Қазақстанда тағы 7 адамнан коронавирус табылды
Жамбыл облысында - 1, Батыс Қазақстан облысында - 3, Қостанай облысында - 1, Түркістан облысында - 1, Шымкент қаласында 1 адамға вирус жұққан. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі 7 мамыр түсте хабарлады.
Елде вирус жұқтырғандар 4509 адамға жетті. 1408 адам жазылған, 30 адам қайтыс болған.
Ресей вирус жұқтырғандар саны жағынан әлемде бесінші орынға шықты
Ресейде соңғы бір күнде 11 231 адамнан коронавирус табылды, 86 адам қайтыс болды. Бұл туралы коронавируспен күрес жөніндегі жедел штаб хабарлады. Эпидемия басталғалы бері коронавирус жұқтырғандар 180 мың адамға жетті. 1625 науқас қайтыс болды. Осылайша Ресей вирус жұқтырғандар саны жағынан Германия мен Францияны қуып жетіп, әлем бойынша бесінші орынға шықты.
Роспотребнадзор мәліметінше, бұған дейін 170 мыңнан астам тест жүргізілген. 230 мыңнан астам адам дәрігерлер бақылауында.
11 мамырдан кейін Ресейде жұмыссыз апта режимі аяқталуы тиіс. Роспотребнадзор эпидемияға байланысты енгізілген шектеу шараларын үш кезең бойынша алып тастайтынын мәлімдеген. Карантин шараларын жұмсарту туралы шешімді аймақ басшылары қабылдайды.
Мәскеу мэрі Сергей Собянин қалада 11 мамырдан кейін де оқшаулау режимі күшінде қалады деп мәлімдеді. Яғни, Мәскеу тұрғындары келесі аптада да таза ауада серуендеп, спортпен айналыса алмайды. Бірақ өнеркәсіп пен құрылыс компанияларының жұмысқа оралуына рұқсат етілген. Қызмет көрсету саласында істейтін кәсіпорындар жабық болады.
Мәскеуде эпидемия басталғалы бері 92 мыңнан астам адам коронавирус анықталған. 900-ден астам адам қайтыс болған.
CDC өкілі: Коронавирус Алматыдағы зертханадан тараған жоқ
Коронавирустың жаңа түрі Алматыдағы жұқпалы аурулар зертханасынан тараған жоқ. Бұл туралы АҚШ-тың ауруды бақылау және алдын алу орталығының (Center for Disease Control and Prevention, CDC) өкілі айтты. CDC Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Дэниел Сингер 6 мамыр күнгі телефон брифинг кезінде қытайлық сайттардың бірінде жарияланған "вирус Қазақстандағы "америкалық зертханада" дайындалып, Қытайға жеткізілген болуы ықтимал" деген тұжырымды жоққа шығарды.
"Вирус шығару үшін зертханаға озық технология төртінші деңгейдегі қауіпсіздік керек. Менің ойымша, Алматыдағы зертхана үшінші деңгейдегі қауіпсіздікке ие. Сондықтан бұл зертхананың мұндай вирус шығаруға қуаты жетеді дегенге сенбеймін" деді Дэниел Сингер.
Ол сонымен бірге зертхананың АҚШ-қа тиесілі емес екенін де айтты. Оның айтуынша, АҚШ үкіметі бұл мекемені құру кезінде қаржыландырған. CDC жабдықтармен қамтамасыз етіп, қызметкерлерін оқытқан. Бірақ зертханада бір де бір АҚШ азаматы істемейді.
"Коронавирустың жаңа түрі Алматыдағы зертханадан тарады" деген болжамды қытайлық Sohu.com сайты жариялаған. Бұл ақпараттық сайт емес және онда шыққан мәлімет Қытай билігінің ресми көзқарасын білдірмейді.
Бұған дейін Sohu.com платформасында “Қазақстан неге Қытайға оралуды қалайды?” деген мақала басылып, Қазақстан жағы Пекинге қарсылық нотасын жіберген. Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо мақаланы "қаскөйлер" жазды деп сынап, “кімнің мүддесі үшін жасалғанын анықтау керек” деген.
Sohu.com интернет платформасында жарияланып, кейін ашылмай қалған мақалада “Тарихта Қазақстан Қытайдың аумағына тиесілі болған, Қазақстан Цин империясының вассалы еді” деген жолдар болған еді.
Оқи отырыңыз: "Қазақстан Қытайға тиесілі" деген сипаттағы мақала наразылық нотасына түрткі болды
АҚШ билігі коронавирустың жаңа түрі Қытайдың Ухань қаласындағы зертханадан кездейсоқ тараған болуы мүмкін деп болжайды. Пекин мұны жоққа шығарады.
Қазақстанда вирус жұқтырғандар 21 адамға көбейді
Денсаулық сақтау министрлігі 7 мамыр кешкі сағат 17:25-те тағы 21 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Алматы қаласында - 5, Нұр-Сұлтан қаласында - 12, Батыс Қазақстан облысында - 2, Түркістан облысында 2 адамға вирус жұққан.
Елде вирус жұқтырғандар 4530 адам болды. Барлығы 1470 адам коронавирус инфекциясынан жазылып, 30 адам қайтыс болды.