5300 адамға вирус жұғады деп ойлаймыз. Болжамды сәл өзгерттік" деді Айжан Есмағамбетова сәрсенбі күнгі брифинг кезінде.
Оның айтуынша, бұл өсім шекаралық аймақтан келген адамдар арасында коронавирус жұқтырғандардың артуымен (екі аптада 200-ден астам науқастың анықталуы) байланысты.
Дегенмен Есмағамбетованың айтуынша, соңғы аптада жалпы елде коронавирус жұқтырғандар 8 пайыздан 5,5 пайызға азайған.
"Соңғы аптада елде коронавирус жұқтырғандар 2,5 пайызға азайды. Алайда жекелеген аймақтар ауырып жатыр, яғни оларда ауырғандар саны - 0 мен 40 пайыз аралығында. Бұл дегеніңіз ауру көрсеткішінің бір деңгейде тұрмағанын көрсетеді" деді Есмағамбетова.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі елде эпидемия шарықтау шегіне жетті деп мәлімдеген.
Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 3078 адамға вирус жұқты. 774 адам дерттен айыққан. 25 адам қайтыс болған.