Теңіз кенішінде коронавирус жұқтырғандармен мыңнан астам адам байланыста болған
Атырау облысы Теңіз мұнай-газ кенішінде коронавирус жұқтырғандар 71 адамға жетті. Бұл туралы Атырау облысында төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі шұғыл штаб хабарлады. Ресми мәлімет бойынша, коронавирус жұқтырған жұмысшылармен 1500-ден астам адам араласқан.
Штабтың хабарлауынша, кенішті игеріп жатқан "Теңізшевройл" компаниясы 16 сәуірден бастап жергілікті билікпен бірігіп, жұмысшыларды қауіпсіз жаққа көшіре бастаған. Кеніштен шамамен 17 мың қызметкер әкетіледі деп айтылады. Олардың 6 мыңы Атырау облысында тұрады. 2,5 мыңнан астамы - Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облысының тұрғындары. Қалғаны Қазақстанның басқа аймақтарынан келген.
Ресми ақпарат бойынша, қазір 10 мыңнан астам қызметкер эвакуацияланған: шамамен 4 мыңы - ұшақпен, 3 мыңы - пойызбен, 3 мыңнан астамы автобуспен әкетілген. Қалған қызметкерлер 5 мамырға дейін эвакуацияланады дейді штаб өкілдері.
Бұған дейін "Теңізшевройл" компаниясы Теңіз кенішінде кезең-кезең бойынша жұмыс қарқынын бәсеңдетіп, қызметкерлердің санын қысқартатынын хабарлаған. Компанияның қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Ырзабек Артығалиев бұл шараны мұнай нарығындағы ахуал емес, коронавирус індетімен байланыстырған.
Тәжікстан билігі елде коронавирус барын мойындады
Коронавирус індетіне байланысты құрылған Тәжікстанның мемлекеттік комиссиясы елде коронавирус жұққан кемінде 15 адам бар деп мәлімдеді. Бұл туралы Азаттықтың Тәжік қызметі хабарлады. Мемлекеттік комиссияға премьер-министр Кохир Расулзода жетекшілік етеді.
COVID-19 індеті шыққан Қытаймен шекаралас Тәжікстан басшылығы эпидемия басталған уақыттан бері алғаш рет коронавирус барын мойындап отыр. Бұған дейін елде ресми түрде коронавирус табылмаған. Дегенмен елде аурухана қызметкерлері мен басқа да адамдардың түсініксіз пневмония мен тыныс жолдарының ауруларынан көз жұмып жатқаны туралы хабар жиі тарай бастаған.
Өткен аптада халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымы коронавирустың барын жоққа шығарып отырған Түркіменстан мен Тәжікстан билігі осылайша азаматтарының өміріне қауіп төндіріп отыр деп мәлімдеген.
Оқи отырыңыз: Тәжікстан билігі "әлі табылмаған" вируспен күресіп жатыр
Елде тағы 83 адамнан коронавирус табылды. Алматыда науқастар мыңнан асты
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 30 сәуір кешкі сағат 17.30-да коронавирус инфекциясы тағы 83 адамнан табылғанын хабарлады. Нұр-Сұлтан қаласында - 8, Алматы қаласында - 40, Алматы облысында - 3, Ақтөбе облысында - 27, Павлодар облысында - 1, Жамбыл облысында 4 адамға вирус жұққаны анықталған.
Қазақстанда барлығы 3356 адамға вирус жұққан. 858 адам жазылған. 25 адам қайтыс болған.
Коронавирус жұқтырған 3356 адам мына аймақта:
- Алматы қаласы – 1028
- Нұр-Сұлтан қаласы – 639
- Қызылорда облысы – 198
- Шымкент қаласы – 192
- Қарағанды облысы – 149
- Атырау облысы – 135
- Батыс Қазақстан облысы – 146
- Түркістан облысы – 124
- Павлодар облысы – 129
- Алматы облысы – 138
- Жамбыл облысы – 123
- Ақмола облысы – 99
- Ақтөбе облысы – 109
- Қостанай облысы – 49
- Маңғыстау облысы – 48
- Солтүстік Қазақстан облысы – 30
- Шығыс Қазақстан облысы – 20
Астанада емделіп жатқан 150 медицина қызметкерінің 30 пайызына вирус жұмыста жұққан
Нұр-Сұлтанда коронавирус жұққан 150 медицина қызметкерінің 30 пайызына вирус жұмыста жұққан. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Сәуле Қисықова хабарлады. Оның айтуынша, дәрігерлердің басым бөлігіне вирус туыстарынан немесе көршілерінен жұғуы мүмкін. Арнайы құрылған комиссия фактілерді зерттеп жатыр.
"Бұлар - коронавирус инфекциясы табылған науқастарды емдейтін стационар қызметкерлері. Қаланың кез келген тұрғыны сияқты оларға да вирус отбасы мүшелерінен немесе көршілерінен жұғуы мүмкін және ондай жағдайлар да кездеседі. Біз мұны жоққа шығармаймыз" деді Сәуле Қисықова.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлердің жалақысына 250-850 мың теңге аралығында үстеме ақы қосылатынын, кәсіби міндетін атқару кезінде коронавирус жұққан дәрігерлерге 2 млн теңге көлемінде сақтандыру төлемі берілетінін айтқан.
Сәуле Қисықованың айтуынша, қалада 1893 медицина қызметкерінің жалақысына наурыз айы үшін үстемақы қосылған.
Вирус жұқтырғандар саны жағынан Нұр-Сұлтан республика бойынша Алматыдан кейін екінші орында тұр. Соңғы мәлімет бойынша, мұнда 639 адамнан коронавирус табылған. 36 пайызы (229) жазылып, 14 күндік карантинге үйлеріне жіберілген. Жазылғандар арасында 97 жастағы тұрғын да бар.
Қазақстанда барлығы 3356 адамнан коронавирус табылған. 858 адам жазылған, 25 адам қайтыс болған.