Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

16:51 9.5.2020

Минскіде Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 75 жыл толуына орай парад өтті

Минскідегі әскери парад. 9 мамыр 2020 жыл.
Минскідегі әскери парад. 9 мамыр 2020 жыл.

9 мамырда Минск орталығында Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 75 жыл толуына орай әскери парад өтті. Беларусь астанасында сенбі күні түрлі мерекелік шаралар жоспарланған.

Мұнда пандемияға қарамастан жүздеген, бірнеше мың адам қатысқан қоғамдық шаралар өтіп жатыр, оппозиция билікті халықтың денсаулығына немқұрайлы қарады деп айыптады.

Беларусьте ресми түрде 21 101 адамнан коронавирус табылған. 121 адам қайтыс болған. 5484 адам жазылған. Кейбір сарапшылар ресми орындар статистиканы төмендетіп көрсетті деп айыптады. Елде коронавирусқа байланысты карантиндік шаралар енгізілмеген, билік маска мен респираторлар жетіспейтінін мойындаған.

Минскіде сенбі күнгі парадқа шамамен 3 мың сарбаз және 150-ден астам техника қатысқан. Ондаған мың адам парадты тамашалауға келген. Минскіден бөлек өзге қалаларда да мерекелік шаралар өтті.

Халық алдында сөйлеген президент Александр Лукашенко парад бұл мемлекеттің күшін көрсететін шара емес - тарихтағы ерлік оқиғаларды есте сақтау үшін қажет деді.

"Мынадай шым-шытырық әлемде осындай киелі шараны өткізгеніміз үшін бізді айыптайтындар табылады. Оларға адам сияқты айтқым келеді: қорытынды жасауға асықпаңыздар, бізді - Жеңіс мұрагерлерін, беларусьтерді айыптауға асықпаңыздар. Бізде басқа жол болмады. Болған күннің өзінде де осылай жасар едік" деді Лукашенко. Президенттің сөзінен «Белорусский партизан» басылымы үзінді келтірді.

  • Беларусь парламентінің төменгі палатасы жақында президент сайлауын 9 тамызға белгілеген.
  • Ресейде Жеңістің 75 жылдығына арналған қоғамдық шара кейінге шегерілген. Ірі қалаларда әуе парадтары өтті.
  • Қазақстанда 16 наурыздан бастап коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланған, қоғамдық шара өткізуге тыйым салынған.
17:46 9.5.2020

Қазақстанда вирус жұқтырғандар 24 адамға көбейді

Жедел жәрдем қызметі көлігі. Көрнекі сурет.
Жедел жәрдем қызметі көлігі. Көрнекі сурет.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 9 мамыр кешкі сағат 18.40-та тағы 24 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Нұр-Сұлтан қаласында - 1, Шымкент қаласында - 3, Батыс Қазақстан облысында - 6, Қарағанды облысында - 2, Атырау облысында - 5, Шығыс Қазақстан облысында - 5, Түркістан облысында 2 адамға вирус жұққан.

Елде вирус жұқтырғандар 4946 адамға жетті. 1740 адам жазылған. 31 адам қайтыс болған.

8 мамырда “коронавирустың тарауын толық бақылауға алдық” деп мәлімдеген денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов вирус жұқтырғандардың өсуін профилактикалық тексерістің көбейгенімен байланыстырған.

Министрлік мамырдың соңына дейін 5300 адамға вирус жұғады деп болжайды.

Қазақстанда 11 мамырда коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай аяқталуы тиіс. Бірақ Біртанов елде карантин шаралары біртіндеп алынатынын айтады.

21:26 9.5.2020

Сеул билігі вирус жұққандар қайта көбейе бастаған соң клубтар мен барларды жапты

Сеулдегі көшелердің бірі. 6 мамыр 2020 жыл.
Сеулдегі көшелердің бірі. 6 мамыр 2020 жыл.

Сеул билігі коронавирус жұққандар саны қайта көбейе бастаған соң қала орталығындағы клубтар мен барларды жапты. Бұл туралы Yonhap агенттігі хабарлады. Сәуір айының соңында Оңтүстік Кореяда карантин шаралары жұмсарған болатын, алайда қалада індет қайта тарай бастаған.

Сенбі, 9 мамырда Оңтүстік Кореяда 18 адамнан коронавирус табылған. Билік өкілдерінің айтуынша, Сеулдегі түнгі клубқа барған 17 адамнан вирус анықталған. Бұл түнгі клубта 1,5 мың адам болған.

Оңтүстік Корея - коронавирус індеті тараған әлемдегі алғашқы елдердің бірі. 51,6 млн халқы бар елде 10 822 адамнан коронавирус табылған, 256 адам қайтыс болған.

9 мамыр күнгі ақпарат бойынша, әлемде 4 миллионға жуық адамнан коронавирус табылған.

21:45 9.5.2020

Қазақстанда вирус жұқтырғандар 4975 адамға жетті

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 9 мамыр түнгі сағат 22.30-да тағы 29 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Нұр-Сұлтан қаласында - 14, Алматы қаласында - 1, Батыс Қазақстан облысында - 13, Қарағанды облысында 1 адамға вирус жұққан.

Министрлік сенбі күні түнде сонымен бірге 26 адамның коронавирустан жазылғанын хабарлады.

Елде вирус жұқтырғандар 4975 адамға жетті. 1766 адам жазылған. 31 адам қайтыс болған.

Қазақстанда 11 мамырда коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай аяқталуы тиіс. Бірақ денсаулық сақтау министрлігі елде карантин шаралары біртіндеп алынатынын айтады.

Тағы

XS
SM
MD
LG