Қазақстандағы коронавирус бойынша қазіргі жағдайға шолу
Егер Азаттықтың жазбаша LIVE парақшасына енді ғана кірсеңіз, сәрсенбі, 6 мамырдағы күнгі Қазақстандағы жағдайды қысқа-нұсқа шолып шығыңыз:
- 6 мамырда Қазақстанда 217 адамнан коронавирус табылды. 129 адам дерттен айықты. Алматыда бір адам қайтыс болды.
- Қазақстанда 6 мамырдағы дерекке сай, 4422 адамнан коронавирус табылды. 1408 адам дерттен айықты. Барлығы 30 адам қайтыс болды.
- Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда COVID-19 дертіне шалдыққан 25 адамның жағдайы ауыр, олардың алтауының халі тым ауыр. Вирус жұқтырғандардың 85 пайызында симптом аз не байқалмайды.
- Тауарлардың және қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиевтің мәліметінше, кейінгі бір аптада елде инфекция тарауы тұрақталған, вирус жұқтырғандар саны 7 пайыздан төмен. 3-5 мамыр арасында вирус тарауы 4 пайызды құраған.
- Денсаулық сақтау министрлігінің кейінгі күндері коронавирус тесті өскенін, қазір күніне 12 мың анализ алынып жатқанын мәлімдеді. Министрлік айдың соңына таман күніне 25 мың адамнан анализ алуды жоспарлайды.
- Министрлік елде пойызбен жолаушылар тасымалы әлі басталмайтынын, мейрамханалар ашылмайтынын айтты.
- Нұр-Сұлтанда бір отбасының алты адамы – ерлі-зайыпты екі баласымен және қарт әке-шешесіне вирус жұққаны хабарланды.
- Атыраудағы Теңіз кенішінде 148 жұмысшы коронавирус жұқтырған. Кеніште карантин жарияланды.
CDC Орталық Азия елдерін халықты жаппай коронавирус тестінен өткізуге шақырды
АҚШ-тың ауруды бақылау және алдын алу орталығы (Center for Disease Control and Prevention, CDC) Орталық Азия елдерін халықты жаппай коронавирус тестінен өткізуге шақырды. CDC Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Дэниел Сингер 6 мамыр күнгі телефон брифинг кезінде жаппай тестілеу өткізу арқылы ғана аурудың қаншалықты кең тарағанын көруге болады, сонымен бірге індет ошақтарын анықтауға болады деді.
Сингердің айтуынша, CDC Қазақстанның денсаулық сақтау саласы мен тұрғындарды тестілеуден өткізуге 1,68 миллион доллар қаражат бөлген. Ұйымның айтуынша, бұл қаражат зертхана жабдықтары мен құралдарын сатып алуға, атап айтқанда ПЦР-анализ, денсаулық сақтау саласы мамандарын тренингтен өткізу және техникалық көмек көрсетуге жұмсалмақ.
Дэниел Сингердің сөзіне қарағанда, ұйымның Орталық Азия аймағына 6,8 млн доллар көлемінде кешенді көмек беру жоспары аясында Қазақстанға қаржылай көмек көрсетіліп отыр.
6 мамыр күнгі мәлімет бойынша, Қазақстанда 4432 адамнан коронавирус табылған, 30 адам қайтыс болған. Әлемде вирус жұқтырғандар 3,7 млн адамға жеткен. АҚШ-та 1,2 млн адамнан коронавирус табылған.
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 4502 адам болды
Денсаулық сақтау министрлігі 7 мамыр таңертеңгі сағат 9:25-те тағы 80 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Атырау облысында - 11, Қостанай облысында - 4, Батыс Қазақстан облысында - 2, Нұр-Сұлтан қаласында - 25, Алматы қаласында - 28, Маңғыстау облысында - 9, Қызылорда облысында 1 адамға вирус жұққан.
Елде вирус жұқтырғандар 4502 адам болды. Барлығы 1408 адам коронавирус инфекциясынан жазылып, 30 адам қайтыс болды.
Ресейдің мәдениет министріне коронавирус жұққан
Ресейдің мәдениет министрі Ольга Любимова коронавирусқа тест тапсырып, министрден вирус бары анықталды. Бұл туралы министрдің баспасөз хатшысына сілтеме жасаған "РИА Новости" агенттігі хабарлады.
Баспасөз хатшысының сөзіне қарағанда "ауру жеңіл өтіп жатыр, сондықтан ауруханаға жатқызу мәселесі туындап отырған жоқ". Любимованың қанша рет тест тапсырғаны белгісіз. Ол әзірге қашықтан жұмыс істеп жатыр.
39 жастағы Любимова қаңтар айында мәдениет министрі болып тағайындалған, оған дейін кино дамыту ісімен шұғылданған, оның алдында Бірінші арнада істеген.
Любимова - Ресей үкіметі мүшелері арасында коронавирус табылған үшінші шенеунік. Бұған дейін премьер-министр Михаил Мишустиннен коронавирус табылып, уақытша демалыс алған. Құрылыс министрі Владимир Якушевке де вирус жұққаны анықталған еді.
Эпидемия тарағалы бері Ресейде 165 929 адамнан коронавирус табылған. Егер індет әрі қарай да осындай қарқынмен жайылса, Ресей бейсенбі күні Германияны қуып жетіп, коронавирус көп табылған әлемдегі алғашы бес елдің қатарына кіреді.