COVID-19 жұқтырғандар 21 адамға артты
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 4298 адамға таяды. Бұл туралы 6 мамырда сағат 12:20 кезінде денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Вирус жұқтырған 21 адам мына аймақтарда анықталған:
- Қызылорда облысы - 4,
- Қостанай облысы - 1,
- Маңғыстау облысы - 2,
- Шымкент қаласы - 6,
- Атырау облысы - 3,
- Батыс Қазақстан облысы - 5.
Қазақстан барлығы 1299 науқас дерттен жазылып, 29 адам қайтыс болды.
Министрлік: Елде вирус жұқтырған 25 адамның жағдайы ауыр
Қазақстанда COVID-19 дертіне шалдыққан 25 адамның жағдайы ауыр, олардың алтауының халі тым ауыр. Вирус жұқтырғандардың 85 пайызында симптом аз не байқалмайды. Бұл туралы 6 мамырдағы брифингте тауарлардың және қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев хабарлады.
Сұлтанғазиевтің сөзінше, кейінгі бір аптада елде инфекция тарауы тұрақталған, вирус жұқтырғандар саны 7 пайыздан төмен. 3-5 мамыр арасында вирус тарауы 4 пайызды құраған.
Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі кейінгі күндері коронавирус тесті өскені, қазір күніне 12 мың анализ алынып жатқанын мәлімдеді. Министрлік айдың соңына таман күніне 25 мың адамнан анализ алуды жоспарлайды.
6 мамыр 15.00-дегі ресми мәліметке сай, Қазақстанда 4298 адамнан коронавирус табылған. 1299 адам дерттен айықты. 29 адам қайтыс болды.
Денсаулық сақтау министрлігі мамырдың соңына дейін 5300 адамға вирус жұғады деп болжайды. Елде коронавирус тарауына байланысты 11 мамырға дейін төтенше жағдай және карантин жарияланған.
Алматыда тағы бір адам коронавирус инфекциясынан қайтыс болды
Алматы қаласында коронавирус инфекциясынан бір адам қайтыс болды. Бұл ақпаратты бүгін сағат 16:00-де денсаулық сақтау министрлігі таратты.
Министрліктің хабарлауынша, қайтыс болған адам 1952 жылы дүниеге келген. Қазақстанда барлығы 30 адам коронавирус инфекциясынан қайтыс болды.
6 мамыр 18.00-ге дейінгі мәліметке сай, Қазақстанда 108 науқас дерттен айықты. 139 адамнан вирус табылды. Қазір елде барлығы 4344 адамға вирус жұқты. 1387 адам COVID-19 дертінен жазылды.
Денсаулық сақтау министрлігі бұған дейін COVID-19 дертіне шалдыққан 25 адамның жағдайы ауыр, алтауының халі тым ауыр екенін, вирус жұқтырғандардың 85 пайызында симптом аз не байқалмайтынын хабарлаған.
- Авторы: Жаңагүл ЖҮРСІН
Ақтөбеде билік карантинге жабылатын подъезді шатастырып алған
Ақтөбенің «Батыс-2» ауданындағы бес қабатты үйді карантинге жапқан кезде билік подьездерді шатастырып алған. Осылайша ондаған отбасы екі тәулік бойы карантинде қамалып отырғанын айтады.
Кондоминиум өкілі Шара Қанымқұлдың сөзінше, «Батыс-2» ауданындағы подьезд карантинге 2 мамыр күні жабылған, ал тұрғындар екі күн бойы биліктен карантинге қатысты жауап ала алмаған.
- Індет шықты деген соң жұрт жылап-еңіреп жан-жаққа звондады. Нұсқау берген кім, подьезді жапқан кім екенін ешкім білмейді. Бір-біріне сілтейді. Сөйтсек, коронавирус бізге қарсы беттегі подьезден шыққан екен. Жұрт бостан-босқа екі күн қамалып отырды, - дейді Шара Қанымқұл.
Ақтөбе облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті карантинге жабылған подъездің шатасқанын растап, «бұл – полицияның қателігі» деп отыр. Ал Ақтөбе облыстық полиция департаменті Азаттыққа «қателік қай тараптан кеткені тексеріліп жатыр» деп хабарлады.
Ақтөбе облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы Нұрсұлу Беркімбаева қателік бірер сағатта жойылып, тұрғыны коронавирус жұқтырған подьезд залалсыздандырылғанын айтады. Бірақ тұрғындар бұл сөзді жоққа шығарып «подъезіміз екі тәулік бойы жабық тұрды» дейді.
Ресми дерек бойынша, Ақтөбеде тұрғындары коронавирус жұқтырған 50 подьезд, 22 жеке үй карантинге жабылған. Ақтөбе облысында 6 мамырдағы дерек бойынша, 168 адамға вирус жұғып, 34 адам дерттен айықты.