Әлемдегі коронавирус бойынша қазіргі жағдайға шолу
Егер Азаттықтың жазбаша LIVE парақшасына енді ғана кірсеңіз, сәрсенбі, 8 мамырдағы күнгі әлемдегі жағдайды қысқа-нұсқа шолып шығыңыз.
- Ресейде алты күн қатарынан 10 мыңнан астам адамға вирус жұқты. Кейінгі 24 сағатта елде 10699 адамнан вирус табылды. Ресейде 188 мыңдай адам дертке шалдыққан. 1723 науқас қайтыс болды. Биліктің хабарлауынша, 7 мамырда елде 184 мыңдай тест алынған.
- Қазір Ресей вирус жұқтырғандар саны бойынша Германияны (170 мыңдай) артқа тастап, АҚШ (1,2 млн), Испания (221 мың), Италия (215 мың) және Ұлыбританиядан (207 мың) кейін тұр.
- Әлем елдері Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуын 75 жылда алғаш рет карантинде атап өтіп жатыр.
- Германия 16 мамырдан бастап футбол чемпионатын жалғастырмақ.
- Грузия 1 шілдеден бастап шетелдік туристерді қабылдайтынын мәлімдеді.
- Гонконгта кафелер, спорт залдар, кинотеатрлар, қоғамдық орындар ашылды. Жұрт дүйсенбі, 11 мамырдан бастап жұмысқа оралады.
- Бангладеш елі мешіттерді ашып, жұрттың жиналып намаз оқуына рұқсат етті. Бұл елде 20 мыңнан астам адамға вирус жұғып, 200-дей адам қайтыс болған.
- Пәкістанда вирус жұқтырғандар күн сайын өсіп жатса да билік карантинді жеңілдетпек. Бұл елде 25 мыңнан астам адам дертке шалдыққан. 600-дей адам қайтыс болды.
- БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерриш коронавирусқа байланысты әлемде ксенофобия мен жек көрушілік артқанын айтады. Ол әлем елдерін "ксенофобияның цунамиін тоқтату үшін күш салуға" шақырды. “Шетелдіктерге деген жаман көзқарас интернетте және көшеде артты. Мигранттар мен босқындар вирус әкелді деп айыпталып, медициналық көмектен қағылып жатыр” деді ол. Гуттериш ксенофобия нақты елдерде артқанын атамады.
Біртанов: Коронавирус тарауын толық бақылауға алдық
Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 8 мамырдағы онлайн-сұхбатта “коронавирустың тарауын толық бақылауға алдық” деп мәлімдеді.
8 мамырда елде кешке дейін 216 адамнан коронавирус табылды. Олардың басым бөлігі Алматы мен Нұр-Сұлтанда. Министр вирус жұқтырғандардың өсуін профилактикалық тексерістің көбейгенімен байланыстырады.
“Вирус жұқтырғандардың санының өсуі халық арасында профилактикалық тестің көбейгенімен байланысты. Мысалы, бүгін Алматы қаласында вирус жұқтырғандардың 90 пайызы, Нұр-Сұлтанда вирус табылғандардың 80 пайызы профилактикалық скрининг кезінде анықталды. Яғни, олардың көбі ауырмаған, симптомы жоқ” деді Біртанов мемлекеттік Хабар 24 арнасының эфирінде.
Министр қазір елде вирус жұқтырған, бірақ симтомы жоқ адамдар үйде емделіп жатқанын айтты.
Біртанов “Қазақстанда ерте төтенше жағдай жарияланбағанда 24 наурыз-ақ елде 4500 адамға вирус жұғар еді” дейді. Елде коронавирус жұқтырған алғашқы адамдар 13 наурызда анықталған. Кейін билік 16 наурызда елде төтенше жағдай жариялап, біртіндеп карантин енгізе бастады.
Министрліктің есебінше, Қазақстанда 13 наурыздан бері 320 мың тест алынған мамырдың соңына таман күніне 25 мың тест алу көзделген. Ведомство алдағы уақытта Қазақстанда вирус жұқтырғандардан гөрі дерттен айыққандар көп болады деп үміттенеді.
Наурызда Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі мамырдың соңына дейін елде 3500 адамға вирус жұғады деп болжаған. Кейін бұл есепті өзгертіп, 4 мыңнан астам адам дертке шалдығады деген. Бірақ министрлік өз болжамын үшінші рет өзгертіп, мамырдың соңына дейін 5300 адамға вирус жұғады деп отыр.
Қазақстанда 11 мамырда коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай аяқталуы тиіс. Бірақ Біртанов елде карантин шаралары біртіндеп алынатынын айтады.
8 мамыр 17.00-дегі мәліметке сай, Қазақстанда 4794 адамнан вирус табылды. 1582 адам дерттен айықты (жұмада 64 адам жазылды). 31 адам қайтыс болды.
Елде вирус жұқтырғандар 4800-ден асты
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 8 мамыр 22.30-дағы мәліметіне сай, елде тағы 40 адамнан коронавирус табылды. Олардың басым бөлігі Алматы қаласы (20) мен Шығыс Қазақстан облысында (10). Атырау облысында - үш, Нұр-Сұлтан қаласы мен Павлодар облысында екі-екіден, Алматы облысы, БҚО мен Жамбыл облысында бір адамға вирус жұқты.
8 мамырда Қазақстанда 256 адамға вирус анықталды. 113 адам дерттен айықты. Бір адам көз жұмды.
Қазір елде барлығы 4834 адамға вирус жұқтырды. 1631 адам аурудан жазылды. 31 адам қайтыс болды.
Минскіде "Мәңгілік полк" шеруін өткізуге тыйым салды
Минскінің қалалық атқару комитеті үш қоғамдық ұйымға 9 мамырда "Мәңгілік полк" шеруін өткізуге рұқсат бермеді. Комитет өкілдері шешімді коронавирусқа байланысты профилактикалық шаралармен байланыстырған. Беларусьтің Tut.by басылымы шенеуніктердің қоғамдық ұйымға жіберген жауабын жариялады.
5 мыңға жуық адам қатысады деп жоспарланған акцияны үш қоғамдық ұйым өткізбек болған. Минкінің қалалық атқару комитетінің түсіндіруінше, эпидемиологиялық ахуалға байланысты қалада шеру өткізуге болмайды. Комитет өкілдері рұқсат етілмеген акция өткізетіндердің әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін екенін де ескерткен.
Дегенмен 9 мамырда Минскіде әскери парад өтеді, кешкісін Жеңіс алаңында концерт болады. Алайда Беларусь билігі вирус жұқтырғандар саны артса да елде карантин жариялаудан бас тартып отыр.
Президент Александр Лукашенко бұған дейін "Мәңгілік полк" акциясын өткізуге қарсы екенін айтқан. Ол 2019 жылы "Біз неге "Беларусь есінде" ("Беларусь помнит") шеруін ысырып, "Мәңгілік полкке" ұмтылуымыз керек?" деген еді.
2018 жылы Минск билігі "Мәңгілік полк" шеруін өткізуге өтініш бергендерге "Беларусь есінде" акциясына қосылуға шақырған. Бірақ ақыры шеру өткізуге рұқсат берген.
Ресми мәлімет бойынша, Беларусьте 21 мыңнан астам адамнан коронавирус табылған. 121 адам қайтыс болған.