Коронавирустан қатты зардап шеккен елдер шектеу шараларын жеңілдету жолын білмей отыр
Коронавирустан қатты зардап шеккен Азия, Еуропа және Солтүстік Америка елдері індет қайта өршімес үшін шектеу шараларын қалай жеңілдетуді білмей отыр.
Оңтүстік Корея астанасында билік вирус жұқтырғандар саны қайта көбейе бастаған соң 9 мамырда 2100 бар мен түнгі клубты жапты. Германияда қасапханада жаңа вирус ошағы анықталған. Ал Италия билігі посткарантиндік кезеңнің алғашқы аптасында адамдар жиналып, қашықтан араласу ережесін сақтамауы мүмкін деп қауіптенеді.
АҚШ-та Ақ үйдің үш мүшесі коронавирус жұққандармен байланыста болғаннан кейін карантинге кетті. Пандемия кесірінен жұмыссыздық деңгейі 14,7 пайызға жеткен АҚШ-тың кейбір штаттары біртіндеп карантин шараларын ала бастаса да кәсіпкерлердың жағдайы әлі ауыр. Президент Дональд Трамп жұмыссыздықтың артуы азаматтардың азық-түлікке сұранысын арттырғандықтан үкімет ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып ала бастайды деп мәлімдеді.
Соңғы мәлімет бойынша, әлемде 4 млн 26 мыңнан астам адамнан коронавирус табылған. 279 мыңнан астам адам қайтыс болған. 1 млн 377 мыңнан астам адам жазылған.
Ресейде бір күнде 11 мыңнан астам адамнан коронавирус табылды
Ресейде коронавирус жұқтырғандар 210 мың адамға жетті. Эпидемия басталғалы бері екінші рет бір күнде 11 мыңнан астам адамнан коронавирус табылып отыр. Коронавируспен күрес жөніндегі шұғыл штаб 10 мамырда осындай мәлімет таратты.
5551 адам - Мәскеуде, 1100-ден астамы Мәскеу облысында тұрады. Якутиядағы "Газпром" кенішіндегі коронавирус жұққан бірнеше мың адам статистикаға енгізілмеген. Елде бір күнде 88 адам қайтыс болды, 2390 адам жазылды.
Америкалық Джон Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 4 миллионнан асқан. 277 мыңнан астам қайтыс болған. 1 млн 300 мыңнан астам адам жазылған.
Қазақстанда вирус жұқтырғандар 20 адамға көбейді
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 10 мамыр кешкі сағат 17.25-те тағы 20 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Нұр-Сұлтан қаласында - 13, Батыс Қазақстан облысында - 4, Шығыс Қазақстан облысында 3 адамға вирус жұққан.
Елде вирус жұқтырғандар 5076 адамға жетті. 1828 адам жазылған. 31 адам қайтыс болған.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елде эпидемиологиялық ахуал тұрақталды деп мәлімдеген. 9 мамырда Қазақстанда 141 адамнан коронавирус табылып, бір күнде 135 адам жазылды. Вирус жұқтырғандар саны жағынан Алматы мен Нұр-Сұлтан бұрынғыдай алдыңғы орындарда тұр.
Қарай отырыңыз: Қазақстанның коронавирус картасы
Ресей үкіметі қызметкерлерін қысқартпаған компанияларға қаржы бөлді
Ресей үкіметі коронавирус пандемиясынан зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдеріне резервтік қордан 81,1 млрд рубль көлемінде қаржы бөлді. Қаржы компанияларға субсидия ретінде беріледі. 10 мамырда министрлер кабинетінің сайтында үкімет жетекшісі міндетін уақытша атқарушы Андрей Белоусовтың бұйрығы жарияланды.
Ақпарат бойынша, қызметкерлерінің 90 пайызын сақтап қалған компаниялар ғана субсидия ала алады. Олар пандемиядан қатты зардап шекті деп танылған арнайы тізімде көрсетілген салалармен айналысқан болуы тиіс. The Bell сайтындағы ақпаратқа сәйкес, компаниялар бір қызметкер үшін 12 130 рубль (шамамен 165 доллар) көлемінде қаржы алады.
Үкімет есебінше, қаржылай көмекті 970 мыңнан астам компания пайдалана алады. Бұған дейін бизнес өкілдері үкімет көмегін пайдалану қиындығына шағымданған.