5 мамырда 156 адамнан вирус табылды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 5 мамыр 22.50-дегі мәліметі бойынша, елде тағы 26 адамға коронавирус жұқтырды: Алматы қаласы - 16, Алматы облысы - 3, Атырау облысы - 3, Жамбыл облысы - 1, Қарағанды облысы - 1, Қызылорда облысы - 1, Батыс Қазақстан облысы - 1 адам.
Елде коронавирус 4205 адамнан (сейсенбіде 156 дертке шалдықты) анықталды. 1279 адам (сейсенбіде 106 адам жазылды) дерттен айықты. 29 адам қайтыс болды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 310 мыңнан астам адам анализ тапсырған. Министрлік мамырдың соңына дейін 5300 адамға вирус жұғады деп болжайды.
Елде коронавирус тарауына байланысты 11 мамырға дейін төтенше жағдай және карантин жарияланған.
Вирус жұқтырғандар 4205 адам мына аймақтарда:
- Алматы қаласы – 1372
- Нұр-Сұлтан қаласы – 732
- Қызылорда облысы – 217
- Шымкент қаласы – 216
- Атырау облысы – 209
- Батыс Қазақстан облысы – 199
- Қарағанды облысы – 168
- Ақтөбе облысы – 163
- Алматы облысы – 163
- Жамбыл облысы – 160
- Түркістан облысы – 155
- Павлодар облысы – 152
- Ақмола облысы – 101
- Қостанай облысы – 53
- Маңғыстау облысы – 85
- Солтүстік Қазақстан облысы – 30
- Шығыс Қазақстан облысы – 30
Covid-19 індетінен өлгендер саны бойынша Ұлыбритания Италиядан асып түсті
Ұлыбританияда COVID-19 кесірінен 29420 адам өлді. Бұл көрсеткіш бойынша, Ұлыбритания осы індет Еуропада алғаш жайылған ел – Италиядан да асып түсті. Италияда 29315 адам өлген. Британдық BBC коронавирус індеті Италиядан гөрі Ұлыбританияда "жылдам" тарағанына назар аударған.
Ұлыбритания сыртқы істер министрі Доминик Рааб коронавирустың нақты салдарын індет аяқталғаннан кейін ғана көруге болатынын айтты.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметіне қарағанда, әлемде коронавирус індетінен өлгендердің жалпы саны 250 мыңнан асқан. Кейінгі күндері анықталғандай, Еуропада коронавирус жұқтырғандар қазір айтылып жүргендегіден бір ай бұрын пайда болған. Франция дәрігерлері коронавирус жұқтырды деген күдікке алғаш іліккендердің бірінен 2019 жылдың желтоқсанының соңында алынған анализді қайта зерттегеннен кейін осындай қорытынды шығарды.
Соңғы күндері шектеулер мен оқшаулану талаптарын жұмсарта бастағаны жайлы хабарланған мемлекеттер арасында Үндістан да бар. Бұл елде де COVID-19 жұқтырғандар мен өлгендер өте көп.
Қазақстанда тағы 72 адамның вирус жұқтырғаны анықталды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 6 мамыр, таңертегі сағат 9.20-дағы мәліметіне сай, елде тағы 72 адамнан коронавирус анықталған: Алматы қаласы - 20,
Маңғыстау облысы - 3, Атырау облысы - 14, Батыс Қазақстан облысы - 4, Қызылорда облысы - 1, Нұр-Сұлтан қаласы - 22, Ақтөбе облысы - 5, Жамбыл облысы - 2,
Қарағанды облысы - 1.
Қазақстан бойынша вирус жұқтырғандар 4277 адамға жетті. 1279 науқас дерттен жазылып, 29 адам қайтыс болды.
Қырғызстанда коронавирустан қайтыс болғандар 12 адамға жетті
Қырғызстанда коронавирус жұқтырған 67 жастағы әйел сәрсенбіге қараған түні республикалық инфекциялық ауруханада қайтыс болды деп хабарлады осы елдің денсаулық сақтау министрінің орынбасары Нурболот Усенбаев. Оның сөзінше, ол әйел бірнеше дертпен ауырған.
"Бұл кісіде екі жақты пневмония, мидың қабынуы, ағзада заттың жетіспеушілігі, бауыр циррозы және экссудативті плеврит сияқты бірнеше ауру болған» деді ол.
Шенеуніктің сөзінше, науқасқа ем алып жатқан ауруханада коронавирус жұққан.
Қырғызстанда COVID-19 салдарынан қайтыс болғандар саны 12 адамға жетті. Елде коронавирус жұқтырғандардың жиынтығы 871 адам, 614 адам дерттен жазылған.