Сәуір айында АҚШ экономикасында 20,5 млн жұмыс орны қысқарған
Сәуір айында коронавирус індеті өрістеген шақта АҚШ-тың экономика саласында 20,5 млн жұмыс орны қысқарған. Бұл соңғы 90 жыл ішіндегі ең нашар көрсеткіш.
Елде жұмыссыздық деңгейі 14,7 пайызға артқан. Reuters агенттігінің жазуынша, бұл Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған кезеңнен бергі ең төмен көрсеткіш. Сәуір айына дейін ең нашар көрсеткіш 1982 жылы қараша айында жұмыссыздық деңгейі 10,8 пайызға жеткен кезде болған.
2020 жылы АҚШ-та президент сайлауы өтеді. Reuters-дің жазуынша, экономикалық дағдарыс Дональд Трампқа президент ретінде екінші мерзімге сайлануына кедергі жасауы мүмкін.
Соңғы мәлімет бойынша, АҚШ-та 1 млн 290 мыңнан астам адамнан коронавирус табылған. 76 537 адам қайтыс болған. Ақ үй өкілдері жиі сілтеме жасайтын Вашингтон университетінің модельдеу жүйесі тамыз айында адам өлімі 134 мыңға дейін жетуі мүмкін екенін көрсеткен.
Қазақстанда тағы 88 адамнан коронавирус табылды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 9 мамыр түскі сағат 12.25-те тағы 88 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Нұр-Сұлтан қаласында - 41, Алматы қаласында - 22, Атырау облысында - 18, Түркістан облысында - 3, Маңғыстау облысында 4 адамға вирус жұққан.
Елде вирус жұқтырғандар 4922 адамға жетті. 1631 адам жазылған. 31 адам қайтыс болған.
Қарай отырыңыз: Қазақстанның коронавирус картасы
8 мамырда “коронавирустың тарауын толық бақылауға алдық” деп мәлімдеген денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов вирус жұқтырғандардың өсуін профилактикалық тексерістің көбейгенімен байланыстырған.
Министрліктің есебінше, Қазақстанда 13 наурыздан бері 320 мың тест алынған, мамырдың соңына таман күніне 25 мың тест алу жоспарда бар.
Министрлік мамырдың соңына дейін 5300 адамға вирус жұғады деп болжайды.
Қазақстанда 11 мамырда коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай аяқталуы тиіс. Бірақ Біртанов елде карантин шаралары біртіндеп алынатынын айтады.
ХВҚ Қырғызстанға пандемиямен күрес үшін қосымша қаржылай көмек береді
Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) COVID-19 пандемиясымен күрес үшін Қырғызстанға 121,1 млн доллар көлемінде қосымша қаржылай көмек береді. Ұйымның атқару комитеті 8 мамырда Бішкекке қаржы бөлуді мақұлдаған.
Қаржылай көмек 6 миллионнан астам халқы бар Қырғызстанның денсаулық сақтау саласы мен экономикасын қолдауға жұмсалады.
"Індеттің жайылуы макроэкономикалық көрсеткіштерді төмендетіп, шамамен 500 млн доллар көлемінде баланс тапшылығын туғызды" деді ұйым. Халықаралық несие беруші ұйым сонымен бірге жағдайдың бұрын-соңды болмаған деңгейде бұлыңғыр екенін айтты.
ХВҚ пандемия кезінде Бішкекке алғаш рет көмек беріп отырған жоқ. Наурыз айының соңында ұйымның атқару кеңесі Қырғызстан үкіметіне 120,9 млн доллар қаржылай көмек беруді мақұлдаған. 6 сәуірде шұғыл қаржыландыру көлемін екі есеге арттырған. Ұйымның атқарушы директоры Тао Чжан "қосымша қаржылай көмек" баланс тапшылығын жою үшін қажет деп мәлімдеді.
Ал Бішкек несиені тиімді пайдалану үшін мемлекеттік сатып алу ережелерін қатайтуға уәде берген.
24 наурызда Қырғызстанда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режимі енгізілген. Соңғы мәлімет бойынша, мұнда 931 адамнан коронавирус табылған. 658 адам жазылған. 12 адам қайтыс болған.
Ресейде шамамен 200 мыңнан астам адамға коронавирус жұққан
Ресейде коронавирус жұқтырғандар 200 мыңға жуықтады. Бұл туралы коронавируспен күрес жөніндегі жедел штаб хабарлады.
Штабтың 9 мамыр күнгі ақпараты бойынша, Ресейде бір күнде 10 817 адамнан коронавирус табылған. 5667-сі - Мәскеуден. Барлығы 198 676 адамға вирус жұққан. 31 916 адам жазылған.
Вирус жұқтырғандардың басым бөлігі Мәскеу мен Мәскеу облысында (123 614) тұрады. Қала мэрі Сергей Собяниннің пікірінше, қалада 300 мың адамға вирус жұққан болуы мүмкін.
Эпидемия тарағалы бері 1827 адам қайтыс болған.
Ресей вирус жұқтырғандар саны бойынша әлемде АҚШ, Испания, Италия, Ұлыбританиядан кейін бесінші орында тұр.